- Advertisement -

Байзақ ауданындағы іргелі істер

104

- Advertisement -

Облыс орталығымен іргелес Байзақ ауданында биыл байыпты тірліктер тындырылуда екен. Бұл туралы аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тарата айтып берді. Рахматілдә Сегізбайұлының айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары 2 миллиард 100 миллион теңгенің өнімі өндірілуіне қол жеткізген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден біршама артық.
Ауданда елімізді Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында құс өсіру кешенінің желісін кеңейту, көкөніс консервілеу цехы мен сақтау қоймасын салу секілді бірқатар бірегей жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Өңірдегі 105 гектарлық үдемелі алма бағының көлемі алдағы уақытта тағы да 50 гектарға ұлғайтылатын болады. Ал су үнемдеу технологиясы енгізілген егіс алқаптары бұрын 9004 гектар көлемінде болса, биыл оның да аумағы 1200 гектарға артқан.
Баяндамашы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға да тоқталып өтті. «Есепті кезеңде аталған сала бойынша 26 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 169 971 гектар көлемінде. Оның ішінде егістігі – 58 739, суармалысы – 29 108, көпжылдық екпе егісі – 356 000, шабындығы – 5408, жайылымы 104 008 гектарды құрайды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл егіске пайдаланылған жер көлемі 1683, 2 гектарға артып отыр.
Қазіргі таңда аудандағы 50 800 гектар жер электрондық картаға енгізілген. Яғни бұл жұмыстар 102, 2 пайызға орындалып отыр. Ауыл шаруашылығына «ақылды технологиялар» енгізу бағытындағы талпыныстар да өз жемісін беруде. Бүгінде аумағы 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжай жұмыс істеуде. Оның екеуі – өнеркәсіптік, үшеуі фермерлік үлгіде. Биыл тағы да 7 отбасылық жылыжай іске қосылды. Соның нәтижесінде аудандағы жылыжайлар аумағы 6 гектарға жеткізіліп отыр», – деді ол.
Ауыл шаруашылығын дамыту жолдарының бірі кооперативтер құру екені белгілі. Аудандағы мұндай құрылымдарға бүгінде 807 мүше біріккен. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда жеке шаруашылықтар негізінде құрылған кооперативтер саны 17-ге жетіп отыр. Олардың 11-і ет, 4-еуі сүт өндіру, 1-еуі құс және 1-еуі көкөніс өсіру бағыттарын таңдаған.
Ауылдық елді мекендерге ауызсу, газ жеткізу, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, басқа да салалар жұмыстарының тиісті деңгейде атқарылып жатқанына тоқталған баяндамашы ауданның 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылатын іс- шаралармен де таныстырып өтті.
– Бұл тұрғыда халықтың рухын көтеру, еңбеккерлерді жаңа жетістіктерге жігерлендіру, жастарға батыр бабалар мен ағалар даңқы жолын тағылым ету көзделуде, – дейді Рахматілдә Сегізбайұлы.
Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да тиісінше жауаптар қайтарылды.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support