Экономика

Педагог тердің мерейі өскен күн

Педагог тердің мерейі өскен күн

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға ерекше тоқталды. Оның ішінде білім саласындағы қаптаған реформаларды тоқтатып, жаңаша бірізділікке түсіруді тапсырды. Тағы бір тың жаңалық – келесі жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданатыны. Бұл құжаттың мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтыны анық.

Төл мерекелері қарсаңында осындай тың жаңалықты естіген жамбылдық педагогтер бір серпіліп қалған секілді. К.Әзірбаев атындағы «Баласағұн» орталық концерт залында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға жиналған ұстаздардың көңіл-күйі жоғары болды. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. – Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаз – ұлы есім. Өйткені ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі ұстаздың қолында. Сондықтан осы қасиетті мамандық иелерінің мерекесі – барша халыққа ортақ. Елбасымыз Н.Назарбаев «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деген болатын. Әлеуметтік жауапкершілігі мол осы ұлы міндетті атқару – ұстаздарға жүктелген. Сіздер тәрбиелеген шәкірттер мемлекетіміздің ертеңгі алтын діңгегі, мықты тұғыры болуы тиіс, – деген Бекболат Серікбекұлы салада еңбегі еленген бірқатар мұғалімдерді марапаттады. Осы шарада облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін Т.Рысқұлов ауданы Ақтоған орта мектебі директорының бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары Күлдаркүл Кесікбаева, Жамбыл ауданы Айша бибі атындағы орта мектебінің директоры Жарқын Қалыбаев «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ Меркі ауданы №39 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айканыс Раззакова және Тараз қаласындағы бірқатар мектептердің ұстаздары Наталья Чен, Кенже Шүлембаева, Сабира Омарова, Нұрайым Арқабаеваға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі тапсырылды. Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашыл педагогтерді анықтау мақсатында облыс әкімінің бастамасымен «Үздік педагог» сыйақысын беру конкурсының ережесі бекітілген болатын. Мереке күні осы аталым бойынша үздік деп танылған алғашқы жеңімпаздар марапатталды. Меркі ауданы «Балдәурен» балабақшасының педагогі Зауреш Қартайғанова– «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі», Айша бибі атындағы дарынды қыз-балаларға арналған мамандандырылған «Білім – Инновация» мектеп-интернатының мұғалімі Зоя Аманжолова – «Орта білім беру ұйымының үздік педагогі», Жамбыл ауданы М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің мұғалімі Сәуле Маманова – «Қосымша білім беру ұйымының үздік педагогі», облыстық саңырау және нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының педагогі Наталья Каранда – «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі», Жамбыл экономика және ақпараттық-технологиялар колледжінің оқытушысы Төлеген Ахметов – «Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымының үздік педагогі» атанып, ақшалай сыйақыға ие болды. Кәсіби мерекеге орай өткен шарада балғындар ән мен биден шашу шашып, ұстаздарына тарту жасады.

 

Камила БОРАШОВА