Экономика

«ASPARA FASHION WEEК» халықаралық көрмесі басталды

«ASPARA FASHION WEEК» халықаралық көрмесі басталды

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="87794,87795"]

Әлемдегі 19 мемлекеттің сән шеберлерінің басын қосқан «Aspara fashion weeк» халықаралық сән апталығы көрмесі басталды. 8-12 қазанға жоспарланған шараның ашылу салтанаты «Арай-Плаза» бизнес орталығында өтті. Шет мемлекеттерден келген сәнгерлер алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова бірнеше мемлекеттен жиналған қонақтарға алғысын білдіріп, мұндай халықаралық деңгейдегі маңызды шараның Әулиеата топырағында өтіп жатқанына қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ ол қатысушыларды құттықтады. Мұнан соң Өзбекстан Республикасының әйелдер комитеті төрағасының орынбасары Мүкарам Нұрматова сөз сөйлеп, көңілі дархан қазақ жері таланттардың ордасы екенін айта келіп, сән апталығының жұмысына сәттілік тіледі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов осындай халықаралық сән апталығының 2000 жылдан астам тарихы бар Таразда өтуі заңдылық екенін айта келіп, шараға арнайы келген еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызына, Өзбекстан Республикасының делегациясын бастап келген Мүкарам Ахмедқызына және өзгелерге алғысын білдірді. «Әулиеата өңірінің мәдениеті бай,тарихы терең. Тұрақтылық пен ынтымақтың арқасында еліміз өркендеп, оның ішінде Жамбыл жерінің де экономикасы ілгерілеп отыр. Енді тасқа жазылған тарихымызды түгендеуге, тарихи орындарды әлем назарына ұсынуға күш салдық. Тараздық сәнгер Айдархан Қалиевтың халықаралық деңгейдегі абыройы – жерлестеріне мақтаныш. Баршаларыңыздың еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді облыс әкімі Асқар Исабекұлы. Бұдан соң «Асыл Дизайн» сән орталығының қыздары «Тараз періштелері» деген атпен күзгі, көктемгі сән үлгілерін көрсетті. Бұл жерде Айдархан Қалиевтың еңбегін айта кеткен жөн. Тараздықтар шет мемлекеттен келген қонақтарға құрмет көрсетті. Америка, Италия, Нидерланды, Үндістан мемлекеттерінен келген сәнгерлер таныстырылып, оларға көпшілік қолдау білдірді. Украина, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларының дизайнерлері де жиналғандардың ықыласына бөленді. Жерлестеріміз 19 мемлекеттің өкілдерін қолдап, қошеметтеп, қонақжай, достық пейіл танытты. Қонақтар тарапынан америкалық «FNL» телеканалы-ның директоры Россо Лео Гадлиотти сөз сөйлеп, зор құрметпен қарсы алып жатқан тараздықтарға, облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғысын жеткізді. Соңынан Өзбекстаннан келген сәнгерлер ортаға шығып, өздері әкелген сән үлгілерін таныстырды. Сән апталығы бүгін «Төрткүл» керуен сарайында әзірленген «Қазақ ауылы» ұлттық көрмемен жалғасын табады.

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.