Жеңісіңе масаттан, бірақ сабырды ұмытпа
Жеңісіңе масаттан, бірақ сабырды ұмытпа
UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовке қандай жаза қолданылуы мүмкін?
Сегіз бұрышта қарсылас шыдатпай жүрген UFC чемпионы ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен ирландиялық аты шулы Конор Макгрегор арасындағы шайқасты жұрт асыға күткені жасырын емес. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, жекпе-жектен бұрын басталған екеудің дауы кездесу аяқталған соң да толастамады. Жаһан жұрты ұзақ уақыт күткен шайқастың промоушны (жарнамасы) қызу пікірталастарға толы болғаны мәлім. Конор Макгрегор әдеттегідей аузына ие бола алмай, неше түрлі бейпіл сөз айтты. Хабибтің дініне, ұлтына, әкесіне, Отанына тиісе сөйлегені, тіпті жекпе-жек шеберлері жайғасқан автобусқа шабуыл ұйымдастырғаны ешкімнің есінен шыға қоймас. Одан бөлек Конор Макгрегор қарсыласын күйрете жеңетініне жүз пайыз сенімді екенін айтып, салмақ өлшеу рәсімінде шатақ шығарғаны, аяғын сермеп қалғаны да көз алдымызда. Алайда сол баспасөз мәслихаты өткен кездерде Хабиб сыр бермеген еді. Бар айтқаны: «Октагонға (сегізбұрыш) кіргенде мен сенімен сөйлесемін» дегеннен аспаған. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмай шықты. Кездесу барысында Хабибтің басымдылығы айқын аңғарылып тұрды. UFC-ді қоса есептегенде бұған дейін 26 жекпе-жек өткізіп, бір шайқас түгілі бір раунд жеңіліп көрмеген Нурмагомедовтің осы жолы да жұлдызы жарқырайтынына күмәнданбағанбыз. Негізінен партерде өзін судағы балықтай сезінетін Хабиб бұл күні тік тұрып айқасу сәтінде де осал еместігін аңғартты. Бірінші раундта қарсыласын жер бауырлатып, айқын басымдылық танытқан ресейлік саңлақ екінші кезеңде қарсыласын бір соққымен жер жастандыра жаздады. Бірақ Конор Макгрегор оңайлықпен беріле қоймады. Әйткенмен екінші кезеңде де Хабиб тамаша соққыларын дарытып, басымдылықты уысынан шығармады. Үшінші раундта Конор Макгрегордың апперкоты, джебі және тікелей соққысы Хабибке дөп тие бастады. Осы сәтте Хабиб қайтадан қарсыласын алып ұрып, кездесу ритмін өз қолында ұстады. Конор Макгрегор жаймен шаршай бастады. Онысы түсінікті. Кездесулерінің басым көпшілігін алғашқы раундтарда аяқтап үлгерген Макгрегордың физикасы аса мықты емес еді. Хабиб Нурмагомедов төртінші раундта өзінің шын мықты екенін дәлелдеді. Кезекті мәрте арқасымен жер жастанған Макгрегор орнынан тік тұруға талпынып көрді. Алайда Хабиб өз позициясын одан сайын жақсартып, Макгрегордың арқасына шығып, тұншықтыру әдісін қолданды. Конордың шаруасы бітті. Әбден деміккен ол берілді. Хабиб керемет жеңіске қол жеткізді. Бірақ жекпе-жек аяқталғанымен жауласу аяқталмапты. Конор Макгрегордың бетіне түкірген ресейлік шебер оның командасына тұра ұмтылды. Сегіз бұрыштан секіріп түскен ол Конордың командасындағы Диллон Дениске қолын сермеді. Осы сәтте жаппай төбелес басталып кетті. Хабибтің командаласы Зубайра Тухугов сегіз бұрыш ішіне еніп, Макгрегорға қол жұмсады. Одан сәл ертеректе Хабибтің туысы Абубакар Нурмагомедов та осындай әрекетке барған болатын. Қысқасы, жаппай төбелесті полиция қызметкерлері мен күзетшілер дер кезінде тыйып үлгерді. Нәтижесінде Хабиб Нурмагомедов октагоннан белбеусіз шықты. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді текке айтпаса керек. Кейіннен Хабиб Нурмагомедов бұл әрекеті үшін өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Дегенмен бұл кезде атлетикалық комиссия оның есеп-шотын бұғаттап, гонорарын төлеуден бас тартқан-ды. Ол аз десеңіз, Нурмагомедовтің командасынан үш адам ұсталды. Алайда Конор Макгрегордың арыз жазбауына байланысты олар босатылды. Қазіргі кезде Хабиб Нурмагомедовтің бұл әрекеті зерделеніп, тергеліп жатыр. Егер комиссия мүшелері ресейлік жекпе-жек шеберін кінәлі деп тапса, чемпиондық белбеуінен айырып қана қоймай, АҚШ-қа аяқ бастырмауы мүмкін. Бұған дейін Хабибтің әкесі ұлының шайқасын көру үшін Америкаға келе алмаған-ды. Осылайша сабырсыздық танытқан Хабиб Нурмагомедов бір ғана әрекеті үшін кәсіби мансабына дақ түсіріп алуға жақын тұр. Қалай болған күнде де бұл қадам кәсіпқой спортшыға керек емес еді. Әп-әдемі жеңісті жуып-шайып кетті.