Ораза былтыр кеткен биыл келді
Ораза былтыр кеткен биыл келді
(жарамазан)
Айтамыз жарамазан еліңізге, Байлапсың елу бота желіңізге. Байласаң бәсіре ғып соның бірін, Барамыз мақтай-мақтай елімізге.
Айтамыз жарамазан үйіңізге, Қондырған үй айнала шиіңізге. Қой берсең, қозы берсең көпсінбейміз, Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.
Барып ем анау үйге лақ берді, Баласы бәсірем деп жылап берді. Баласы бәсірем деп жылаған соң, Әкесі қалтасынан пұл ап берді.
Айтамыз жарамазан жайыменен, Ораза-Рамазан айыменен. Ат-шапан бере алмасаң, өкпеміз жоқ, Бір табақ құрт алып шық майыменен.
Мінгенім астымдағы ақ атан-ды, Әр жерде мұнша тұрсам таң атады. Таң атқанның белгісі күн шығады, Жеңешем жәкемізді оятады.
Ар жақта пейіш тұрар уыздай болып, Бер жақта тозақ тұрар тұздай болып. Ораза былтыр кеткен биыл келді, Ұзатқан сәукелелі қыздай болып.
Айтамын жарамазан ауық-ауық, Шақырар сөресінде қораз-тауық. Мырзалығы жеңгемнің тіпті жақсы, Жіберер үстімізге шапан жауып.