Тараздықтар Елбасы Жолдауын зор ықыласпен тыңдады
Тараздықтар Елбасы Жолдауын зор ықыласпен тыңдады
Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін беретін жағымды жаңалықтар мен нақты тапсырмалар Елбасы Жолдауынан бастау алады. Сондықтан халық Елбасы Жолдауын асыға күтеді. Көпшіліктің күткеніндей, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында қазақстандықтардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыратын оң шешімдер көптеп көрініс тауыпты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауын тікелей эфир арқылы тыңдаған тараздықтар ел өміріне серпіліс беретін жағымды жаңалықтарға куә болды. Сондықтан облыстағы мемлекеттік қызметкерлермен қатар, әлеуметтік сала, мәдениет, құқық қорғау, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар, жалпы үш жүзге жуық адам қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйіне жиналып, соңында Жолдау жүктеген міндеттер туралы өзара пікір бөлісті. Жаңа бастамалардың қалай жүзеге асырылатынын саралап, әр саланың қызметкерлері келесі жылдан бастап өздеріне қандай мүмкіндіктер берілетінін сөз етті. Олар Мемлекет басшысының Жолдауынан өздерін толғандырып жүрген түйткілді мәселелердің жауабын алды. Мемлекетімізге «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын» толық іске қосатын және елімізде жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалардың лайықты жалғасына айналатын нақты бағыт-бағдарды анықтап алу қажет болды. Осы тұрғыдан алғанда Жолдау көкейдегі көп сұрақтың жауабын айқындап берді. Елбасы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы 1,5 есе өсіп, 28-ден 45 мың теңгеге дейін артатынын айтты. Жамбылдықтарды қуантқан жаңалық – енді ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Жалпы ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналатыны – көпшіліктің көкейінен шығып отыр. «Бұл әртүрлі салаларда істейтін 1 миллион 300 мың адамның жалақысын көтереді. Сондай-ақ бюджеттік ұйымдарда істейтін 275 мың қызметкердің айлығы өседі. Олардың жалақысы орташа есеппен 35 процентке өседі. Олар мұғалімдер, дәрігерлер, құқық қорғау органдары, қорғаныс және тағы басқа», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Жолдауындағы әлеуметтік бастамаларды жамбылдықтар үлкен ықыласпен тыңдады. Бағыты айқындалған ғылым мен экономиканы, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту сияқты маңызды міндеттер көптің көкейінен шыққаны анық аңғарылып тұрды. Жолдаудағы елді елең еткізген жаңалықтың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында «Педагогтердің мәртебесі» туралы заң әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Мұғалімдерге барлығын үйіп-төгіп, тегін жұмыс күшіне айналдырғанды тоқтатып, сабақтарымен айналысуларына мүмкіндік беру керектігін қадап айтты Президент. Шындығында осыған дейін мұғалімдердің беделін көтеру жай ғана сөз жүзінде қалған бастама секілді еді. Енді ол осылай заңмен бекітілсе, Жолдауда айтылған көптеген келеңсіздіктердің алдын алары сөзсіз. Білім саласындағы түйткілді мәселелердің бірі – үш ауысымдық мектептерді жою. Мемлекет басшысы үш ауысымда оқытудың өзектілігін ашып айтты. Енді осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2019-2021 жылдар аралығында қосымша 50 миллиард теңге бөлінетін болды. Сондай-ақ Елбасы мектептер мен балабақшаларды жүз пайыз бейнебақылау жүйесімен жабдықтап, психологтердің жұмысын күшейтіп, басқа да шараларды қолға алуды тиісті сала басшыларына тапсырды. Барша қазақстандықтармен бірге өңір тұрғындарын да толғандырған мәселе еді бұл. Енді алдағы уақытта Қазақстанда азық-түліктің сапасын бақылайтын комитет құрылатын болады. Бұл комитет – азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, балалар тауары және медициналық қызметтердің сапасын бақылайтын болады. Баға байламға келмей, кейбір импорттық өнімнің сапасы сын көтермей тұрған кезде осындай маңызды шешімнің қабылданғаны – халық үшін аса маңызды.
Камила Борашова