аграрлық аймақ индустриалды өңірге айналып келеді
аграрлық аймақ индустриалды өңірге айналып келеді
Ағымдағы жыл еліміз, оның ішінде өңіріміз үшін де табысты да берекелі, қуаныш пен жасампаздыққа толы жыл болды. Айрықша елеулі маңызға ие құжаттар қабылданып, халықтың көзайымына айналуда. Атап айтар болсақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі барша қазақстандықтарды бір ел, бір мүдде аясына мейлінше тығыз топтастыра түсті. Алға қойылған мақсаттар мен міндеттер тұрғындар арасында кеңінен насихатталып, түсіндірілуде. Аудан халқы, сондай-ақ елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өтуге бағытталған ауқымды іс-шараларға да қызу атсалысты. Елбасы тапсырмалары мен бастамаларын нақты іс жүзіне асыру да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының өн бойынан айқын көрініс тауып отыр. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы жалпы өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтер көлемі 22 миллиард 109 миллион теңгені құрап, 14,0 пайызға немесе 2 миллиард 715 миллион теңгеге өсуі соның нақты айғағындай. Оның ішінде өнеркәсіп өнімдері 11 миллиард 736 миллион теңге көлемінде өндіріліп, жоспар 116,4 пайызға артығымен орындалды. Нақты көлем индексі 110,9 пайызды құрады. Кәсіпорындар жұмысы да қалыпты деңгейде. Бұл тұрғыда «Talas Investment Company» ЖШС-ында натрий цианиді мен аммоний сульфатын, «Жамбыл Недр» ЖШС-ында цемент пен клинкер, «Қаратау ПРО» ЖШС-ында мәрмәр ұнын, «Амангелді ГАЗ» ЖШС-ында табиғи газ бен газ конденсатын, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС-ында сұйытылған газ бен дистилятор, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінде ұсақталған фосфат шикізатын өндіру ісі жүйелі жолға қойылған. Ауданда елімізді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдықтары тұсында 18 миллиард 211 миллион теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылғанын да атап өту жөн. Олар – жоғарыда атап өткен натрий цианидін, цемент өндіретін және мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыттар құрылысының жобалары. Бүгінде бұл өндіріс орындары табысты жұмыс істеуде. Есепті кезеңде негізгі қорға тағы да 6 миллиард 85 миллион теңге көлемінде инвестициялық қаржы құйылды. Айта кетерлік жағымды жаңалық, ауданымызда баламалы энергия өндіруге байланысты жаңа индустриялық аймақ қалыптастырылуда. Ол Қаратау қаласының шығыс жақ бетінде үш шақырымдай қашықтықта, Тамды ауылдық округі аумағындағы «Қаратау-Тамды» тас жолының бойында орналасқан. Бұл аумақтан жалпы құны 3 миллиард 735 миллион 200 мың теңгені құрайтын, қуаттылығы 9,0 мВт болатын желден электр қуатын өндіретін стансалар бой көтеретін болады. Бүгінде аталған жобаларды жүзеге асыруды қолға алған «Wind Power city» (Винд Пауэр Сити) және «Wind Electricity» (Винд электрсити) ЖШС-ларына 20 гектар жер телімі бөлініп берілді. Екі стансаның да жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, келісу және бекіту жұмыстары ғана қалып тұр. Кәсіпорындар құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары барысында жаңадан 50 адам жұмысқа тартылатын болады. Нысандардың құрылысы инфрақұрылым тартуды қажет етпейді. Бұл жұмыстарды аудан өндірісшілерінің жаңашылдық пен жасампаздыққа ұмтылысының, өңірімізде де Төртінші өнеркәсіптік революция элементтері өндіріске кеңінен енгізіле бастауының айқын көрінісі деу ләзім. Ал аграрлық саланың қос секторы мал және егін шаруашылығы қашанғыдай қатар дамытыла беретін болады. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы бойынша 6 миллиард 110 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл тұрғыдағы көрсеткіштің де өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден біршама артқаны байқалуда. Яғни мал мен құс еті – 7905, сүт – 6192,0, жүн 284 тонна, жұмыртқа 1 миллион 941 мың дана көлемінде болды. Мал басы, оның ішінде мүйізді ірі қара – 6,5, қой-ешкі – 0,2, жылқы – 10,6, түйе – 4,9, үй құстары 25,5 пайызға өсіп отыр. Осы ретте «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аудан кәсіпкерлеріне 110 миллион 500 мың теңге сомасында шағын несие беріледі деп күтілуде. Ағымдағы жылдың 8 айында 12 адамға «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау» қорынан 48 миллион 200 мың теңге және 6 адамға «Аграрлық кредиттік корпорация» арқылы 14 миллион теңге көлемінде несие берілгенін атап өту жөн. Бағдарлама аясындағы жұмыстар одан әрі жалғасын таба бермек. Ауызсу, газ және жол ауылдықтар үшін басты қажеттілік екені белгілі. Жол аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендер тұрғындары үшін бірден-бір қатынас құралы. Тақтайдай тегіс жол болса, үйіңізге жарық, су, газ үздіксіз келіп тұрса, одан артық не керек?! Міне, осынау басымдыққа ие бағыттар бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандағы 24969 тұрғыны бар 23 елді мекеннің қазіргі таңда 12-сі (яғни 66,7 пайызы) орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып отыр. Бүгінде сметалық құны 436 миллион 49 мың теңгені құрайтын Қызыләуіт ауылының инфрақұрылымын дамыту және жайластыру нысанына 2017 жылға 178 миллион, 2018 жылға 249 миллион 161 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды мердігерлік ұйым «AKM Group» ЖШС жүргізуде. Нысан 2018 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Ал Есейхан ауылында қолға алынған су құбыры жүйесі құрылысының сметалық құны 650 миллион теңгені құрайды. Биыл бұл нысан құрылысы үшін 222 миллион 222 мың теңге бөлініп, игерілу үстінде. Нысан келер жылы іске қосылмақ. Екі ауылдағы халық саны 3342 адамды құрайды, аталған жоба жүзеге асырылғаннан кейін олар сапалы ауызсумен толықтай қамтамасыз етілетін болады. Соның нәтижесінде орталықтандырылған тораптық су-құбыр жүйесіне қосылған елді мекендер саны тағы да екі бірлікке өсіп, ауданның бұл тұрғыдағы индикативтік көрсеткіші 80,1 пайызға жетпек. Сондай-ақ Қасқабұлақ ауылына су құбыры жүйесін жүргізу үшін 711 миллион 510 мың теңге қажет. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Енді республикалық және облыстық бюджеттерден 2019 жылға қаражат қарастыруға өтінім жасалып отыр. Майтөбе ауылына да су құбыры жүйесін жүргізуге байланысты тиісті жұмыстар атқарылу үстінде. Ауылдарды газдандыру мәселесінде де ілгерілеу бар. Бүгінде аудандағы 23 елді мекеннің 9-ына газ құбыры жүйесі жеткізілген. Жалпы 9 елді мекенде аула саны 1570 болса, газға қосылғаны 1370 үй, яғни 87 пайызды құрайды. Ал 200 үйге әлі газ кіргізілмеген. Оларға көмек көрсету жолдары қарастырылуда. Аудан бойынша газ босату тарифі жеке тұлғалар үшін – 1 куб=27,27 теңге, ал заңды тұлғалар үшін – 1 куб=35,52 теңге көлемінде қалыптасып отыр. Бүгінде «Шәкіров АГРС»-нен 5 елді мекенге (Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал, Қайыр ауылдары) орта қысымды газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 4 миллиард 941 миллион теңгені құрайды. Жоба аясында Талас ауданының – 5, Сарысу ауданының 4 ауылы «көгілдір отынмен» қамтылмақ. Сондай-ақ Ақкөл, Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекендеріне орта қысымды газ құбырын тарту жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард 222 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінуіне сұраныс берілді. Бұл жұмыстар нақты іс жүзіне асырылған жағдайда газдандырылған елді мекендер саны 17-ге жетіп, жалпы қамту көрсеткіші 80 пайызды құрайтын болады. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту да алға қойылған басымдыққа ие бағыттардың бірі. Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 650 шақырымды құрайды. Оның ішінде 394 шақырымы облыстық, 256 шақырымы аудандық маңызға ие. Биыл аудан аумағындағы автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, орташа және ағымдағы жөндеу, қысқы күтіп ұстау жұмыстарына барлығы 1 миллиард 76 миллион 907 мың теңге бөлінген-ді. Бүгінгі күні 19,6 шақырымдық «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» (36,3-55,92 шақырым аралығы), 7,8 шақырымдық «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» (80-87,860 шақырым аралығы) автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 10,1 шақырымдық «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент» (86-96,110 шақырым аралығы) автомобиль жолын осындай санаттағы жөндеу бойынша облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан мемлекеттік сатып алу жосығы жүзеге асырылу үстінде. Ал аудан аумағындағы облыстық маңызы бар 299,6 шақырымдық автомобиль жолдарын ағымдық жөндеу ісі толығымен аяқталды. Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жалпы пайдалануға берілген тұрғын жай аумағы 22 269 шаршы метрді құрап, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп немесе 15 616 шаршы метрге артық орындалды. Бүгінгі күні кезекте тұрған тұрғын үйге мұқтаж азаматтар саны 1 739 адамды құрап отыр. Сондықтан да «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында бүгінгі күні Қаратау қаласында жалпы аумағы 27 752 шаршы метрді құрайтын 440 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үй (3-шағын аудандағы №49, 51 және 5-шағын аудандағы №51, 52, 55, 58 үйлер) жөндеуден өткізіліп, ретімен кезекте тұрған азаматтарға берілуде. Цифрлық білім беру инфрақұрылымын дамытуға, мектептерді 4 мегабит/секундтан жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернет желісімен, сандық білім беру ресурстарымен қамтуға да баса мән беріліп отыр. Осыған байланысты жергілікті бюджет қаржысына 185 компьютер, 3 робототехника кабинеті сатып алынды. 17 жаңа модификацияланған кабинет жабдықталды. Аудандағы 35 мектептің 32-сі немесе 91,6 пайызы жоғары интернет желісіне қосылған, ал қалған 3 мектеп таулы аймақтарда орналасқандықтан 1 мегабит/сек жылдамдықтан жоғары интернет желісіне қосыла алмайды. Денсаулық сақтау, әсіресе туберкулезбен, қатерлі ісік, жүрек-қантамыр жүйесі сырқаттарымен аурушаңдық пен ана мен бала өлімі деңгейін төмендету, құқық қорғау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Мұның бәрі де келешектің тұтқасын ұстар жастарымыздың білікті де білімді, мәдениетті де парасатты, ұлтжанды азамат болып қалыптасуына оң әсер етеді деген ойдамыз. Жалпы Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауларында атап көрсеткендей, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмысын түзеу, өмір сүру сапасын арттыру басты мұратымыз болып келді, болып қала да бермек. Биыл өзінің құрылғанына 90 жыл толуы мерейтойын атап өткелі отырған, аграрлық- индустриалды аймаққа айналуға бағдар ұстанған аудан еңбеккерлерінің бұл үдеден шығатынына бек сенімдіміз.
Досмаханбет ӘЛИЕВ, аудан әкімі.
Талас ауданы.