- Advertisement -

Сыр бойынан жеткен сый

151

- Advertisement -

Тараз жұртшылығына қызылордалық кәсіпкерлер тауарлары ұсынылды

Кеше Тараз қаласының «SMAll» сауда орталығы аумағында Қызылорда облысы тауар өндірушілерінің «Road Show» атты көшпелі көрме-жәрмеңкесі өтті.
Жамбыл мен Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері арасында сауда-экономикалық қарым-қатынас саласындағы іскерлік байланыс пен өзара әріптестік ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсаты көзделген іс-шара барысында Сыр бойының 30-дан астам кәсіпкерлік құрылымының тауарлары жұртшылыққа ұсынылды.
– Биылғы жыл – облысымыз үшін ерекше жыл. Облыстық әкімдік пен мәслихат, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер кеңесінің бірлескен шешімі негізінде 2018-2020 жылдар өңірімізде жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығы болып жарияланып отыр. Оған түрткі болған мәселенің ең бастысы – қазіргі кезде жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жаппай жұмысқа тарту. Бұл облысымызда салық түсімінің көлемі артып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсара түсуіне септесетін болады. Осы орайда қазірдің өзінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Кәсіпкерлеріміз өңіраралық кооперация аясында бірқатар өңірлерде өз өнімдерін сату жөніндегі әріптестік ынтымақтастыққа қол жеткізуді көздеуде. Бұл іс-шараны сұранысқа сәйкес алғаш рет Жамбыл облысында, оның ішінде Таразда бастап отырмыз. Әлбетте, аудандарымыздың өздеріне тән ерекшеліктері де бар. Жалпы Сыр бойы ақ күрішімен, Арал балығымен, тұзымен, Қазалы сүт өнімдерімен, Қармақшы мен Жалағаш аудандары бақша өнімдерімен көпке танымал. Бұл жолы арнайы автокеруенмен 20-25 тоннадай азық-түлік және өндірістік тауарлар жеткізілді, – дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов.
Көрме-жәрмеңке барысында азық-түліктермен қоса, кондитерлік және мәрмәр тақта, шыны, жейде, шұлық секілді өнеркәсіптік һәм өндірістік өнімдер, қолөнершілер бұйымдары да таныстырылды.
Айта кету керек, барлық өнім түрлері жергілікті тұрғындарға нарықтағыдан біршама төмен бағамен өткерілді. Келушілер қарасы да сәт сайын молайып, сауданы қыздырып жатты.
Қызылорда облысының әкімдігі өңірлік кооперацияны дамыту аясында мұндай іс-шараларды тек біздің облыста ғана емес, алдағы уақытта Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында да өткізетін болады.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support