Мерейі өскен мұғалімдер
Мерейі өскен мұғалімдер
Қазіргі кезде білікті ұстаздарға биік белесті бағындыруға мүмкіндік мол. Өйткені соңғы жылдарда жаңашылдыққа жаны құмар педагогтерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіле бастады. Жыл сайын Мұғалімдер күні қарсаңында өткізілетін республикалық «Үздік педагог» байқауы соның дәлелі. Бұл шара тіпті ауылдағы маманның өзіне үздік екенін дәлелдеуіне жол ашып отыр. Осы арқылы табысты жұмысын көпшілікке таныстыра алады.
Биылғы «Үздік педагог – 2018» республикалық байқауында үздік атанған еліміздің 64 ұстазына 2 миллион 405 мың теңгеден қаржылай сыйақы табыс етілді. Осы шарада жамбылдық 4 педагогтің мәртебесі үстем болды. Миллионер атанған мұғалімдер – облыстық ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының математика пәні мұғалімі Нариман Қиялбеков, Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Үміт Сүгірбекова, Тараз қаласындағы №24 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Наталья Полухина, Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Райхан Шүленбаева. Жалпы, жеті жылда өңіріміздің 27 мұғалімі республика көлемінде «Үздік педагог» атанып, үлкен марапатқа ие болғанын айта кеткен жөн. Соның ішінде әр жылдарда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің үш қызметкері озық шығып отыр. Мәселен, 2012 жылы осы оқу орнының педагогі Махаббат Айтбаева республикалық конкурстың ең алғашқы жеңімпаздарының қатарынан көрінсе, келер жылы Қарлығаш Бекмолдаеваның мерейі артты. Биыл, міне, арнайы пән оқытушысы Райхан Кенжекқызы қатысып, жеңіске жетіп отыр. Осындай үздіктерді топтастырған білім ошақтарының бірі – облыстық ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты. Тағы бір атап өтетін ерекшелік, бұл жолы гуманитарлық бағыттағы пән мұғалімі емес, математиктің озық шыққаны болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауында атап көрсеткендей, білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білетін мұғалімдерге баса назар аударылады. Оларға жағдай да жасалып, тиісінше қолдау да көрсетілмекші. Соған сай осы салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі қайта қаралатын болады.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА