Бейнетінің зейнетін көруде
Бейнетінің зейнетін көруде
Әрбір адам қарттық келіп, бойдан қуат кеткенде өзін дәрменсіз сезінбеуі қажет. Өз еңбегінің зейнетін көруі тиіс. Осы мақсатта елімізде 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді. Аталған жүйені енгізу кезінде Қазақстан Чили елінің зейнетақы жүйесін негізге алды. «Неге басқа емес, Чили?» деген сұрақ туады. Чили әлем бойынша өз елінің азаматтарын әділ зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз ету реформаларын сәтті жүзеге асырған мемлекет. Сондықтан Қазақстан жаңа жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастыруда осы тәжірибені негізге алды.
Бүгінде елімізде зейнет жасындағы екі миллионнан астам адам бар. Олар өз мемлекетінің қамқорлығын сезініп отыр. Сондай қарттарымыздың бірі – Тараз қаласының тұрғыны, ҚР білім беру ісінің үздігі, зейнеткер Дүйсенбек Сейдоллаев. Қырық жылдан астам уақыт бойы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісімен айналысқан, ұзақ жылғы ұстаздық еңбек жолында бірнеше кітап шығарған қарияның жасы бүгінде 80-нен асты. Зейнетке шыққанына 20 жылдан астам уақыт өтсе де, қоғам өміріне белсене араласады. Еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы оның игілігін жиырма жыл бойы көріп келе жатқан ақсақалмен тілдескен едік. – Кез келген адам жасы келгенде еңбек етіп жүрген жеріндегі жұмысын жастарға тапсырады. Ол өмірдің заңы. Ал бойдан қуат, қолдан күш кеткеннен кейін қарт адам да бала сияқты, оған қамқорлық керек. Қазақтың ұлттық менталитетінің жақсылығы сол, бізде қарттарға алдымен олардың ұрпағы, балалары қамқор болады. Екіншіден, мемлекет те өз азаматтарын қамқорлыққа алып отыр. Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі жақсы жұмыс істеп келеді. Мен зейнетке осыдан 20 жыл бұрын, 60 жасымда шықтым. Қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек еттім. Зейнетке шыққан кезде «жұмыстан қол үздім, енді қалай болады?» деген күмәнді ой менде болған жоқ. Қоғамдық жұмыстармен айналыстым, әлі күнге дейін айналысып келемін. Бұл – бір, екіншіден, маған жақсы зейнетақы тағайындалды. Бүгінде қолыма 100 мың теңгедей зейнетақы аламын. Бұл дегенің қазіргі бір адамның жалақысымен бірдей. Әрине, кейде өзім құралпы қарттардың арасынан «зейнетақы аз беріледі» деген сөздер естіліп қалады. Алайда тереңірек үңіліп қарасақ, әлемде өз қарттарына дәл біздегідей қамқорлық көрсетпейтін елдер бар көрінеді. Бір мысал – экономикасы жақсы дамыса да, Қытайда тек мемлекеттік органдарда және қаладағы өндіріс орындарында жұмыс істеген азаматтардың ғана зейнетақы алуға мүмкіндігі жоғары екен. Статистикалық деректерге сенсек, ТМД елдері арасында Қазақстан Республикасы зейнетақы көлемі жөнінен бірінші орында тұр. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова осылай дейді. Бұған қоса жыл сайын аталған жүйеде реформалар жүргізіліп жатыр. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында зейнеткерлерді ешқашан ұмытқан емес. Осы саланы жетілдіруге қатысты үнемі тапсырмалар беріп отырады. Осы бағыттағы даму көрсеткіштеріне қаншалықты көңіліңіз толады? – Рас айтасың, Елбасының Жолдауларында зейнетақы жүйесі туралы айтылатын тұстарды үнемі күтіп отырамыз. 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты бірнеше тапсырма берген болатын. Соның ішінде зейнетақы реформасына қатысты да міндеттер бар: «Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді» деген болатын Елбасы. 2018 жылдың қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да зейнеткерлерге қатысты біраз мақсат-міндеттер айтылды. Елбасы бұл құжатта 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақының үш рет көбейтілгенін айтты: «Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ортақ зейнетақы 32 процентке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 процентке өсті» – деді Мемлекет басшысы. Бұған қоса биыл 1 қаңтардан бастап ортақ зейнетақы көлемі 8 пайызға көбейді. Оған биылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақының еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есеге көбейтілгенін қосыңыз. – Еліміздегі зейнетақы жүйесінің болашағына сенесіз бе? – 2013 жылға дейін ел азаматтары өздерінің зейнетақы аударымдарын әртүрлі жеке қорларға аударып келген болатын. 2013 жылы барлық жеке қорлар жабылып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Жекеменшік қорлар жұмыс істеген тұста аталған салада түрлі қиындықтар болып, кейбір қорлардың күмәнді инвестициялар тартып, шығынға батқаны туралы ақпараттарды телеарналардан, басылымдардан көп көрдік. Сол кездері «біздің ұрпағымыздың жайы не болады» деген күмән-күдіктердің болғаны рас. Біздің үкімет бұл саланы да реттеді. 2013 жылы азаматтардың жинақтарын басқару қауіпсіз әрі тиімді болуы үшін барлық жеке қорлар жабылып, мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының негізінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ құрылғаны есімде. Бұл жердегі ең басты жайт – Қордағы қаражаттың сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетіндігі. Бұған дейінгі жағдайлар халықтың осы жүйеге деген сеніміне нұқсан келтірсе, кейінгі реформалар көңілге қайтадан сенім ұялатты деуге әбден болады. Аталған жүйенің жыл сайын жетілдіріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, зейнетақы жүйесін модернизациялаудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы бұл саланы бүгінгіден де жақсарта түспек. Реформа бойынша қартайғанда көбірек зейнетақы алу үшін еңбек өтілі де ұзағырақ болуы тиіс. Бұл жастарды еңбек етуге үндейтін жайт дер едім. Қазақта «еңбек етсең, емерсің» деген сөз бар. Өзім жастарды Отанды сүюге, өз жерінің патриоты болуға, туған жерін құрметтеуге, туған жерінің болашағы үшін еңбек етуге үндеп келемін. Бүгінгі бейнетің – ертеңгі зейнетің, еңбегіне қарай өнбегі болатынын ұмытпау керек. Сондықтан жастарға айтарым, қауқар кеткенше қам жасауды бүгіннен бастаған жөн. Елімізде 2 миллион 140 мыңнан астам зейнеткер бар екен. Осы қарттар армиясының бір өкілі ретінде зейнетақы жүйесінің жетілдіріле түсуіне, жақсара түсуіне мен де мүдделімін. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Күлімхан АЙДАРЛИНА.