Талай шәкіртке тәрбие берген

147

Сәрсенкүл нақыпбекованың еңбек жолы әріптестеріне үлгі

Ол кезде оқудың төресі – мұғалімнің оқуы. Ауылдағы зиялы, білімді, тәрбиелі, тәртіпті, үлгілі адам – ұстаз еді. Былайғы жұрт соларға қарап бой түзейтін. Сондықтан жастардың көбісі педагог болуды армандайтын. Сондай асқақ арманның жалына жармасып, Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге құжат тапсырғандардың бірі – Сәрсенкүл Нақысбекова.

Оқу бітірген жылы Пернебек атты азаматпен тілегі бір арнада тоғысып, Талас ауданындағы Үшарал ауылына келін болып түскен соң сол елді мекендегі мектепке жұмыс сұрай барады. Басшысы Ермек Дүрімбетов бірден бос орын жоқтығын айтып қайтарыпты. Кейін сол директор өзі шақыртып алып: «Қарағым, мен сен оқыған педучилищеде болып, сен туралы мәліметтерге қанығып қайттым. Үлгілі студент болыпсың, үздік бітіріпсің. Бізге жақсы мұғалімдер керек. Бірінші сыныпты қабылдап ал», деп жылы шырай танытыпты.
Сөйтіп, жаңа оқу жылында жас мұғалім мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларын қуанышпен қарсы алды. Бұл 1967 жыл болатын. Оның ойынан «Білім негізі – бастауышта» деген сөз ешқашан шыққан емес. Жұмысқа жігерлендірген де осы қағида еді.
Жас мұғалімнің сабағына кірген тәжірибелі мұғалімдер, директордың орынбасарлары, тіпті директордың өзі де оның сабақ өткізу, балалармен жұмыс істеу, өзін-өзі ұстау әдіс-тәсілдеріне ризашылықтарын білдіріп, елеусіз де болса, кейбір кемшіліктеріне ескертулерін жасайтын. Оны дұрыс қабылдаған жас мұғалім мақтауға масайрамай, кем-кетікті түзеуге ұмтылатын. Содан да шығар, оқушылары өз балаларындай болып кеткені. Шәкірті тәрбиелі, білімді болса, мұғалімнің көңілі де хош. Мұғалімі білімді, білікті болса, мектеп директорының мәртебесі биік. Солай болды да.
Ұстаздық еткеніне екі-ақ жыл болған мұғалім Сәрсенкүл Нақысбековаға 1969 жылы оқушыларды эксперименттік жаңа бағдарлама бойынша оқыту міндеті жүктелді. Бұл мектеп директоры Ермек Дүрімбетовтің тарапынан көрсетілген жоғары сенім еді. Мұғалім сенім үдесінен шықты. Ермек ағай – ерінбейтін кісі. Нағыз ұстаздардың ұстазы. Мектептегі әрбір мұғалімнің іс-тәжірибесіне баса назар аударатын.
Жас ұстаздың жақсы жетістіктері жоғары бағаланып, ол аудандық оқу бөлімінің, аудандық комсомол комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оның экспериментті жұмыс жүргізудегі іс-тәжірибесі туралы бүкілодақтық «Комсомольская правда» газетінде танымдық мақала жариялануы – жас мұғалім үшін ғана емес, мектеп ұжымы мен аудандық білім бөлімі үшін де зор мәртебе болғаны айтпаса да түсінікті.
Отағасының қызмет жағдайына қарай 1975 жылы сол аудандағы Жданов атындағы орта мектепке (қазіргі Сәду Шәкіров ауылындағы Шона Смаханұлы атындағы орта мектеп) жұмысқа ауысқан Сәрсенкүл Нақысбекова мұнда да біліктілігімен көзге түседі. Бастауыш сынып мұғалімінің білім берудегі әдістемелік тәжірибесі аудандық газетте жарияланып, таратылады. Ауданда Ы.Алтынсарин атындағы мектепте мұғалімдер мен мектеп директорларына панорамалық ашық сабақ өткізеді.
Осындай белсенділігі үшін ол облыс мұғалімдерінің V съезіне делегат болып қатысады. Қазақ КСР білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанады. 1994-2011 жылдарда Тараз қаласындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте жұмыс істеген С.Нақысбекова жаңа ортада білімді де білікті, тәжірибелі ұстаз ретінде танымал болды. 2010 жылы облыс мұғалімдерінің тамыз кеңесінде жас ұрпақты оқытудағы жетістіктері үшін ұлағатты ұстаз С.Нақысбекова «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
Сәрсенкүл – шаттық ұялаған шаңырақ, берекелі отбасының отанасы. Ол – сегіз баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп-өсірген көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері. Жұбайы Пернебек Сембаев бар ғұмырын құрылыс саласына арнаған ақжарқын азамат. Екеуі перзенттерінен 16 немере сүйіп отыр.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Талас ауданы.

Comments are closed.