- Advertisement -

Мейірім Нұрсұлтанов белбеуге таласады

250

- Advertisement -

Бүгінгі таңда кәсіпқой бокс әлемінде көптеген қазақ оғландары бақ сынап жатқаны белгілі. Сайыпқырандарымыздан жанкүйерлер тек қана жеңіс күтетіні жасырын емес. Кәсіпқой боксқа ауысқалы жеңісті жорығын жалғастырып келе жатқан саңлақтардың бірі – Мейірім Нұрсұлтанов.
Орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Мейірім шаршы алаңда сегіз жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен-ді. Қазақстандық былғары қолғап шебері жеті кездесуін мерзімінен бұрын аяқтағаны да баршаға мәлім. Сондықтан да жанкүйерлер Мейірімнен үлкен үміт күтеді.
Мұхиттың арғы бетінде жүрген Мейірім өзінің кәсіби мансабында тұңғыш рет белбеу үшін өтетін жекпе-жекке шығатын болды. Ол NABF junior белбеуіне таласады. Солтүстік Америка құрлығы бокс федерациясына тиесілі белбеу бүкіләлемдік бокс кеңесінің төменгі санаттағы белбеулерінің жүйесіне енгізілген. Осы кездесу арқылы Мейірім рейтингін жоғарылатып, алдағы уақытта әлем чемпионы атағына қол жеткізуі ықтимал.
Сонымен Мейірім Нұрсұлтанов пен америкалық Джамар Фриман аталмыш белбеуді сарапқа салады. АҚШ боксшысы кәсіби мансабында жиырма үш кездесу өткізіп, оның он бесінде жеңіске жетсе, алты шайқаста жеңіліп, екі жекпе-жегінде қарсыласымен тең түскен екен.
13 қазанға жоспарланған жекпе-жекте біз Мейірім Нұрсұлтановтың жеңіске жететініне бек сенімдіміз. Өйткені жылдамдық тұрғысынан болсын, шеберлігі тұрғысынан болсын Мейірімнің қарсыласынан мықты екені талас тудырмайды. Бұл кездесу қазақ боксшысын асқақ армандарға бастайтыны сөзсіз. Ендеше сәттілік серік болсын дейміз! Естеріңізге сала кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов, Жәнібек Әлімханұлы сынды сайыпқырандарымыз Геннадий Головкиннің салмағында, яғни орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support