Білім

Өнер ордасының торқалы тойы

Өнер ордасының торқалы тойы

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="87567,87568"]

Ағымдағы жылы облысымыздағы басты өнер ордасы – Кенен Әзірбаев атындағы филармониясына елу жыл толып отыр. Жарты ғасыр бойы өңір руханиятының өркендеуіне айрықша үлес қосқан өнер ошағында талай таланттың тұсауы кесіліп, республика көлемінде танылды. Өнер ұжымының мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтілді. Елу жыл бойы атаусыз келген филармонияға таяуда ғана Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен қазақ өнерінің алыбы Кенен Әзірбаевтың есімі берілген болатын. Бұл – өңір өнері үшін айтулы оқиға. Жамбылдықтар осынау ақжолтай жаңалықты ұзақ күткен еді. Мерейтойға орай ақын, жырау, композитор Кенен Әзірбаевтың ұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Кененұлы, қызы Төрткен Кененқызы арнайы атбасын бұрды. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев те келді. Мерекелік шара аты аталған азаматтардың және облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатымен басталды. Шарада алғаш сөз алған басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев: – 50 жыл бедерінде қасиетті қара шаңырақта көптеген жас талант өнер көрсетті, шыңдалды, шарболаттай ширықты. Бұл жыл біз үшін бір емес, екі қуанышты қатар ала келді. Біріншісі – филармонияға елу жыл толып отырса, екіншісі – ұжымға Кенен Әзірбаевтың есімінің берілуі. Филармония қызметкерлері жарты ғасыр бедерінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Әлі де алар асуы алда, – деді. Сонымен қатар ол ұжым мүшелерін мерекесімен құттықтады. Бұдан соң Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы сөз сөйледі. – Торқалы той құтты болсын! Кенен аталарыңның атын бергенін естіп, қуанып жеттік. Кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне, «Ақ жол» басылымына, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарына бұл мәселе кеңінен жазылды. Сол үшін баршаңызға алғысым зор. Хат жазып, қол қойған тұлғаларға да ризашылығым шексіз. Бәрі сіздердің, елдің арқасында. Рахмет! – деді ол. Кейіннен сөз тізгінін алған Жабал Ерғалиевтың ойы көпшілікті риза етті. – Мен осы мерейтойға үкілі Ыбырайдың, Ақан серінің елінен асығып жеттім. Кенен Әзірбаев – исі қазаққа ортақ тұлға. Ілгеріде қазақ бөлінбеген, біртұтас ұлт болған. Мәселен, Бауыржан мен Мәлік қазаққа ортақ тұлға ретінде қалыптасқан. Ақан, Ыбырайлар да солай болған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы дер кезінде жүзеге асырылса, біртұтас болуымызға сеп болса, нұр үстіне нұр. Ақанның әні Жамбылда, Кененнің әні Көкшетауда шырқалып, насихатталып жатса, несі айып? – деді ол өз ойын түйіндеп. Өз кезегінде Бақытжан Кененұлы да сөз сөйледі. – Халықтың бостандығын аңсаған Кенен аталарыңыз бұл күнді көрмесе де, біз көрдік. Шүкір. Сол үшін мақтанамыз, шаттанамыз. Әкемнің дүниеден озғанына 42 жыл толды. Осы аралықта филармонияға ешкімнің аты берілген жоқ. Кейде осы филармонияны атаның әруағы ұстап тұрған екен-ау деген ойға шомамын. Ғабит Мүсірепов «Кенекең – сал-серілердің соңғы тұяғы» деп айтып кеткен еді. Бүгін облыс басшысы Асқар Мырзахметов мырзамен аз-кем тілдесіп, тілектестігімді білдірдім. Ойымды айттым, – деген Бақытжан Кененұлы өнер ұжымын мерейтойымен құттықтап, облыс азаматтарына, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына ризашылығын жеткізді. Кененнің есімі ұмытылмай, мерейтойлары тойланып, «Шырқа, даусым» байқауы тұрақты өткізіліп келе жатқанын айтып өтті. Мұнан соң «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев сөз алып, Шу ауданы әкімінің құттықтау хатын тапсырды. Соңынан Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның елу қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты және өзге марапаттар тапсырылды. Баспасөз мәслихаты барысында «Ән қанатындағы Әулиеата» кітабы мен «Әуені әсем Әулиеата» CD жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Сондай-ақ Кенен Әзірбаевтың бейнесі салынған кілемше таныстырылды. Мерейтойлық шара облыстық филармония өнерпаздарының «Әуені әсем Әулиеата» атты гала-концертпен түйінделді. Концерт «Жарты ғасыр – жалынды сәт» атты деректі фильммен ашылды. Әнмен әдіптелген кеш барысында Кенен Әзірбаевтың бейнесі сомдалып, «Құлақ» күйі орындалды. Кейіннен облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымы төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков құттықтау сөз сөйледі. Ерқанат Нұрбапаұлы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын филармония басшысы Сейітқасым Түктібаевқа тапсырды. Бірқатар өнерпаздарды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хаттарымен марапаттады. Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлының, Жабал Ерғалиевтың иығына зерлі шапан жапты. Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесі ұйымы төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков төраға Еркінбек Солтыбаевтың құттықтау хатын табыстады. Концерт барысында Жабал Ерғалиев, Бақытжан Кененұлы сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін білдірді. Бақытжан Кененұлы алыстан ат терлетіп келген Жабал Ерғалиевтың иығына шапан жауып құрмет көрсетсе, Жабал Ерғалиев облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовқа Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин туралы бес томдық кітапты сыйлады.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.