Конор Макгрегор Хабиб Нурмогамедовтан жеңіліп қалды

105
Конор Макгрегор Хабиб Нурмогамедовтан жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат — АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы «Ти-Мобайл Аренада» аралас жекпе-жектің (MMA) тарихындағы ең айтулы айқастардың бірі, UFC 229 турнирінің ақтық сайысы — ирландиялық Конор Макгрегор мен ресейлік Хабиб Нурмагомедовтың айқасы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғасыр айқасы» аталып кеткен кездесуде Нурмогамедов алғашқы раундта бірден өзіне ыңғайлы балуандық әдіске салды. Қарсыласын тапжылтпай басқанымен, Конор сауатты қорғана білді. Айқастың осылайша соққы алмасу тәртібімен өтпегеніне ырза болмаған залдың уілі аренаны шарлап кетті. Алғашқы раунд төрт минуттық партермен өтті.

Екінші раундта Хабибтің ауыр соққысы дәл тиді. Партерге қайта түсіп қалған Конордың жолы болмағаны анық. Үшінші минутта ирландиялықты тағы құлатып алған ресейлік айтарлықтай соққысын дарытып үлгерді. Екінші раунд Хабиб тарапынан бір жақты сабау тәртібімен аяқталды.

Үшінші раундта Конор алдыңғы екі раундтағы олқылықтың орнын толтырып, бірнеше соққысын өткізді. Алайда бетпе-бет айқаста Қап тауының қабыланы шыдас беретінін көрсеткісі келгендей. Хабибтің бірнеше клинч әдістері жеміссіз аяқталды.

Төртінші раунда Хабиб Нурмогамедов қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңіске жетті.

Айта кетсек, осы жекпе-жектің андеркартында турнирдің ең маңызды кездесулерінің бірі — жеңіл салмақтағы Тони Фергюсон мен Энтони Петтистің айқасы өткен болатын. Екі раунда созылған айқаста Энтони Петтистің қолы сынып, 34 жастағы Фергюсон жеңіс туын желбіретті.

Айта кетсек, бұған дейін Конор Макгрегор Хабиб Нурмагомедовпен өтетін жекпе-жектен 100 млн доллар табуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.

Фото: sport.inform.kz

 

kazinform.kz

Comments are closed.