Сапалы кірпішке сұраныс жоғары
Сапалы кірпішке сұраныс жоғары
Бүгінде облыста құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар көбейіп келеді. Бір ғана Меркі ауданында ғана қызыл кірпіш шығаратын 6 зауыт жұмыс істейді. Олардың екеуі өнімді жаңа технологиямен шығарады. Солардың бірі – Меркі ауылының маңында орналасқан «М.Строй инвест компани» ЖШС.
Серіктестік 2013 жылы құрылған. Құрал-жабдықтары Қытайдан әкелінген. Толық қуатында істегенде жылына 1,5 миллион дана кірпіш өндіреді. Қазір сұранысқа қарай тұтынушыларға жылына 1 миллион дана құрылыс материалын өткеруде. Өткен жылы ИСО-2000 сапа менеджменті жүйесін енгізген. Кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Зауыттың өнімін сатып алу үшін тұтынушылар Тараз қаласынан да ағылып келеді. Бұл орынды да. Кәсіпорын мамандары иленіп, қалыптарға құйылатын балшыққа көмір ұнтағын қосады. Олар пешке кіргізіліп, күйдірілген кезде ұнтақ толық жанып, кірпіштің сапасын арттырады. Сыңғырлаған кірпіштер берік әрі ылғалға төзімді. Оның бағасы да қолжетімді. Серіктестіктің бір экскаваторы бар. Көп жұмыс осы техниканың күшімен атқарылады. Бірнеше жүк автомашиналарын жеке тұлғалардан жалға алған. Тұтынушыларға сатып алған тауарларын осы көліктермен жеткізіп береді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 70 мың теңге. – Сапалы әрі арзан тауарға қашанда сұраныс жоғары. Сондықтан да біз өндіріп жатқан өніміміздің бағасын өсірмеуге, оның сапасын келешекте де жақсарта түсуге күш салудамыз, – дейді «М.Строй инвест компани» ЖШС директоры Асқар Құлмаханбетов.
Меркі ауданы.
Ақылжан Мамыт