- Advertisement -

ЖОЛ ТЕГІС, АУЫЗСУ БАР, ГАЗ ТАРТЫЛУДА…

515

- Advertisement -

Тәуелсіздік жылдары түлеген ауылдар

шалғай мекеннің шаруасы шалқыған, тұрғындары ешнәрсеге мұқтаж емес

Талас ауданының Бөлтірік шешен және Көшек батыр ауылдары құмды өңірде, аудан орталығынан шалғай орналасқан Кеңес ауылдық округіне қарайды. Кешегі одақ кезінде «Кеңес» аталатын совхоздың аты ғана қалып, заты жоғалғанымен ел еңсесін түсірген жоқ. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге түсіністікпен қарады. Еркін еңбекке жол ашылған тұста бірыңғай төрт түлік өсірумен шұғылданып келген бұрынғы совхоздың тұрғындары жеке шаруашылық құрылымдарын ұйымдастыруға кірісті.

От ауызды, орақ тілді Бөлтірік шешен мен қол бастаған Көшек батырдың есімін иеленген екі ауылдың үлкендері бас болып, бабалар атын асқақтатуды әр кез еске салып, нарықтық қатынастың өтпелі кезеңіндегі ауыртпашылықтың артта қалатынын, жақсы күндердің келетінін үнемі айтып отыратын.
Рас, өмір бар жерде қозғалыс тоқтамайды. Көші-қон процесі бұл алыс мекенді де айналып өткен жоқ. Совхоз тараған соң, екі қолға бір жұмыс табылмай тұрғындардың алды Таразға, басқа да ірі қалаларға қоныс аудара бастады. Әсіресе жастар жағы ауылда тұрақтамады. Ақылман қариялар ата-жұртты, қасиетті қара шаңырақты тастап қайда барсын, ауылда қалды. Келіп-кетіп жататын аудан басшыларынан қолдағы бес-алты тұяққа жемшөп немесе бала-шағаға қызмет сұраған жоқ. Ауылдың жайын айтты, мәселесін қозғады. Ауданнан келген басшы азаматтар да мәселенің бәрі бірте-бірте шешілетінін айтып, үмітті үзбейтін.
«Aq jol» газетінің Сарысу және Талас аудандарындағы тілшісі болып жүргенде өзімнің де жолым талай түскен ауылдар бұл. Осыдан 15 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазіргі ауылдың кескін-келбеті, бет-бейнесі көп өзгерген. Ажары да атқан таңдай. Тараз-Ақкөл-Ұланбел бағытындағы тақтайдай тегіс жолмен жеңіл көлікпен Бөлтірік шешен ауылына әне-міне дегенше келіп те қалдық.Үлкен жол бойынан солға бұрылғаннан «Кеңес ауылдық округі» деген жазуы бар үлкен арка қойылған. Сәл әріде тағы да ауылдың атын әйгілеген тағы бір үлкен белгі орнатылыпты. Баяғыда осы жол апаттық жағдайда еді. Қазір асфальт төселген, тақтайдай теп-тегіс. Қанша дегенмен жері құмды болғандықтан қыркүйек айының соңына таман бұл маң сарғайып, құлазып жататын. Ал қазір көкке тұнып тұр. Сірә, жазда ылғал мол түскен-ау…
Ауыл әкімдігі басқа ғимаратқа көшіпті, онда жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Оған жергілікті қазынадан 3 миллион теңге бөлінген. Болатжан Дуанбек деген азаматты аудандағы ең іргелі Ойық ауылының әкімі қызметінде жүргеннен жақсы білеміз. Жалпы, ауыл әкімдерінің жанкешті еңбегі еленіп, бағалана бермейді. Әйтпесе олардың қолында не бар? Ауылдағы білім мекемелерінің, учаскелік полиция инспекторының, байланыс қызметіне жауаптылардың және тағы басқа ауылдағы бірен-саран мекеме жетекшілерінің ауданда өз басшылары бар. Жеке шаруашылық құрылымдарының шаруасына да араласа алмайды. Солай бола тұра ауылда бір тауықтың аяғы сынып, бір тоқты жоқ болса, бірінші ауыл әкімінен сұралады. Сондықтан ортақ іске келгенде мемлекеттік мекемелердің басшыларымен де, жеке тірлігін дөңгелетіп отырған азаматтармен де тіл табысып, жұмыс істеу керек.
Ұйымдастырушылық қабілеті зор, іскер азаматтың мұндай қасиетін бұрыннан білетінбіз. Ауылдардың ажары тайып, базары тарқай бастаған ана жылдары оның пешенесіне өзі туып-өскен Ойық ауылын басқару жазылды. Ауыл әкімі ойға, қырға шапқылап жүріп, іргелі ауылдың бір шыбығын қисайтпай қиыншылықтан алып шықты. Енді, міне, бес жылдан асыпты Кеңес ауылдық аймағының әкімі қызметінде жүргеніне.
Ауыл әкімі істеген ісін, атқарған тірлігін айтып, «мен үйтіп жатырмын, бүйтіп жатырмын» демейді. Екі сөзінің бірінде мұндай жетістікке Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында, елдің ынтымағы мен бірлігінің нәтижесінде жетіп отырмыз дейді. Үкімет тарапынан ауылдарға жасалып жатқан қамқорлықты айтады, шаруаларға көрсетіліп жатқан көмекті еске салады. Әңгіме арасында облыс, аудан басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қамқорлықты да назардан тыс қалдырмады.
– Мемлекет басшысының саясатын жергілікті жерде іс жүзінде жүзеге асыратын саяси қызметкер болғандықтан біздерге жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Сондықтан да абыроймен еңбек етуге тиіспіз. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Біздің екі ауыл тұрғындарының бірлігі бекем, ынтымағы зор. Қандай да бір ортақ іске келгенде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей, ұйымдасып кетеді. Оны ана Көшек батыр кесенесіне баратын жолға Талас өзенінің үстінен көпір салғанда да көрсетті, – деді ауыл әкімі.
Екі ауылда 1788 адам тұрады. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауылдарда төрт түлік саны жылдан-жылға көбеюде. 1761 мүйізді ірі қара, 1200 жылқы, 22262 уақ мал және 174 түйе – шаруа баққан елдің берекесі, байлығы. Шаруаларын дөңгеленткен 27 шаруа қожалығы өрісті төрт түлікке толтыруда. Ауыл әкімі тұрғындардың ақадал малы ұры-қарылардың қолында кеткен емес дейді. Жалпы биылдыққа округ бойынша бірде-бір қылмыстық оқиға тіркелмепті. Ел болған соң ауыл азаматтары арасында түсініспеушілік орын алып жатса, оны қариялар талқыға салып өздері-ақ жөнге салатын көрінеді. Үлкенді сыйлаған, ынтымағы жарасқан ел осылай болады.
Әлгінде тақтайдай тегіс жол туралы айтып қалдық. Ана жылдары екі ауылдың арасындағы жолмен жүру де қиямет-қайым еді. Бүгінде қатынас жақсарып, жол жөнделіп, асфальт төселіпті. Ауылдарда ауызсу бар. Тек іргеден тартылған газ құбырының игілігін кеңестіктер көрмей келді демесеңіз. Әр жылдары ауданды басқарған азаматтар бұл мәселені облыстық, республикалық деңгейде аз көтерген жоқ. Сең қозғалып, ауылға құбыр тартылыпты. Енді ауылдағы қыз-келіншектердің от жағып, күл шығару машақатынан құтылар күні алыс емес. Қай ауылдың да жері құмды деп ойламайсың, көгерішке тұнып тұр.
2009 жылы Бөлтірік шешен ауылынан, 2011 жылы Көшек батыр ауылынан жаңа типтегі мектеп ғимараттары пайдалануға берілген. Білім алуға барынша жағдай жасалғандықтан мектеп түлектері биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден аудан бойынша алдыңғы қатардан көрініпті. Екі ауылда да мектепке дейінгі білім мекемесі мен медициналық пункт бар. Клуб пен кітапхана да ауыл тұрғындарының игілігіне айналуда.
…Ымырт үйіріле Таразды бетке алдық. Жолдың қос қапталында түлік төресі түйеден бастап, үйір-үйір жылқы, табын сиыр, отар қойды көріп, шалғайдағы ауыл тұрғындарының еңсесінің мықтап көтерілгеніне тағы да көз жеткізгендей болдық. Үкіметтің, облыс басшылығының қамқорлығы мен жан-жақты көмегінің арқасында жағдайын жасап, тірлігін түзеп алған шалғай мекендегі ағайындардың амандығын тіледік.

 

Амангелді ӘБІЛ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support