- Advertisement -

Туған жеріне оралмаған оғлан

286

- Advertisement -

«Осы арада айналғандай мәңгі отқа, Туған жерге қайтпай қалған солдаттар»… Иә, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Асилия Арестеевке туған жердің топырағы бұйырмай сүйегі Венгрияның Будапешт қаласы маңындағы бауырластар зиратында қалған. Жеңіс күніне бірнеше ай қалғанда бір шайқаста алған ауыр жарақатынан қаза табады. Бірақ үміт шіркін, үзілсін бе? Анасы Күләтай ұлынан бір хабар келер деп ұзақ күткен екен. Майдан даласынан жеткен хаттарды кеудесіне қысып, перзентінің «Анашым бұл соғыстың жеңіспен аяқталарына сеніңіз!» деген сөзіне қалай сенсе, балам аман шығар деп үміттеніп, туыстарынан оны іздеп табуды сұраған…
Иә, туыстары оны жиырма жыл бойы іздеп, ақыры тапты. Бірақ… Жауынгер Арестеевтің жатқан жері Будапешт қаласынан шамамен 30 километр қашықтықта орналасқан Тинье ауылындағы шіркеудің қасында екен. Бұл туралы батырдың туысы Махамбет Арестеев айтып берді. Іздесек табармыз деген үміт басым болғанын қарияның сөзінен аңғарылды.
Бауырының табылғаны туралы хабарды естігеннен кейін Махамбет Арестеев ағасының жатқан жеріне барып, туған жердің топырағын салып қайтуға бел буады. Содан Тараз қалалық әкімдігіне хабарласып, барып-келу үшін жол шығынына қаржылай қолдау көрсетуді сұраған екен. Көптеген құжаттар дайындағанымен ешқандай көмек болмапты. «Венгрияға барып келдім. Шіркеу маңындағы бауырластар зиратына жерленген ағамның жатқан жеріне топырақ салып, құран бағыштап қайттым. Ол жатқан жерден де топырақ ала келдім. Енді соны өзінің туған жеріне көміп, тасын қоямыз. Осы қазан айының 10-на ас беремін», – дейді Махамбет Арестеев.
Асилия Арестеев 1921 жылы Талдыөзен (кейін Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылына қосылған) колхозында дүниеге келгенімен, балалық шағы Малдыбай ауылында өткен. Әкесі Оразымбет Арестеев өмірден ерте кеткен соң, анасы Күләтай бір өзі өсіріп-жеткізген. Үйдің үлкені болғаннан кейін, барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, анасына көмектескен.
– Менің есімде қалғаны, ол өте ашық-жарқын болатын. Ұйқыдан ерте оянатын, үйдегілерді де аяғынан тік тұрғызатын. Үйдің шаруасын бітіргеннен кейін, жұмысқа кетіп, егістікке көмектесетін. Сөйтіп үйге кеш оралатын, – дейді Махамбет Арестеев.
1941-1942 жылдар аралығында Джалал-Абад аудандық қаржы бөлімінде инспектор болып жұмыс істеген Асилия Арестеев 1942 жылы Қызыл Армия қатарына қабылданады. Сөйтіп 1944 жылы коммунистік партияның мүшесі болған.
Майданға 1942 жылдың 2 қазанында Қырғызстанның Киров аудандық әскери комиссариатынан шақырту алады. 1942-1943 жылдар аралығында кіші лейтенанттар даярлайтын арнайы курстан өтіп, майдан резервіне алынған. «Еңбек Қызыл Ту» орденді 19 Воронеж-Шумлинск атқыштар дивизиясы 32 атқыштар полкінің взвод командирі болған. Соғыста жүріп, сержант және кіші лейтенант, лейтенант шенін алған. 1943-1944 жылдары 2-Украина майданында соғысып, әрі қарай 3-Украина майданында 64-атқыштар корпусының құрамында шайқасыпты. Бұл шайқастардан жараланбай, аман-есен өтеді. Әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін бірнеше жоғары марапаттарға ие болған. Осылайша неміс басқыншыларына қарсы күресте командалық тапсырмаларды үлгілі орындағаны және ерлік пен батырлығы үшін кіші лейтенант А.Арестеев 1943 жылы 15 желтоқсанда «Қызыл Жұлдыз», 1944 жылы 30 қарашада ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапаттаған.
«Қызыл жұлдыз» орденінің марапаттау парағына өзінің жеке жауынгерлік ерлігі туралы мынадай мәтінде қысқаша мәлімет бар: «Жолдас Арестеев батыл әрі шешімді тез қабылдайтын командир болған. 177,9 биіктікте болған шайқаста біздің бөлімшеміз жаудың аңғарына шабуыл жасады. Жаудың шұңқырына 200 метр қалғанда, немістер екі пулеметпен оқ жаудырды. Біздің жаяу әскер бас көтере алмай, бұқпантайлап жатып қалды. Сонда Жолдас Арестеев тез арада шешім қабылдап, бірнеше минамен екі пулеметті және сегіз жаяу сарбаздың көзін жойды. Сонымен қоса, жолдас Арестеев жаудың минометтік батареясын жойды».
Асилия Арестеев майдан даласында алғырлығының арқасында талай жаудың бетін қайтарған. Сөйтіп лейтенант, батыр жауынгер 1945 жылы 11 ақпанда Венгрияда қаза табады.
Елі үшін кеудесін оққа тосқан ержүрек майдангердің ерлігін жерлестері біліп, лайықты құрмет көрсетілсе, қанекей. Махамбет қарияның да арманы осы. Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында биыл ғана жаңадан бой көтерген «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі майдангерлерге арналған ескерткіш тақтаға есімі жазылса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Камила БОРАШОВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support