- Advertisement -

Тәуекел түбі – желқайық

98

- Advertisement -

Фируза Шарипова Ева Вальстреммен жұдырықтаса ма?

Кәсіпқой бокс әлемінде қазақ арулары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Фируза Шарипова өз салмағында әлем мықтыларының бірі, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы финляндиялық Ева Вальстреммен жұдырықтасады.
Дереккөздерге сенсек, Фируза Шарипова бұл жолы өзіне тиесілі IBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін бәске тіксе, Вальстрем WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Жекпе-жек 22 желтоқсан күні Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өтеді деп жоспарлануда.
Фируза соңғы кездесуінде де Санкт-Петербург қаласындағы шаршы алаңға көтеріліп, Юлия Куценкодан айласын асырған болатын. Аталмыш жекпе-жекті Ева Вальстрем арнайы келіп тамашалаған-ды. Шайқас аяқталған соң Вальстрем рингке шығып, қазақстандық боксшымен «көз арбасу» кездесуін өткізді.
Бұл жекпе-жек жерлесіміз Фируза Шариповаға оңай соқпайтыны анық. Финляндия боксшысы кәсіби мансабында жиырма үш мәрте шаршы алаңға шығып, жиырма екі мәрте жеңіс тойын тойлаған. Бір мәрте қарсыласымен тең түскен. Ева Вальстремнің осы статистикасының өзі көп жайттан хабар беріп тұрса керек. Осы шайқастың жеңімпазы екінші жартылай жеңіл салмақтың көшбасшысы атанады.
Ева Вальстрем бір мәрте қарсыласымен тең түскенін тілге тиек еттік. Вальстремге жеңілмеген жалғыз боксшы – болгариялық Милена Колева. Бұл боксшымен Фируза да жұдырықтасқан болатын. Өткен жылы Фируза Колеваны төрешілердің бір жақты шешімімен жеңген-ді.
Жамбыл бокс мектебінің түлегі Фируза бұл кездесуде жеңіске жете ала ма? Негізі екі қарсылас бір-біріне өте лайықты. Әйткенмен жиырма төрт жастағы жерлесіміз нағыз бабында. Техникалық шеберлігі жыл өткен сайын толысып келе жатқан Фируза Вальстремнің атағынан қаймықпайтыны айқын. Оның үстіне Ева Вальстремнің жасы отыз сегізге толды. Ал спортта жас айырмашылығы кәдімгідей рөл ойнайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да біз жерлесіміздің жеңіске жететініне сенімдіміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support