Білім

«Жамбыл» қонақ үйінен көрме ашылды

«Жамбыл» қонақ үйінен көрме ашылды

«Жамбыл» қонақ үйінің 60 жылға жуық тарихы бар. Осы жылдар ішінде талай қоғам және мемлекет, мәдениет, спорт қайраткерлері келіп қонған. Бұған қонақ үйде меймандарға және тапсырыс берушілерге көрсетілетін қызмет қашанда сапалы болатыны ықпал еткені анық. Күні кеше аталмыш қонақ үйдің жеке музейі ашылды. Әрине, бұл шараның өзіндік мәні бар. Музейдің ашылу салтанатында «Жамбыл» қонақ үйінің директоры Марита Әбілпатта сөз сөйлеп, мекеменің тарихына кеңінен тоқталып өтті. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова музейлік туризмнің осыдан бір ғасыр бұрын пайда болғанын, «Жамбыл» қонақ үйінің қолға алған шарасы құптарлық іс екенін айта келіп, жаңа музейдің жұмысына сәттілік тіледі. Кейіннен сөз алған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалының өкілі Нағима Молдахметова, «Туристік индустрия» қауымдастығының төрайымы Валерия Батуева, «Алтын керуен» туристік орталығының төрайымы Альбина Веймер, аталған қонақ үйдің ардагер қызметкері Наталья Понник жылы лебіздерін білдірді. Облыстық «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровтың қолдауымен 1961 жылы Жамбыл ескерткіші мен «Жамбыл» қонақ үйі бір күнде ашылғанын айтып, тарихтан сыр шертті. Кейіннен жиналғандар жаңа музейді аралап көрді. Мұнда осыдан 60 жыл бұрын пайдаланылған шыны ыдыстар, жазу үстелі, сияқұйғыш және тарихи құжаттардың көшірмелері қойылыпты. Әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов Таразға алғаш келгенінде 6 ай осы қонақ үйде тұрған екен. Бұл күнде композитордың төсегі де музей жәдігеріне айналыпты. Сондай-ақ осында әр жылдары белгілі тұлғалардың қонақ болғаны тайға таңба басқандай жазылыпты. Олардың ішінде Республика басшыларынан бастап, мәдениет пен өнердің көрнекті өкілдері, Еңбек Ерлері, Кеңес Одағының батырлары бар. Қонақ үйде алғашқы жылдары қызмет атқарған Тоқтасын Зәкиров, Мария Баброва, Наталья Понник,Оралкүл Әшірбаева және басқалардың да есімдері Құрмет тақтасына ілініпті. Музейдің экспонаты әлі де құнды жәдігерлермен толыға түсетіні анық. Соңыра облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова бірқатар белсенді азаматтарға Алғыс хат тапсырды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.