Білім

«Коворкинг» орталықтары көбейді

«Коворкинг» орталықтары көбейді

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы жүзеге асуы тиіс кіші бағдарламалардың бірі – «Рухани қазына» десек, кітапханалар – рухани қазынаның өзегі. Қазір «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» атты жобасы аясында өңірлерде «Коворкинг» орталықтары ашылып жатқаны белгілі. Сейсенбі күні М.Әуезов атындағы кітапханада осындай заманауи нысанның тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қатысып, сөз сөйледі. Ол жас күнінде оқыған әдеби кітаптары өмір жолындағы жетістіктерге жол ашқанын, көркем шығарманың таусылмас қазына екенін айтып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Ғалымжан Райылұлы кітапханаға келген қарттармен, оқырмандармен және жасөспірімдермен еркін әңгімелесіп, оларға балалық шағынан әсерлі естеліктер айтып берді. Шаһар басшысы жасөспірімдерге арналған кинозалымен де танысты. Кітапхана меңгерушісі Жаңакүл Ақымбекова қала әкіміне мұндағы заманауи жетістіктерді баяндады. «Коворкинг» орталығында бірнеше кітап көрмесі ұйымдастырылған. Киноэкран, интерактивті тақта оқырмандарға үздіксіз қызмет етеді. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен тегіс қамтылған. Жасөспірімдерге қажетті компьютер, ноутбук жеткілікті. Олар жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылған. Оқырмандарға кітап базаларымен жұмыс істеуге, түрлі басылымдардан дер кезінде қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бар. Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов осындай «Коворкинг» орталығы ашылған №6 кітапхана ұжымымен онлайн байланысқа шығып, оларды құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Е.Жаңабайұлы.

Тараз қаласы.