Тамды қалашығы

364

Қасиетті де киелі Әулиеата өңірінде, кең-байтақ даласы мен тау-шатқалдарының қойнауында – жеті қат жер астында әлі қаншама құнды мұраларымыз жарқ етіп көрінер мезетін күтіп, көмулі күйінде жатыр десеңізші!
Ғалымдарымыз айтып жүргендей, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттелген және оның салалық бағдарламасы бойынша зерттеліп жатқан археологиялық ескерткіштердің қатарында қазақ хандықтары кезеңінен сақталған ескерткіштің жоқтығынан, дәп осы кезең отандық археологиямыздан өзінің лайықты орнын ойып ала алмай жүр. Соңғы он-он бес жыл ішінде тікелей осы кезеңнен сақталған бірде-бір археологиялық ескерткіште қазба жұмыстары жүргізілмепті. Тарихымыздағы көптеген «ақтаңдақтарды» шешудің бір жолы, міне, осы істі ұқсатуда жатқандығын әсте ұмытпауға тиіспіз. Исі Әулиеата өңіріндегі, одан қалды қарт Қаратаудың іргесіндегі ежелгі адамдар мекен еткен ескі қоныстар орындары, Мойынқұм ауданындағы Шәрі, Қойшыман қалашықтары, Хан қорасы ескерткіштері «кілтін» тапса, тарих шежіресін ағыл-тегіл ақтарары анық. Көне тарихи орындардан Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлаған Тұлпарсаз, Керейхан мен Жәнібек сұлтанның жайлауы болған Қозыбасы және тарихи Аңырақай да Әулиеата өңірінде жатыр.
Осы күндерде ауыл, қала ішінде қалып қойып бұзылып жатқан ортағасырлық Қордай, Меркі төрткүлдері, газ құбырларын тарту кезінде бүгінгі күнге дейін жеткен қалпын сақтап қала алмаған Жетітөбе сақ обалары, көктем сайын өзен шайып жатқан Түймекент, Тамды ескерткіштерінің жайы да алаңдатарлықтай күйде.
Тамды демекші… Кәрі Қаратаудың баурайында қабырғасы VII-IX ғасырларда қаланған осы аттас көне қалашық орны бар. Тарихи деректерде «Берукет», «Тамкент» деп те аталады. Жергілікті тұрғындар іргесінен Тамды өзені ағып өтетіндіктен, «Тамды» деп атап кеткен. Қалашықтың екі гектар аумағы сақталып отыр. Цитаделі мен шахристаны қазылған. Рабат бөлігі қозғаусыз жатыр. Бұл кент орнын алғаш 1893-94 жылдары әйгілі археолог ғалым Бернштам келіп зерттеген көрінеді. Оның пікірі қалашықты парсылар соққан дегенге саяды. Алайда оның болжамын алғашында Жетісу, кейіннен Жамбыл облысы экспедицияларының құрамында зерттеу жүргізген Патсеевич мүлде жоққа шығарып, Тамдыны парсылар емес, жергілікті тұрғындар салған деген нақты деректер келтіріп, дәлелдейді.
Бір жолымыз түскенде, көне қалашық орнына арнайы атбасын бұрдық. Жалпы аумағы темір қоршаумен қоршалып қойылыпты. Аудандық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Кәмшат Қарабаева бізге қалашық жайын тәптіштеп айтып та берді.
Оның айтуынша, 2009-2011 жылдары мұнда «Тұран» экспедициясының археологі, ғалым Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізіліп, арнайы кесік жасалған. Лазерлі теодалитпен қалашық орны, қанша көлемі сақталғаны, барлығы қағазға түсіріліп, жазылынып алыныпты. Қазір кіреберіс қақпасына кесік жасалып, сегізінші ғасырға дейінгі мәдени қабаттары – Нақты төрт-бес бөлмесі аршылып, ортағасыр қалшығы екені нақтыланып отыр. Қабырғаларының күмбезделіп қаланғаны, қазған кезде сапалы қыштан жасалған көптеген құмыра, ыдыстардың табылуы, дастархандардың асты-үстінің ою-өрнектермен безендірілуі, ең бастысы, қала ішіндегі лас суларды сыртқа ағызылып жіберілуіне арналған кәріз жүйесінің болуы – мұның нақты айғағындай. Сол кездегі жергілікті тұрғындардың гигиеналық тазалық пен мәдениетті сақтағаны, эстетикалық мәдениеттің өте жоғары болғаны ыдыс-аяқтар мен бөлмелер құрылысынан да тайға таңба басқандай менмұндалап тұр. Тас арасынан қазылып алынған қыш құбырлардың бір-екеуі аудандық музейге қойылған.
Әрбір бөлме табанынан ор, ұра қазылып қойылғаны ғылыми әлеуетті әр тарапқа жетелеуде. Болжамдардың бірінде олардың қала сыртында қиян-кескі шайқастар жүргізілуіне байланысты қалашық ішінде су болмай қалатыны ескеріліп, қазылған құдықтар екені айтылады. Екіншісінде ор, ұралардың ауру немесе жас, кәрі кісілерді көмуге қызмет еткені тұспалданады. Мұндай байламға келуге ұралар ішінен адам сүйектерінің табылуы негіз болған секілді. Алайда мәйіттер құран оқытылып, қайта көмілді.
Биыл археолог ғалым М.Елеуов Ұлттық музей қызметкерлерімен бірге келіп, аумақта тағы да біраз қазба жұмыстарын жүргізген екен. Нәтижесінде бір бөлме аршылып, бес бөлме жабдықталған. Қазба жұмыстары кезінде бірқатар археологиялық құнды жәдігерлер табылыпты. Олардың бірі де бірегейі мойны кетілген, сынған балбалтас болып отыр. Оның кімге арналғаны белгісіз. Бұл да бәдіз өнерінің бір түрі. Негізінен шенді-шекпенді, зиялы кісілерге, хандарға арналып жасалатыны тарихтан белгілі.
Жалпы, балбалтастарға қатысты үш түрлі долбар айтылады. Алғашқысы – шенді-шекпенділер басына қойылатындығы. Сондай-ақ жауынгерлер қаза болғанда оның тірі кезінде өлтірген жауының түріне ұқсатып, балбалтас жасап, бірге көмген. Ондағысы – ханға немесе батырға қызмет жасасын деген ниет. Үшіншісі Көк Тәңірге, көк тасқа табынған көне түркілер Ұмай ананың жердегі өкілдері деп есептелгендіктен, оларға балбалтастар қашалуы ғұрыпқа енген.
Айтпақшы, көне қалашық орнынан қол диірменнің көлемі үлкендеу астыңғы тасы табылуы ғалымдардың тосын болжамдар жасауына түрткі болуда. Бұдан шығатын қорытынды, ілгеріде бұл өңірде жүзім алқаптары болған. Диірмен тасының ауқымдылығы мен бетіне түскен таңба, іздері жүзім шырынын сығып, шарап жасауға арналғанын аңғартады. Билікөл керуен жолының бойындағы осынау қалашықтан жүзім шарабы жан-жаққа жөнелтіліп тұрған. Керуен жолы шығысында Бектөбеге, Тараздағы төрткүл сарайына, одан әрі Қытайға, ал батысында Созақ, Сайрам, Шашқа шығады деседі ел. Тамды қалашығында ханның сарайы болған деген де болжам бар.
Заманында құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнап, саудасы қызып жататын сән сәулетті қаланың басынан бағы тайып, базары тарқағалы қай заман. Құм астына көмілген көне кенттің құмыққан үні құлаққа келетіндей. Тарихи ескерткіштер орындарын қазір қорғап сақтау, қалпына келтіру мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны белгілі. 2009-2011 жылдары қалашықтың цитаделі аумағының төбесі жабылып, айналасы қоршалыпты. Тек қазылған бөліктердің біразының қамтылмай, ашық қалғандықтан аршылған қабаттардың қар, жаңбырдан бүлініп, морып құлауға айналып тұрғаны болмаса.
– Мұнда қазба жұмыстары 2017 жылы мамыр айында да жүргізіліп, біраз жабдықтау, жарақтау ісі жүзеге асты. Жақында рабат орнының ашық қалған үстін жапқалы отырмыз. Қабырғаларының біразы құлап та жатыр. Бұл аумақта ортағасырлық көне қалалардың бірінің сілемі жатқанын, тарихи маңыздылығы ерекше екенін тұрғындардың ескере бермейтіні өкінішті. Аумақтағы қоршау шарбақтың да, аршылған цитадельдің жабық кешенінің де есіктерінің құлпын бұзып ашып, малын жайып, ішін ластап, ойларына келгендерін істеп кетуді тыймай тұр, – деп қынжылысын жеткізді К.Қарабаева.
Шынында да біздің рухани жаңғыруымыз үшін де ең алдымен тарихымызды түстеп танып, тағылымын түсінгеніміз бәрінен де маңызды емес пе?! Тамды қалашығы да осындай тағылымымен әлі талай ұрпақты өзіне баурай тартарына сеніміміз мол.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Comments are closed.