ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

97

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 1 қазан – Халықаралық қарттар күні болып бекітілгені баршамызға белгілі. Қазақ халқы қарияларды бекер қазынаға теңемеген. Өйткені олар кешегі жалынды жастық жігерін елді өркендетуге арнаған, бүгін өмірден көргені, көкейге түйгені көп ақылшыға айналған. Жыл сайын мемлекеттің дамуы мен қалыптасуына қосқан зор үлесін бағалап, қарттарымызға лайықты деңгейде құрмет көрсетіліп жататыны да сондықтан. Бұл – үлкенді сыйлау, құрметтеу дәстүрінің жалғасы.
Халықаралық статистикалық ұйымдардың келтірген деректеріне сүйенсек, қазір 60 жастан асқан жер шары тұрғындарының саны 1 миллиардтан асатын көрінеді. Сарапшылардың мәліметінше, экономикасы дамыған, әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан өркениетті елдердегі қарттардың үлесі сол елдердегі халықтың бестен бірін құрайды екен. Биыл тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын атап өткелі отырған біздің елімізде бұл көрсеткіштің деңгейі біршама өскен. Ал облыста зейнеткерлер саны 122 мыңнан асып отыр. Олар мемлекет қамқорлығына бөленіп, ынтымақты зейнетақымен қамтамасыз етілген.
Елімізде әрбір азаматтың қарттық шағын лайықты қамтамасыз ету – қарт адамдар өмірінің сапасы мен әлеуметтік мәселелерді жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі десек, қателеспейміз. Бүгінгі таңда республикамыздағы мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қарттардың әлеуметтік оқшаулануына және оларды кемсітуге жол жоқ. Мұндай факторлардың орын алуына тосқауыл қойылған. Қазақстан халқының тарихында алдыңғы толқын ағаларымыз, ардақты аналарымыз қоғам дамуына экономикалық санаттармен айқындауға болмайтын өзінің құнды үлесін қосқан. Олар отбасы мен қоғамда өмірлік маңызды рөлге ие.
Соңымыздан ерген әрбір жаңа буын, жас ұрпақ алдыңғы толқын ағалары мен аналарының даналығынан, олардың бай іс-тәжірибесінен және жоғары рухани байлығынан үлгі алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ардагерлермен болған бір кездесуде: «Жастарға рухани-патриоттық күш-сезімді, азаматтықты сіздерден басқа кім көрсете алады? Сіздер ғана жас ұрпаққа туған елге деген сүйіспеншілікті үйрете аласыздар», деп ардагерлерге үміт артып, сенім білдіруі – қазыналы қарттарымыздың қоғамдағы орнын айшықтап тұр емес пе?! Міне, сондықтан облыстық ардагерлер ұйымы үнемі жастармен, орта буынмен маңызды кездесулер өткізіп, қоғамдағы түйткілді мәселелердің шешімін табуға өз үлесін қосудан қалыс қалған емес.
Ардагерлерге облыс, Тараз қалалық және аудан әкімдіктері тарапынан да айтарлықтай қамқорлық көрсетілуде. Облыстың барлық емдеу-сауықтыру мекемелерінде ардагерлерге қызмет көрсету жолға қойылған. Соның бір дәлелі – жыл басынан бері 638 ардагерге «Айша бибі» шипажайына жолдама берілуі. Сонымен қатар барлық дерлік ауруханаларда ардагерлерге арналған арнайы палаталар бар және онда қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Жылына бір рет тегін медициналық тексеруден өтіп тұру жағы да қарастырылған. Осының бәрі мемлекет тарапынан қарттарға көрсетіліп жатқан үлкен қамқорлық.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.