Саясат

Қариялардың көңілін көтерді

Қариялардың көңілін көтерді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында болып, «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс-шараға қатысты. Бұл орталықтан 155 қария қызмет алады. Оларға барлық жағдай жасалған. Мереке иелерінің алдында Бекболат Серікбекұлы сөз сөйлеп, қарттарды облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан құттықтады. – Халқымызда «Қартың болса – қазынаң» деген даналық сөз бар. Аталардың өсиеті, әжелердің даналығы қашанда ұрпақ тәрбиесіне оң әсер еткен. Облысымызда қоғамның дамуына еңбек сіңірген қазыналы қариялар аз емес. Барша қарттарды мемлекет қамқорлығынан тыс қалдырған емес. Мұның барлығы – Елбасының сара саясатының жемісі. Қазіргі таңда облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы дамып келеді. Ол өркендеуге қарттардың да қосып жүрген үлесі мол. Сондықтан баршаларыңызды Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, амандық, береке, бақыт тілеймін, – деді ол. Кейіннен концерттік бағдарламаға кезек берілді. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің фольклорлық ансамблі күй күмбірлетсе, жас әншілер Замир Әуелбеков пен Жәнібек Бестерек әннен шашу шашты. «Бозторғай» жасөспірімдер ансамблі би биледі. Концерт барысында қызмет алушы қарттар да қалыс қалмады. Татьяна Шумилова «Василек» әнін орындаса, Владимир Гришин «Дорогие мои старики» әнін замандастарына тарту етті. Орталықтың музыка жетекшісі Алмас Құлбасов қызмет алушы Александр Карпинскийдің сөзіне жазылған «Будем жить» атты өзінің әнін орындап берді. Жиын соңында орталықтың директоры Гүлжауһар Құшанова мерекеге белсене қатысқан өнерпаздар мен қарттарға Алғыс хаттар тапсырып, рахметін айтты.

 

Есет Досалы