Экономика

Елімізде баламасы жоқ кәсіпорын

Елімізде баламасы жоқ кәсіпорын

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="86967,86968,86969,86971"]

«Talas Investment Company» ЖШС жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіруде. бұл көрсеткіш 2021 жылы 30 мың тоннаға жетеді деп күтілуде

Кең-байтақ жеріміздің асты, үсті алуан түрлі кен қазбаларына толы екені баяғыдан бері айтылып та, жазылып та жүр. Тек оны бұрынғы кеңестік одақ тұсында ресейлік зауыттар бізден шикізат күйінде ғана алып, ал өңдеп, дайын өнім түрінде ұсынуды өздері жүзеге асырып келді. Ал бізде өңдеуші кәсіпорындар жоқтың қасы болды. Тәуелсіздік жылдарында, міне, осы иен байлығымызды өзіміз өңдеп, ұқсатуға қол жеткіздік. Зауыт, фабрикалар да ел аумағында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жапырлай бой көтеруде. Бүгінде еліміз, оның ішінде өңіріміз де индустрияландыру бағытын ұстанып отыр. Жаңа өндіріс орындары – соның жемісі.Талас жері мыңғырған малға ғана емес, кен қазбаларына да бай. Ауданда бүгінде негізінен газ, фосфор, мәрмәр тас, әк тас, кальцедон кен орындары игерілу үстінде. Тамды ауылынан Қаратау қаласына барар жолда алып цистерналары мен мұржалары алыстан менмұндалаған кәсіпорынның бірден көзіңізге түсері анық. Кәрі Қаратау етегінен ірге көтеріп, маң далаға маңғаз шөккен бұл зауыт өңірімізде 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Натрий цианидін өндіретін еліміздегі ең алғашқы, ең жаңа заманауи технологияларға негізделген, толықтай автоматтандырылған, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін зауытыңыз да осы. – Қазіргі уақытта ауқымды жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Жұмысымыз да жоспарға сай жүргізілу үстінде. Ең бастысы, өндірген өнімдеріміз толық өткерілуде. Айрықша сұранысқа ие болуы себепті, бұл өнім түрін алу үшін кезекке тұрған тараптар да бар, – дейді «Talas Investment Company» ЖШС-ның бас директоры Ерлан Нұрханов. Айта кету керек, ол бастапқыда өндіріс басшысының орынбасары қызметін атқарған. Оның алдында Шымкент қаласындағы бұрғылау компаниясында еңбек етіп, едәуір тәжірибе жинақтап, өндіріс басшысы да болыпты. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері серіктестіктің басқару тізгінін қолына алған. Оның айтуынша, мұнда 2015 жылы зауыттың іске қосылуы кезінен бастап, екі жыл бойы біршама қиындықтар орын алған. «Бұл жағдай 2017 жылға дейін жалғасты. Ол кезде өндіріс басшысының орынбасары қызметін атқарған едім. Қытай технологиясын реттеп, жүйелі жолға қоя алмай едәуір қиналдық. Қытайлық мамандар дұрыс жұмыс істемеді ме, әлде өз тарапымыздан кемшілік кетті ме, тәжірибесіздіктен де болар, екі жылымыз текке кетті», – дейді ол. Қалай десек те, тақыр жерден алып зауыт тұрғызу анау айтқандай жеңілге түспейтіні белгілі. Бұл тұрғыда кәсіпорын өзінің қалыптасу кезеңінен де өтті. Енді дамудың даңғыл жолына түсіп отыр. Былтыр Ресейден білікті маманның келіп, бірлесе жұмыс істеуді бастауы өзінің оң жемісін беруде екен. Қазіргі уақытта зауыт өз қуаттылығының 80 пайыздық деңгейінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал келер жылғы наурыз-сәуір айларында бірқатар технологиялық және жұмыс үдерістері нығайтылуымен байланысты толық қуатында жұмыс істей бастайды деп күтілуде. Жалпы зауыт толық қуатында жұмыс істеген жағдайда жылына 15 мың, ал айына 1250 тонна өнім өндірілуге тиіс. Қазіргі таңда айына 800-1000 тонна аралығында цианид шығарылуда. Жалпы аталмыш өндіріс орнының еліміздегі химия өндірісі ауқымындағы алатын орны, өнімінің стратегиялық маңызы жөнінде де зерттеу жасап көрген едік. Кәсіпорын елімізге ғана емес, ТМД елдеріне де кеңінен танымал болып шықты. Бүгінгі таңда өнім өндіру тұрғысынан Ресейден кейінгі екінші орынды нық иеленіп отыр. Ресейдің Дзержинский қаласындағы зауыттың жылына 25 мың тонна цианид өндіретіндігімен мойны анағұрлым озық тұр. Мұндай кәсіпорын Саратов қаласында бағзыдан бері бар. Оның қуаттылығы біздегіден екі еседей төмен. Өзбекстандағы Науаи, Грузиядағы Руставели қалаларындағы зауыттардың да қуаттылығы біздегідей ауқымды емес. Бүгінде Қаратау алыбымен көршілес Қытай еліндегі цианид зауыты ғана жаһандық нарық кеңістігінде басты бәсекелес ретінде тіркелген. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, көмектің де, жеңілдіктердің де көптігінен болар. Негізінен натрий цианиді алтынды топырақтан айыруға арналған химикат екені белгілі. Алтын өндіру ісі елімізде ғана емес, өңірімізде де кең қанат жайып отырғанын ескерсек, оның өзімізде де сұраныспен пайдаланылатыны айтпаса да түсінікті. Ал оны өндіру үшін қажетті газ бен электр қуатына ділгірлік жоқ. Басты шикізат саналатын күкірт қышқылы жергілікті жерде өндіріледі. Аммиак өнімі де Қазақстандыкі, Ақтаудағы «Қазазот» компаниясынан жеткізіледі. Тек каустикалық сода ғана сырттан, Қытай елінен алынып отыр. Жалпы өндіріс үшін жылына көлемі сағатына 3750 текше метр табиғи газ, 9566 тонна аммиак, 3770 тонна күкірт қышқылы, 13800 тонна натрий гидроксиді – каустикалық сода қажет. Натрий цианидін өндіру үшін алдымен табиғи газ катализатордан өтеді. Құрамындағы метанды 89-96 пайызға жеткізеді. Ары қарай оған аммиакты қосып синил қышқылын алады. Сосын синил қышқылына натрий гидроксиді қосылып, натрий цианиді алынады. Енді осы химиялық түзілістерден шыққан газдың бәрін залалсыздандыру-тазалау кезінде аммоний сульфаты шығады (минералды тыңайтқыш). Демек, технологиялық тұрғыдан өте қарапайым. Зауыттың санитарлық қорғау аймағы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген санитарлық ережелерге сай 1000 метрден кем болмауы қажет. Демек, ең жақын орналасқан үймен арақашықтығы – кем дегенде 1000 метр. Ол қала мен зауыт арасында сақталынған. Натрий цианиді. Зауыттың алтынмен бірдей бағаланып отырған басты өнімі де осы. Әзірге зауыт мұндай өнімді бұрындары Ресей мен Қытай мемлекеттерінен алып келген елімізді толық қамтамасыз етуге де қауқарлы. Қаратау алыбының қасқалдақтың қанындай қымбат өнімдері ішінара алдын ала жасалынған келісімшарттарға сәйкес Ресей, Тәжікстан, Қырғыз елдеріне де экспортқа шығарылады екен. Ал біз тап іргемізден еліміз бойынша ешқандай да баламасы жоқ, тіпті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде де кеңінен танымал алып өндіріс орны еңсе көтеріп, табысты жұмыс істеп жатқанына аса мән бермейтін сияқтымыз. Бұл Мемлекет басшысының алға қойған асқаралы міндеттерімен де өзектес. Қазіргі жағдайда экономиканы дамыған инновациялық технологиясыз елестету мүмкін емес. Осы орайда елімізде, оның ішінде өңірімізде де Төртінші өнеркәсіптік революция элементтері өндіріске кеңінен енгізіле бастауын тек құптауға тиіспіз. Бұл қаратаулық химияшылардың жаһандық өркениет талаптарына нақты да ұтымды жауабы, жаңашылдық пен жасампаздық үрдістеріне ілесе алуы дер едік. Қытай мен Ресей секілді алпауыт елдер ұршықша үйіріп отырған осынау кәсіп қазақ азаматтарының да қолынан келетіні дәлелденді! Осы ретте айта кетерлік жай, жергілікті тұрғындар «у зауыты» атап кеткендіктен бе, жастардың басым дені мұнда жұмыс істеуге аса ықылас таныта қоймайтыны байқалады. Алайда өндіріс орнында бастан-аяқ қауіпсіздік шаралары мұқият сақталады. Барлық буындағы жұмыс үдерістері технология көмегімен жүзеге асырылады емес пе? Әрі цианид өнімдері құрғақ түйіршік түрінде шығарылады екен. Арнайы ыдыстары бар. Тасымалданғанда да арнайы капсулаға салынып, контейнерлерге тиеліп, пайдаланатын зауыттарға жіберіледі. Шашылып қалған күнде де қоршаған ортаға аса залалы тие қоймайды. Тек су тиюіне жол берілмесе болғаны. Цианид өнімі темір жол арқылы арнайы күзетпен, жан-жақты жарақтандырылған жүк көліктерімен (фуролармен) тасымалданады. Оны кез келген компанияның тасымалдауына да жол берілмейді. Мұндай жағдайда тиісті мемлекеттік органдар тарапынан алған қауіпті жүкті тасымалдау туралы рұқсаты болуы шарт. Әлбетте, автокөліктер де соған сәйкес жабдықталуға тиіс. Осы орайда зауыт басшысы да алтын өндіруде қолданылатын цианидтің денсаулыққа ешқандай зияны жоқ екендігін айтып қалды. Ең бастысы, кім-кімнің де ең әуелі зауыт құрылысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың және Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі сараптамасының оң шешімді қорытындылары алынғанын ескергені де жөн-ау! Айтпақшы, бүгінде зауыт еңбеккерлері цифрлық технология енгізілуінің жемісін де көріп отыр. Жалпы операторлық бақылау пультіндегі төрт-ақ жігіт күллі зауытты басқарып отыр десе де болады. Әлбетте, қол күшін қажет ететін жұмыс орындары баршылық. Қазір кәсіпорында төрт ауысым бойынша барлығы 500 адам жұмыс істейді. Олар айлық жалақыларын да уақтылы алады. Үш мезгіл ыстық ас та беріледі. Зауыт еңбеккерлерінің 90 пайызы – жергілікті тұрғындар. Вахталық әдіспен Тараз қаласынан, ауылдардан қатынап жұмыс істейтіндері де бар. Олар тиісінше жатақханамен қамтамасыз етілген. Тағы бір атап өтерлік жай, осы аумақтан зауыттың екінші желісін салу жоспарлануда екен. Бұл қосымша қоймалар салуды, жаңа цехтар құруды қажет етпек. Екінші желі қосылған жағдайда өнім өндіру көлемі екі еселеніп, жұмысшылар саны да едәуір артатын болады. Шамамен 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. – Бұл жұмысты келер жылы бастап кетпекпіз. Екінші желіні 2021 жылы іске қосамыз. Сол кезде 30 мың тонналық меже биігін бағындыратын боламыз. Электр қуаты мен газ жеткілікті. Шикізатпен де жергілікті жерде-ақ толықтай қамтуға мүмкіндік бар. Осылай өнім өндіру көлемін одан әрі де ұлғайта беретін боламыз. Әзірге артық өнім жоқтығынан экспорт жағы қалыстау қалып тұр. Тек отандық және шетелдік бірқатар компаниялармен жасалған шартқа сай өнім өндірудеміз. Отыз мыңдық межеге шықсақ, әрине, өнімімізді алыс шетелдерге де өткеруді қолға аламыз. Біз негізінен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылып, «Даму қоры» банкісінен негізгі қаржыны ең төменгі пайыздық несиеге алғанбыз. «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасы аясында, сондай-ақ моноқаланы дамыту бойынша да бірқатар жеңілдіктер алып отырмыз. Жобаның жалпы құны кезінде 16 миллиард теңгеге бағаланған. 2019 жылдан бастап негізгі қарыздарды жабуды бастаймыз, осылайша одан әрі қарай 15 жыл бойы қарызымызды біртіндеп өтейтін боламыз. Оған мүмкіндік бар. Алға қойған жоспарларымыз бен мақсаттарымыз да көп. Діттеген межемізге жету өзімізге, еңбегімізге байланысты, – дейді Ерлан Орынбасарұлы.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Талас ауданы.