Әлеумет тік-еңбек қатынастарының негізі

96

жұмысшыға жасалған құрмет пен қамқорлықтан басталады

Конституциямызда көрсетілгендей, әркімнің еркін еңбек түрін таңдауға құқығы бар. Әрбір азаматтың қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек етуіне, атқарған қызметіне қарай қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуына Ата Заңымыз кепілдік береді. Дегенмен алдымен өнімділікті арттыруға ұмтылған нарықтық экономика жағдайында кей жағдайларда еңбек құндылықтарын арттыру мәселелері тасада қалып келгені жасырын емес. Сондықтан Мемлекет басшысы әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісін жетілдіруге бағытталған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Бұл өз кезегінде жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі өзегіне айналып отыр.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясының түпкі мақсаты – өнімді еңбекті ынталандыру. Бұл ретте негізгі жауапкершілік еңбеккер құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымдарына жүктелетіні белгілі. Ал қоғамдық бірлестік, салалық кәсіподақтар ұйымы өз міндетін қалай атқарып отыр?
– Кәсіподақ ұйымын әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіруші негізгі күш десек, артық айтпаймыз. Кәсіподақтардың қай елде де атқаратын міндеті, қызметі бірдей. Өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіру, олардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау – біздің міндетіміз. Көпшілік кәсіподақты әлі күнге дейін өзіне, болмаса отбасы мүшелері үшін шипажайлар мен демалыс үйлеріне, балалар лагерьлеріне жолдама алуға болатын ұйым деп қарайды. Ал бүгінде оның жұмыс ауқымы өте кең. Қазіргі кезде еңбекақының уақтылы төленуі, жұмыс уақыты, еңбекті қорғау және қауіпсіздікті сақтау мәселелері кәсіподақ ұйымының ықпалымен ұжымдық шарт арқылы реттеледі. Сонымен қатар бүгінде көптеген мәдени-сауықтыру шараларының ұйымдастырушысы да солар. Осының өзі атқарушы органдардың назарын аударып, қоғамдық бірлестіктің өкілдерімен санасуға итермелеуде, – дейді Т.Рысқұлов ауданы білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова.
Президент Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі кейінгі жылдарда Еңбек күні ретінде аталып өтілуде. Атаулы күнде кәсіподақ ұйымдары көптеген іс-шараларға бастамашы болып, нәтижелі жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегін насихаттауда. Еңбеккерлердің мерейі үстем болатын мереке қарсаңында және 1 қазан – Қарттар күніне орай білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы «Еңбегіне қарай құрмет, жасына қарай ізет» атты шара ұйымдастырды.
Бұл талай жыл ұстаздық қызмет атқарып, еселі еңбегін ұрпақ тәрбиелеуге арнаған білім саласының ардагерлері, қоғамдық жұмысқа белсене атсалысып, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері болып зейнетке шыққан ардақты мұғалімдер және үздік педагогтер, еңбек жолын енді бастаған жас мамандар бас қосқан күн болды. Жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейітжапаров, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысты.
«Осы шарада аудандағы жас мамандар кәсіподаққа мүше болып қабылданды. Келген қонақтарға естелік сыйлықтар табысталып, еңбегімен еленген ұстаздарға құрмет көрсетілді. Себебі еңбек күні – барлық еңбек адамының төл мерекесі іспетті», – деп ой бөлісті ұйымның бүгінде әлеуметтік мәселелерді реттейтін қоғамдық күшке айналып келе жатқанын атап көрсеткен комитет төрайымы.

 

Ардақ Үсейінова

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.