«Үш жылда 538 тұрғын діни радикалды көзқарасынан бас тарт ты»

238

Оқырманнан 10 сауал

Газетіміздің №108 санында «Оқырманнан 10 сауал» айдарының қонағы облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров болатынын хабарлаған едік. Оқырмандардың апта ішінде жолдаған сұрақтарын іріктеп, басқарма басшысына ұсынған едік…

Жангелді ОМАРОВ,
облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы:

 

 

 

 

 

– Абақтыға қамалып, жат ағым жолына түскен азаматтарды оңалту жұмыстары қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Олардың бетін бері қаратуға қанша маман жұмылдырылған?

Асхат БАЯУБЕКОВ,
Шу ауданы.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет» деп атап өткен болатын.
Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында облыс әкімдігі дін істері басқармасы мен облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті арасында түзеу мекемелерінде ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізуге арналған үшжақты іс-шаралар жоспары қабылданған.
Мұндағы мақсат – сотталғандарға теологиялық, психологиялық және құқықтық кеңес беру, сонымен бірге кейбір істі болған азаматтарды теріс діни көзқарасынан түрлі методологиялық әдістерді қолдана отырып, радикалды діни бағыттарынан қайтару мақсатында түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізу.
Жоспарға сәйкес басқарманың, оңалту және дін проблемаларын зерттеу орталықтарының қызметкерлері (10 теолог/дінтанушы), сондай-ақ мешіт имамдары (5 мешіт имамы) аптасына 2 рет түзеу мекемелеріне барып, кездесулер өткізуде.
Басқарманың тапсырысымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде түзеу мекемелерінде арнайы жоба іске асырылуда. Аталған жоба аясында республикалық деңгейде түзеу мекемелерінде жұмыс жүргізетін «Ақниет» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының қызметкерлерін облысқа шақыртып, радикалды бағыттағы сотталушыларға жеке түсіндіру жұмыстары қолға алынуда. Биыл «Ақниет» орталығының қызметкерлері үш рет келіп, жұмыстар жүргізді. Түзеу мекемелерінде басқарманың ұсынысымен әзірленген, облыстық қазақ және орыс драма театрлары мен Жуалы аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері ұсынған «Тағдыр тәлкегі», «Хочу домой» және «Берекең кетсе…» спектакльдері бар. Аталған қойылымдар мен түрлі фильм көрсетілімдері тоқсан сайын ұйымдастырылуда. Сонымен қатар пробация қызметімен бірлесіп, сотталушы азаматтардың жақындарымен де ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, солар арқылы істі болған азаматқа дұрыс жол көрсету жұмыстары қолға алынуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 39 сотталушы радикалды көзқарастарынан бас тартты. Оның ішінде 2018 жылы 6 сотталушы азамат қоғамға бейімделді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

– Әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының түрлі діни ағымдар туралы ақпараттар таратып, белгісіз бір топтардың жазбаларын бөлісіп отыратыны белгілі. Бұл, әсіресе «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде кеңінен көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Осы мәселе бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?

Дәулет ҚЫДЫРБАЕВ,
Жуалы ауданы.

– Бүгінгі таңда «ВКонтакте» «Фейсбук», «Инстаграмм», «Ютуб» және т.б.әлеуметтік желілерді бір жағынан жастар жиі қолданса, екінші жағынан шынында да аталған интернет ресурстарда деструктивті діни контенттер көптеп кездесіп жатады. Басқарма қызметкерлері тарапынан интернет кеңістігінде діни экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу бойынша тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Бұл – интернет қолданушылары қолданатын барлық әлеуметтік желілер мен интернет хостингтер арнайы мониторингтен өтеді деген сөз. Нәтижесінде 2017 жылы 1662 күдікті сілтеме анықталып, 384 сілтеме бұғатталды. Ал жыл басынан бері интернет желілерінде 1122 күдікті сілтеме анықталып, 319 сілтеме бұғатталды. Қалған сілтемелердің сараптама қорытындысы күтілуде (тыйым салынған бейнероликтер, аудиолекциялар, кітаптар, брошюралар, бүктемелер). Сондай-ақ әлеуметтік желілерде діни экстремизм идеологиясына қарсы 2017 жылы 2266 материал жарияланды. Ал жыл басынан бері 2116 ақпараттық материал орналастырылып, дінтанушы, теолог мамандармен әзірленген аудио және бейнефайлдар жүктелуде.

– Мен ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет еттім. Дін саласын біркісідей білемін. Зейнетке шыққаныма он ай болды. Менің осы салада қызмет етуіме, жұмысқа орналасуыма мүмкіндік бар ма? Осы салада жұмыс істегім келеді…

Нұрлан ҚАЛМАНБЕТОВ,
Т.Рысқұлов ауданы.

– Дін саласын біркісідей білетініңіз, әрине, құптарлық жағдай. Дегенмен бүгінгі таңда дін саласында уақыт талабына сай арнайы жоғары білімі бар дінтанушы, теолог мамандардың қызмет еткені абзал болады. Сол себепті басқармада тек арнайы дінтану білімі бар маман иесіне ғана сұраныс бар екендігін хабарлаймын.

– Бүгінде теріс діни ағымның көшбасшылары өздерінің идеологиясын тықпалап, жүзеге асырып жатқаны баршаға мәлім. Соның салдарынан адамдар Сирияға да кетіп қалып жатыр. Біздің облыстан Сирияға аттанғандар бар ма? Мұндай қателіктің алдын алу жолында қандай жоспарлы жұмыстар жүргізілуде?

Гүлбану ҚОРАЛАСОВА,
Шу ауданы.

– Өкінішке қарай Сирияға аттанған қазақстандықтардың арасында біздің облысымыздан да азаматтар бар. Дегенмен дін істері басқармасы азаматтық мекеме болғандықтан, Сирияға кеткен азаматтардың мәселесі тікелей ведомстволық құзыретімізге кірмейтіндіктен, олар туралы толық ақпарат беруге мүмкіндік жоқ. Бірақ Сирияға кеткен азаматтардың барлығы діни себеппен кетті деуге болмайды. Олардың арасында «жалдамалы жендет» қызметін кәсіп ететін азаматтар да бар екенін ескергеніміз жөн. Осындай келеңсіз мәселелер ел дамуының зайырлы қағидатын ілгерілетуге және өмір сүру құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған жұмыстарды күшейте түсуді қажет етеді. Еліміздің діндар азаматтары өз елінің патриоттары болуы тиіс деп санаймын. Олар жақсы білім алып, өздерін үнемі жетілдіріп отыруы, заң талаптарын сақтауы керек.

– Ауылдық жерлердегі имамдардың діни сауаты қай деңгейде? Басылымдардан имамдардың тапшылығы, діни білімінің деңгейі туралы оқып жатамыз. Шын мәнінде жоғары білімді имамдар аз ба?

Назира ҚОНАРБАЕВА,
Т. Рысқұлов ауданы.

– Бүгінгі күнгі діни ахуалдың тұрақты болуында мешіт имамдарының үлесі зор деп білеміз. Облыста мемлекеттік тіркеуден өткен 295 мешітте 411 діни қызметкер еңбек етеді.
Мешіт имамдарының діни білім деңгейіне келер болсақ, 12,6 %-ы жоғары білімді, 21 %-ы орта білімді, қалған 66,4 %-ы қысқа мерзімді сауат ашу курстарын бітірген. Аталған діни қызметкерлердің сандық және сапалық құрамын жетілдіру бойынша бірқатар шаралар жүргізілуде. 2012 жылдан бері облыс орталығындағы «Һибатулла Тарази» медресесі болашақ дін мамандарын оқытуда. Онда биылғы оқу жылында 65 шәкірт білім алуда. Шәкірттердің дені облысымыздың аудандарынан келген жастардан тұрады және Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келген жастар да бар. Сонымен қатар 2017-2018 оқу жылы «Нұр-Мүбәрак» университетін облысымыздан 10 түлек бітіріп, барлығы дерлік жұмысқа тартылды.
Мешіт қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың тамыз айында «Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушылар құрамын Тараз қаласына шақырып, 100 имамға арналған 2 апталық оқыту курсы ұйымдастырылды.
– Жұмыстарын заңсыз жүргізіп жатқан миссионерлік ұйымдар бар ма? Оларға қандай шаралар қолданылуда?

Әкежан МҰСЫЛМАНҚҰЛ,
Тараз қаласы.

– Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан діни ұйымдардың әрекеті анықталған жоқ. Дегенмен жекелеген азаматтарды заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту деректері тіркеліп тұрады.
Мысалы, 2016-2017 жылдары заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін 3 азамат ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Заңнама бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың миссионерлiк қызметпен айналысуына тыйым салынбаған. Мұндай тәжірибе әлемдік қоғамдастықтағы діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін мемлекеттердің барлығына дерлік тән. Бірақ бұл миссионерлік қызметке шексіз құқық берілген деген сөз емес. Біріншіден, миссионерлік қызметті жүзеге асырушы тұлға міндетті түрде тіркелуге және жыл сайын қайта тiркеуден өтуге тиіс. Ол миссионерлік қызметпен тиісті құжаты болған жағдайда ғана айналыса алады. Екіншіден, миссионерлік қызметтің заң аясындағы өзіндік талаптары бар. Ол талаптарға сәйкес келмеген тұлғаның миссионер ретінде тіркеуден бас тартылатыны да заңнамада көрсетілген. Үшіншіден, миссионердің ел аумағындағы қызметі де нақты өңірлермен шектеледі. Ол тек өзі тіркелген өңірде, өз діни бірлестігіне мүше азаматтар арасында ғана діни қызмет атқарады. Заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асыру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде заңмен қадағаланады.

– Осыдан біраз жыл бұрын болған лаңкестік оқиға елдің жадында. Сол кезде Ғазиз Байтасов бастаған бейбіт күндегі батырларымыз бақилық болған еді. Осындай оқиғалар қайталанбау үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

Балзира МАҚСАТҚЫЗЫ,
Тараз қаласы.

– Жергілікті полиция қызметі тарапынан Тараз қаласы мен аудандарда аула кезу, жалдамалы пәтер пайдаланушы азаматтарды есепке алу жұмыстары барысында діни ұстанымы белгісіз, күдікті азаматтардың тізімі жасақталып, жергілікті әкімдіктерге ұсынылады. Тізімге сәйкес,Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері дін істері басқармасымен бірлесіп, азаматтардың әлеуметтік және психологиялық портреттерін қалыптастыруда. Портреттерге сәйкес, азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік, психологиялық көмектер мен діни-құқықтық тұрғыдан оңалту және кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні дәстүрлі Ханафи мазхабына қайтуға ниет білдірген 13 азамат жұмыспен қамтамасыз етілді.
Ал деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды оңалту жұмыстары тоқтаған емес. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының жанынан 2016 жылы «Оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылып, кадрлық құрамы дінтанушы, теолог, психолог және заңгер мамандармен жасақталды. Аталған орталыққа қосымша Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс істейтін 11 штаттық орын берілді. Соңғы 3 жылда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 538 облыс тұрғыны радикалды діни көзқарасынан қайтып, қоғамға бейімделді.
– Теолог ғалымдар аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

Қайрат НИЯЗОВ,
Т.Рысқұлов ауданы.

– ҚР діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, дін саласында 5 облыстық, 1 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, құрамы дінтанушы, теолог және психолог мамандармен және дін саласына уәкілетті мемлекеттік қызметшілермен жасақталған.
Өткен жылы облыстық ақпараттық-түсіндіру топтары (ары қарай – АТТ) 293 іс-шара өткізіп, 16500-ден астам адам қамтылса, қалалық және аудандық, сондай-ақ ауылдық АТТ тарапынан 2965 іс-шара ұйымдастырылып, 163 мыңнан астам адам қамтылды.
Биылғы жылы АТТ қызметіне бірқатар өзгерістер енгізілді. АТТ қызмет барысында саннан сапаға өту мақсатында ауылдық АТТ қызметтері тоқтатылды. Басты себеп, ауылдық жерлерде дінтанушы, теолог мамандар жоқ. Сонымен қатар АТТ шараларын биылдан бастап жалпы аудиторияларда емес, мақсатты аудиторияларда жүргізу қолға алынуда. Атап айтқанда, деструктивті діни ағым жақтаушылары шоғырланған мешіттер, жұмыссыздар, мигранттар, өзін-өзі қамтамасыз етушілер мен кәсіпкерлер және жалдамалы жұмысшылар, шетелдік діни оқу орындарында оқитындар мен олардың жақындары, пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтар, мектеп-интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылары, саяжай тұрғындары, жастар мен жасөспірімдер аудиториялары қамтылуда.
Ақпараттық-түсіндіру жұмысын жетілдіру – бүгінгі заманның талабы. Осыған байланысты келесі жылғы жұмысымызды да жоспарладық. Біріншіден, өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің сапасын жаңарту; Екіншіден, бірінші кезекте осы топ мүшелерінің кәсібилігіне, тезистерді жан-жақты дайындау жолымен олардың әңгімелесу сапасы мен мазмұнына назар аудару; Үшіншіден, кез-келген аудиториямен жұмыс істеп, түрлі ағым өкілдерімен сұхбат жүргізе алатын тұрақты дәріскерлер пулын құруды қолға алмақшымыз.

– Облыс бойынша теріс діни хабарламалар таратқан сайттар немесе порталдар бар ма? Болса оларға қандай шаралар қолданылуда?

Шыңғыс ИМАНБЕКОВ,
Талас ауданы.

– Облысымызда ресми түрде тіркелген теріс діни бағытта ақпарат тарататын сайттар мен порталдар жоқ. Керісінше мемлекеттің дін саласындағы саясаты мен дәстүрлі діни ұстанымдағы басқарманың dini.zhambyl.gov.kz, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің asyldin.kz және e-islam.tarmpu.kz сайттарының қызметтері үйлестірілуде.
Аталған сайттарда биылғы жылы 838 мақала, 1920 жаңалық орналастырылған. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты республика көлемінде 20-ға жуық діни сайттар да дін саласында тұрақты жұмыс жүргізуде. Аталмыш діни сайттардың бірқатары қайта жасақталып, мазмұны мен құрылымы өңделіп, ауқымы кеңейіп, өз оқырманын қалыптастырып үлгерді. Бұл қатарда таяуда ғана қайта өңделіп, іске қосылған «Mazhab.kz», «Maturudi.kz», «Taglym.kz» сайттарын атап өтуге болады.
Бұл жұмысқа қоғамдық ұйымдарды көбірек тартудың да үлкен маңызға ие екенін ескеруіміз керек.

– Қазір діни фанаттардың көбейгені соншалық, дінді ұлттан жоғары қоятындар пайда бола бастады. Бұл дұрыс па?

Жұлдыз МИЗАМБАЙҚЫЗЫ,
Тараз қаласы.

– Қазір біз деструктивті ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Бірақ олардың ішінде қазіргі таңда ең өзектісі – ол салафизм деген радикалды ағым. Деструктивті діни ағым, мысалы, салафизм болсын. Олардың танымы қате. Діни түсініктерді біздің тарихымыздан, дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, біздің халқымыздың көп этносты, конфессиялық сипатынан жоғары қояды. Олар тек шариғатқа, ежелгі дін талаптарына негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз. Шет мемлекеттердегі белгілі бір шейхтардан дабыл келсе, ол кез келген уақытта қолға қару алып, жерлестеріне, үкіметке, мемлекетке қарсы шыға алады. Сондықтан мемлекеттік құзырлы органдармен бірлесіп, заңсыз уағыз жүргізуге, заңсыз әдебиет таратуға, заңсыз діни жиындар өткізуге жол бермеу үшін кешенді жұмыстар атқарылып келеді.
Сол себепті профилактикалық жұмыстарды әр өңірде, әр салада, әсіресе жастар арасында жүргізу маңызды және біздің атқарып келе жатқан қызметіміздің негізгі бағыты болып табылады.

Comments are closed.