«Тараз пресстің» табысы

93

Шағын футболдан Қызылорда облысы әкімінің кубогі үшін журналистер арасында республикалық турнир өткізілді. Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Түркістан, Батыс Қазақстан облысының журналистерімен қатар, жамбылдық журналистер де аталмыш додаға қатысты.
Бұл додаға өңірімізден екі команда аттанған еді. «Тараз пресс» командасын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли бастап барса, «Жамбыл медиа» ұжымына республикалық «Астана» телеарнасының облысымыздағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл жетекшілік етті. Даниярдың командасы топтық кезеңнен іркілмей өтіп, ширек финалда талай турнирлерде топ жарған Алматының «Апортын» ұтты. Әйткенмен «Жамбыл медиа» жігіттеріне сәттілік жетіспеді. Жартылай финалда Шымкенттің «Ернияз медиа» командасына, үшінші орын үшін өткен ойында «Хабар» телеарнасынына есе жіберіп алды. Дегенмен жаңа команда үшін жартылай финалға шығу – зор жетістік.
«Тараз пресс» командасы екінші рет қатарынан екінші орын иеленді. Бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің кубогі үшін өткен жарыста күміспен күптелген әріптестеріміз Сыр елінде сол жетістіктігін қайталады. Жартылай финалда «Хабар» телеарнасын пенальтиден жеңген әріптестерімізге финалда сәттілік серік болмады. Шымкенттің «Ернияз медиа» ұжымымен терезесі тең ойын көрсеткен Берік Уәлидің командасы пенальти сериясында жеңіліп, екінші орынды қанағат тұтты. Әріптестеріміз 400 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.