Маэстро!
Маэстро!
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="86883,86885,86888"]
Композитор Нұрлан Байкөзовтің «Таразымның алтын күзі» атты музыкалық фестивалі зор шығармашылық табыспен өтті
Қазақ музыка өнерінде шоқтығы биік азаматтардың бірі – Нұрлан Байкөзов. Ол қазақ эстрадасында кез келген композитор тәуекел ете бермейтін джаз жанрын тірілтіп, соны соқпақ салған болатын. Одан бөлек циркке арнайы музыка жазған алғашқы адам да Нұрекең. Дирижер, композитор, ән әрлеуші, музыкант әрі ұстаз Нұрлан Байкөзовтің шығармашылық есебі ретінде өткен «Таразымның алтын күзі» атты эстрада және джаз музыка фестивалі көпшілікті бір серпілтіп тастады. Әнді ешқандай аспапсыз әрлей беретін таңдаулы таланттың музыка фестивалінде залда ине шаншитын орын болған жоқ. Нұрланның ұстанымы: «Ойлы әндер тойда орындалмайды». Сондықтан да кәсіби музыканттың кешіне сауатты жамағат жиналған болар деген ойға қалдық. Бұл күні ғажап туындылар эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалды. «X band» ұжымы алдымен Нұрлан Байкөзов жаңаша әрлеген халық әні «Қыздар-айды» жоғары деңгейде орындап берді. Сахнаға ешқандай комплекссіз, еркін билеп шыққан Нұрекең жұртшылықпен амандасып, басын иді. Бұдан соң музыка әлемінің майталманын облыс әкімінің аппарат жетекшісі Нұржан Календеров арнайы құттықтап, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің сәлемін жеткізді. Облыс басшысының Алғыс хатын тапсырған ол Нұрлан Байкөзовке шығармашылық табыс тіледі. Мұнан кейін Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов сөз алды. «Мен Нұрлан ағаның шығармашылығымен жақсы таныспын. Ағам екеуміз Тұрар Рысқұлов ауданының тумасымыз. Сіздің туындыларыңыз кәсібилігімен жұртшылықты баурайды. Сапалы музыкаға құмар жандар сіздің әндеріңізді тыңдап, рухани жаңғыратыны сөзсіз. Өнеріңіз өрлей берсін!» – деген шаһар басшысы да композиторға Алғыс хат табыстады. Саф өнердің салмағын сезінген Нұрлан Байкөзов сахнада еш қысылып, қымтырылмастан дирижерлік қызметіне кірісіп кетті. Фестивальдан байқағанымыз, өнер иесі бірінші кезекте өзін дирижер ретінде көрсетуді басты мақсат еткен екен. Алдымен оркестрдің сүйемелдеуімен талай халықаралық байқауларда атой салып жүрген жас әнші Сая Маханбет «Шымыр бабаға тағзым» атты әнді шарықтата шырқады. Кең диапазонды Саяның дауысы өнерсүйер қауымды тәнті еткені анық. Бұдан кейін Сая Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған композитордың «Адасқан шағала» атты әнін бебеулетті. Нұрекеңнің ұлы Ербол Байкөзовтің ақындық қыры бар екенін көпшілік біле бермейді. Кеш барысында Ерболдың сөзіне жазылған «Анаға арнау» әні де жүректерді тебірентті. Оркестр мүшелері орындаған Нұрлан Байкөзовтің «И снова карнавал» атты музыкалық туындысы композитордың сан қырлы талант екенін таныта түсті. «Бұл шығарманы кубалық достарыма арнап жаздым. Сол жаққа барып, мықты музыканттармен бірге еңбек еткен кезім қалай жадымнан шықсын?» – деді музыкант өз ойын ортаға салып. Фестиваль барысында Гүлнар Көшенова «Балалық шақпен қоштасу», «Ел. Жер. Ана» секілді шығармаларды нақышына келтіре орындаса, Ақжол Бейшен «Тереңөзек вальсін» жүрекпен шырқап, жүректерге жеткізе білді. Нұрлан Байкөзов Әсет Бейсеуовтің әйгілі шығармасы «Мұңайма» әнінің музыкасын жаңаша стильде әрлепті. «X band» орындаған туынды көпшіліктің көңілін көтерді. Оркестр мүшелеріне жұртшылық толассыз қошемет көрсетті. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі Дәурен Сейітжан орындаған «Еркетайым», «Кербезім» әндерін өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Ұстазы мен шәкіртінің сахнада бірлесіп билегені де көңіл-күйді көтергені анық. Фестиваль барысында белгілі әнші Ералхан Әбішев те композитордың бірқатар шығармаларын орындап берді. Жұртшылық асыға күткен еліміздің жезтаңдай әншісі Жұбаныш Жексенұлы фестивальға белгілі бір себептермен келе алмады. Әйткенмен «Сағыныш тамшысы», «Қазақ даласы» секілді ғажап туындылар өзге әншілердің орындауында тыңдармандарға жол тартты. Әсем әндер әуелеген кеш барысында композитордың марқұм жарына арналған «Махаббат балладасы» атты туындысы оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Нұрлан Байкөзовтің ұлы Ербол отты жырларын оқыды. Фестиваль соңында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина сөз сөйлеп, өнер иесінің иығына зерлі шапан жапты. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі қойылды. Жайшылықта бұқаралық мәдениеттің сарқыншағындай жеңіл-желпі дүниелерді тыңдап, құлағы жауыр болған жұртшылық бұл күні өзге әлемнің есігінен кіріп кеткендей күй кешті. Сапалы музыка, салмақты сөз, жоғары деңгейдегі орындаушылардың шеберлігі, ұдайы позитивті көңіл-күйде жүретін Нұрланның сахнадағы қимыл-әрекеті өнерсүйер қауымды бейжай қалдырған жоқ. «Баласағұн» орталық концерт залынан кейбір азаматтар жадырап шығып жатса, кейбірі ой үстінде кетіп бара жатты. Бұл да тыңдарман талғамы параметрлерінің бір өлшемі болса керек.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.