ӨМІРДЕН КҮЙШІ ӨТКЕН МӘДІ ДЕГЕН
ӨМІРДЕН КҮЙШІ ӨТКЕН МӘДІ ДЕГЕН
Күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлының туған топырағында ескерткіші ашылды
Сарысудың киелі топырағы талай талант пен тарпаңды түлеткен. Солардың ішінде күні бүгінге дейін есімі ұмытылмай келе жатқан тұлғалардың бірі де берегейі – Мәді Шәутіұлы. Сондықтан болар Игілік ауылында күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлының ескерткіші ашылады деген хабарды естіген бойда елге қарай атбасын бұрғанбыз. Шағын ауылдың қақ төріндегі клубтың алдынан бой көтерген күйші ескерткішінің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, белгілі күйші, өнер зерттеушісі, «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, жоба авторлары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, мүсінші Алтай Бейсенов, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, дәстүрлі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева, күйші, өнертану ғылымдарының кандидаты Ербол Үсенбаев және қобызшы Саян Ақмолда Алматы қаласынан арнайы келіп қатысты. Мәдени оқиғаның шымылдығы ауыл тұрғыны, ақын Асхат Абзалбековтің Мәді Шәутіұлы рухына арналған арнау өлеңімен ашылды. Бұдан кейін аудан әкімі Балабек Нарбаев, жоба авторлары, ақын Маралтай Райымбекұлы және Мәді бейнесін салған Алтай Бейсенов салтанатты жағдайда ескерткіштің лентасын қиды. Салтанатты шарада әуелі сөз алған аудан әкімі Балабек Нарбаев ауыл тұрғындарын өткенімен қайта қауышып, көзайым болуымен құттықтады. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда атқарылған шаруаларды әңгімелеп, ашылып отырған күйші ескерткішінің болашақ ұрпақ үшін тағылымды бастама екенін атап өтті. Салтанатты шарада сөз алған ауданның тұңғыш әкімі болған Әбдіманап Көпбергенов Мәді күйші жайында тағылымды естеліктерімен бөлісті. Содан кейін Саудакент ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Алтын Досжанова күйші рухының мәңгі өлмейтінін, халықтың есінде мәңгі сақталатынын айтты. Ал күйші Ербол Үсенбаев Мәді күйшінің «Қоңыр» күйін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Артынан ауылдың көнекөз қариялары сөз алып, күйші туралы естеліктер өрбітті. Игі шара Игілік ауылдық клубында «Көненің көзі – дәулескер Мәді» тақырыбындағы республикалық ғылыми конференциямен жалғасты. Алқалы жиынды Маралтай Райымбекұлы ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңін оқып ашып, Мәді күйші туралы тағылымды әңгімелер айтты. Сонымен қатар осы мәдени шараға орай жолдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтау хатын көпшілікке оқып берді. «Күйші, композитор Мәді Шәутіұлы – тағдырлы күй өнерінің шебері, Қаратаудың теріскейінде өмірге келген кешегі Ықылас пен Сүгірдің заңды ізбасары. Мәді Шәутіұлы дара қолтаңбасы қалыптасқан композитор ғана емес, ол сонымен қатар өте көне күйлерді жеткізуші, құймақұлақ өнер иесі. Оның орындауындағы 24 күй ұлт музыкасының асыл қазынасы ретінде Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы тұр» делінген хатта. Өз кезегінде Маралтай Райымбекұлы мәдени басқосуға орай мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековтің, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің, композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақановтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның және күйші Жанғали Жүзбаевтың құттықтауларын жеткізді. Конференция барысында Маралтай Райымбекұлының құрастыруымен биыл жарық көрген «Мәді» өмірбаяндық кітабы да таныстырылды. Өз сөзінде күйші Абдулхамит Райымбергенов 1983 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген соң, жас маман ретінде фольклор экспедициясы құрамында Жамбыл облысына келгенін, сонда Мәді күйшімен жолығып, бірқатар көне күйлерді өз аузынан жазып алғанын айтты. Байқадам ауылының (қазіргі Саудакент ауылы) арғы жағындағы «Коммунар» совхозынан (қазіргі Игілік ауылы) Мәді қарияны сол ауылдың тұрғыны Балтабай Дәуірбековтің көмегімен тапқанын әңгімеледі. «Мәді күйші үйге кіріп келгенде қайран қалдым. Сырттан басқа дәуір кіріп келгендей болды. Не болмаса біз өткен ғасырға өтіп кеткендейміз. Балтабайдың үйінде отырып, Мәді күйшінің шығармаларын магнитофонға түсірдік. Бұрын-соңды көп орындала бермейтін аңыз күйлердің он шақтысын тартып берді. Көне әпсаналардан сыр тартып, іле күйін шертіп әкетіп, жалғастырып аңызын айтып отырды», деп естелік айтты күйші. Алқалы жиында күйші Ербол Үсенбаев, әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева және қобызшы Саян Ақмолда Мәді күйші жайында сөз қозғап, оның күйшілік мектебіне тоқталды. Сонымен қатар ауыл аспанын әнге бөлеп, күймен көмкерді, осылайша көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жазушы Дәурен Қуат Мәді күйшінің тағдырынан тағылымды әңгімелер шертті. Конференция барысында аудан әкімі Балабек Нарбаев Алматыдан арнайы келген қонақтарды «Сарысу ауданына – 90 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ Мәді Шәутіұлының өмір және өнер жолын қамтыған кітап көпшілікке таратылды. Сайын дала төсіндегі шағын ауылда ғұмыр кешіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаңда елеусіздеу өмірден өткен Мәді күйші жайында оқырмандарымызға аз-кем айта кетсек. Ол 1909 жылы Игілік ауылында дүниеге келіп, 1995 жылы сол топырақта мәңгілік сапарға аттанған. Ата-анасынан ерте айырылған Мәді туысы Бегман Боданов деген кісінің отбасында өседі. Домбыраны жеті жасында осы елге аты танымал Қосқұлақ Пірімбет домбырашыдан үйренеді. Алайда 18 жасында шешек ауруынан екі көзі бірдей көрмей қалады. Құдайдың құдіреті ғой, 63 жасқа келгенде Мәді ақсақалдың алдында ойнап отырған немересінің қолы күйшінің көзіне оқыстан қата тиіп кетіп, қос жанары шайдай ашылыпты. Осы уақиғаны көзкөргендер аңыз қылып айтады. Ол артына өлмес мұра қалдырған күйші әрі композитор ретінде елдің есінде. Кезінде Мырзатай Жолдасбеков, Уәли Бекенов, Абдулхамит Райымбергенов сияқты ғалымдар Мәді күйші жайлы еңбектер жазды. Ал осы ескерткіштің бой көтеруіне демеушілік көрсеткен Маралтай Райымбекұлы: «Алтайда бой көтеріп, Жерорта теңізіне найзасын шайған Ұлы Дала перзенттерінің қай-қайсысы да әспеттеуге, ұлықтауға лайық. Батырлары көз ілмей атадан-балаға мирас байтағын жаудан қорғаса, ақын-жыраулары осынау әзіз халықтың рухын аспандатып, мерейін тасытқан. Мәді бабамыз сондай құрметке лайық», деп конференцияны қорытындылады.
Асхат РАЙҚҰЛ
Сарысу ауданы.