- Advertisement -

28 қыркүйек – жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күні

271

- Advertisement -

 

Шераға

«Біз Шерхан Мұртазаның шинелінен шыққанбыз» деп мүйізі қарағайдай-қарағайдай журналистер бекерден-бекер мақтаныш етпейді. Шерхан Мұртаза шын мәнінде журналистердің генералы ғой. Оның қолтаңбасы тиген газет-журналдар мені оқыңдар деп құлпырып шыға келеді. Ойы ұшқыр, қаламы үшкір журналист бас редактор болғанда «Лениншіл жастың» тиражы 300 000-нан асып, ел іздеп жүріп оқитын басылым болды. Шераға басшылық еткенде «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» қалай дүркіреді десеңші!

Мұртаза Қазақ радиосы мен теледидарына 60-қа толып, кемелденген шағында келді. Екі жылдың ішінде бүкіл исі қазақ теледидарды көретін, радионы тыңдайтын болды. Бұрын қазақ тіліндегі хабарлар 50 пайыздың төңірегінде жүрсе, осы уақыттың ішінде 80 пайызға бір-ақ жетті. Сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да өсіп, дос сүйінді, дұшпанның іші күйді.

1993 жылы Алматы теледидарында бас редактор болып жүрген кезімде Қазақ теледидары бас директорының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылап, Шерхан Мұртазамен етене араластым. Тікелей бастығым, Бас директор Рафаэль Жұмабаев Қазақ теледидарында көптен бері қызмет атқарып жатқан тәжірибелі журналист, бұл саланың үлкен білгірі, бүге-шігесіне дейін біледі. Үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін Рәкең – басшылық пен шығармашылықтың қос тізгінін қатар ұстай білетін азамат. Мен бас директордың бірінші орынбасары ретінде шығармашылыққа тікелей жауап беремін. Журналистік еңбек жолымды газеттен бастаған соң, газет пен теледидардың кейбір ерекшеліктерін жақсы білемін. Қаламы, ойы ұшқыр газет тілшісі іздене отырып, қолға алған тақырыбын жан-жақты зерттеп, талдай біледі, күрделі мәселелер көтереді. Аталған ізденістермен бірге жазу стиліне көңіл бөліп, шынайылығы мен көркемдігіне айрықша назар аударады. Тілшінің қолынан өткен мақаланы бөлім меңгерушісі, редактор не болмаса оның орынбасары бір қарап шығып, тақырыбы ширай түседі. Яғни мақаланың немесе очерктің сәтті шығуы – көбінесе тілшінің өз қолында. Ал  теледидардахабарды автордың өзі жалғыз сүйреп шығара алмайды. Оның сәтті, ұтымды, мазмұнды шығуы кинооператорға, режиссерге тікелей байланысты. Яғни телехабар – ұжымдық жұмыс, ұжымдық ізденіс. Үлкен шеберлік танытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана жібі түзу хабар шығады. Жасыратыны жоқ, көптеген тележурналистердің жазу мәнері газет журналистерімен салыстырғанда солғындау түсіп жатады. Теледидарда басты тұлға режиссер деп жатамыз, бұл пікірмен келісемін, бірақ  журналисталған тақырыбын терең талдап, шеберлік шыңына көтермесе, режиссер қанша мықты болса да, хабар жөнді шықпайды. Майталман журналист Шерхан Мұртазаның көңілі осы жайларға толмай, біздің алдымызға тың, жаңа шығармашылық міндеттер қойды.

Жаңа аптаның бірінші күні – дүйсенбіде міндетті түрде Қазақ теледидарының лездемесі өтіп, оған шығармашылық ұжым, Шерхан Мұртаза бастаған басшылар қатысып,  жеті күн ішінде өткен телехабарларға талдау жасалып, жетістіктер мен кемшіліктер аталып өтеді.

Бірде кезекті лездеме өтіп жатты. Бір өкініштісі, апталық шолушы өз міндетіне жүрдім-бардым қарағаны айтпаса да белгілі болып тұрды. Ең өкініштісі, түкке тұрғысыз екі-үш хабар мақталды да, шын мәнінде көрермен көңілінен шыққан хабарлар әдейі еленбей, көлеңкеде қалып қойды.

Нұртілеу Иманғалиев жетекшілік ететін қоғамдық-саяси бас редакциясының дайындаған хабарлары қай тұрғыдан болса да мықты еді. Шолушы бұл туралы аузын ашпады. Одан соң сөйлеген екі журналист те мардымды ештеңе айта алмады. Шындық пен әділдік айтылмай қалса, Нұртілеу шыдай алмайды. Кейбіреулер құсап ойын бүгіп қалу деген жоқ. Бұл жолы да орнынан ұшып тұрды.

– Эфирден өтетін хабарлардың шынайы әрі өткір болуына, мазмұны мен маңыздылығының жақсаруына бүкіл редакторлар және режиссерлер тобы болып, барымызды салып, сол шығармашылық ізденістің бағасын естуге келдік. Шынымды айтсам, әріптесімнің бүгінгі шолуына көңілім толмады. Біздің апта бойы жасаған хабарларымызға әділ баға беріп, талдау жасай алмады. Мен өткен хабарлардың бәрі шетінен төрт аяғынан тік тұрып кетті деп айта алмаймын. Дегенмен олардың жетістігі неде, кемшілігі неде? Лездемеде сол айтылуы керек еді. Жақсы дүние болса, бағалайық, кемшілік тұстары болса, оны да айтайық. Лездеменің басты мақсаты осы емес пе? Ол дәл бүгінгідей болып өте беретін болса, біз шығармашылық жағынан өспейміз, төмен құлдыраймыз. Басшы тарапынан да жағдайларың қалай, не істеп жатырсыңдар деген бір ауыз жылы сөз естімейміз. Бұл қалай? – деп, Нұртілеу Шерхан Мұртаза мен жанында отырған Рафаэль Жұмабаевқа қарады.

Байқаймын, корпорация президенті Шерхан Мұртаза Нұртілеудің сөзін онша жарата қойған жоқ. Бас директор үндемей құтылды.

Е

ртесіне Шерхан Мұртаза Қазақ теледидарының бас директоры және бас директордың бірінші орынбасары ретінде мені шақырды. Шәкең күнделікті жұмыстың барысы туралы айтқан соң, кадр мәселесіне көшті.

– Қоғамдық-саяси бас редакциясының бас редакторы Нұртілеу Иманғалиевті басқа жұмысқа ауыстырамыз. Оның орнына лайықты адам бар ма? – деді Шәкең бізге қарап.

Мен тікелей бастығым – бас директорға қараймын, ол болса үндемей жерге қарайды. Одан асып маған не жоқ деп үнсіз қалайын десем, арым мен ұятымның алдында үлкен сын болғалы тұр.

– Нұртілеу Иманғалиев – өз орнында отырған адам, – дедім мен пікірімді айтып. Өте сауатты, іскер басшы, өзінен де, өзгеден де талап ете алады. Әрдайым шындықты ашық айта біледі. Оны басқа жұмысқа ауыстырудан ештеме ұтпаймыз.

Өмірден көргені мен түйгені мол, әрқашан да әділдікке жүгінетін Шерағаң ойланып қалды. Осы әңгімеден кейін талай уақыт өтті. Бұл туралы Нұртілеуге айтқан да емеспін, ол да сұраған емес. Ар алдында таза екенімізді екеуміз де жақсы білеміз.

Б

үгінде алпыстың асқарына шыққан Нұртілеу Иманғалиев талай-талай биіктерден көрініп, жемісті еңбек етті, адал қызмет атқарды. Кезінде Қазақстан Министрлер Кеңесінде Мәдениет бөлімін басқарып, ұлттық мәдениет пен өнеріміздің жандануына үлкен үлес қосты, жанашыр болды. Қаламы қарымды белгілі журналист бір кездері қатардағы редактор болып бастаған Қазақ теледидары және радио корпорациясы акционерлік қоғамының төрағасы болып, ұлттық электронды бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі заман талабына сай өркендеп, дамуына лайықты үлес қоса білді.

Көптеген шығармашылық ұжымдармен салыстырғанда Қазақ теледидарында демократия басымдау, сынға жол ашық, ойыңды, пікіріңді еш іркілмей, ашық айтасың. Бірақ «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояйды» демекші, арамызда сынаған деген осы екен деп босқа айқайлап, елді әбден ығыр еткен «батырлар» да болды. Солардың бірі – Аманғали Дайрабаев. Менімен құрдас болып келетін батыр тұлғалы редактор анау-мынау шикі өкпе емес, өмір көрген жігіт. Қазақ университетіне кештеу түсті. Тұңғыш ұлы 1-класты оқып жүргенде Дайрабаев 1-курс студенті атанды. Кеш болса да оқуын бітіріп, Қазақ теледидарында қатардағы редактордың бірі болып қызмет атқарып жатқан жайы бар. Дайрабаевтың мінезі қызық, нағыз ұрда-жықтың өзі. Ішінде түрткіштейтін шайтаны бар ма, біреуге тиісіп, сөзбен қағытып жүрмесе іші ауырады. Әсіресе аптасына бір рет болатын шығармашылық лездеме кезінде бүйректен сирақ шығарып, айқайлайды да отырады. Кейде өзінің неге айқайлап отырғанын түсінбейді. Айтсаң, екі көзі адырайып, екіленіп шыға келеді. Айбатынан арыстанның өзі қорқатын Шерағаң бір-екі рет ескертпе жасап еді, қарсы сөз айтып, өзінше «батыр» болды. Құрдасым деп бір рет шақырып алып сөйлесіп көріп едім: «Енді сен аузыма қақпақ қоймақшысың ба?» – деп екіленіп шыға келді.

Бірде қызмет орнымнан кеш шығып, төмен түспек болып, лифтіге бет алып едім, ұзын дәлізде қарсы алдымнан Нұрғали Өтежанов, Тынышбай Рахимов ұшыраса кетті. Жандарында дәу қара Дайрабаев. Байқаймын, үшеуі де сәл қызулау.

– «Кімді айтсаң, алдыңнан сол шығады», – деді Дайрабаев маған тиісіп. – Шерханның мына інісін оңашада қысып алсақ қайтеді?

– Сабап кетсек те ешкім көрмейді, – деді Тынышбай өтірік күлген болып.

Ойыннан от шығып кетпесін деп Өтежанов біресе маған, біресе екі серігіне қарайды.

Әкем қатты ашуланғанда «Мынаның құйрығына пістенің майын қайнатып құйсаң да адам болмайды»  деуші еді. Дайрабаевтың жағдайы белгілі, айт-айтпа, оған сөз өтпейді. Қараптан-қарап тұрып, инелік сияқты Тынышбайға ызам келіп, қатты ашуландым. Жақсы-жаман болсын, жерлес деген атымыз бар. Оның үстіне бұл Тынышбай мырза – Шерхан Мұртазаның талай-талай жақсылығын көрген адам.

– Әй, Дайрабаев, – дедім – ұрынатын ешкім таба алмай жүрсең анау қазандай басыңмен қабырғаны соққыла. «Ауыз – менікі» деп, Тынышбай екеуің тілдеріңді босқа безей бермеңдер.

– Ей, Шерханның інісі! Қабырғаны соғып мен жынды емеспін! Одан да сені соқпаймын ба? – деді қара дәу екіленіп.

С

онау 1970 жылдары Киевте әскер қатарында жүргенде белгілі каратиспен жолдас болғаным бар. Грузин жігіті өмірде керегі бар болады деп жанды жерден ұрып талдыратын екі-үш әдісті үйреткен еді. Шынында да, өмірімде әртүрлі жағдайлар болып, әлгі әдістерді сирек болса да қолдануға тура келеді. Көзі аларып, маған тұра ұмтылып, жағама жармасқан Дайрабаевты шынтағыммен қатты соғып қалдым. Жаңа ғана Сырдың суы сирағынан келіп тұрған Аманғали кескен теректей сұлап түсті.

– Әй, инелік, енді сенің кезегің келді, – деп Тынышбайға ұмтылып едім, ол тұра кеп қашты. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, есін жиған Дайрабаев «Ой, әкеңнің…» деп ұмтылып еді, тағы да «жайратып» тастауға тура келді. Өтежанов екі көзі атыздай болып, біресе маған қарайды, біресе есін жинай алмай тыпыршып жатқан інісіне қарайды. Дайрабаев екі-үш минуттан соң есін жиды. Баяғы қарқыны жоқ, жүні жығылып қалған, қиралаңдап орнынан тұрып жатты.

– Дайрабаев, – дедім, – осы тойғаныңмен үйіңе қайқай, бұдан былай лездемеде орынсыз айқайлайтын болсаң, дәл бүгінгідей орынсыз сүйкеніп, тіліңді безейтін болсаң, менен жиі-жиі таяқ жейтін боласың, түсіндің бе?

– Кеттік, кеттік, – деп Өтежанов әлі есеңгіреп тұрған Дайрабаевты сүйрей жөнелді.

Бұл жұма күні болатын. Дүйсенбі күні әдеттегідей лездеме болды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, Дайрабаев біреуге реплика тастай беріп еді, «Әй, Дайрабаев, әркімге бір соқтықпай тыныш отыр!» деп айқай салып едім, ол жым болып, лездеме біткенше үні шықпады.

– Доқтырхан! – деді жанымда отырған Шерхан Мұртаза таңғалып, – мына диюды қалайша ноқталап жүрсің? Адам айтса, нанбайтын оқиға ғой бұл!

«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп Шераға бекерден-бекер айтпайды. 1993 жылдың соңында Қазақ теледидары және радио корпорациясының кезекті бір алқа жиналысында қаламақы төлеу мәселесі қаралды. Жиналыста не болса соған ашулана бермейтін төраға Шерхан Мұртаза бұл жолы бұлқан-талқан болып, бас экономиске, басқа да жауапты қызметкерлерге қатты шүйлікті.

– Жылы кабинетте отырып алып, біреулердің еңбегін қанап, ақшаны күректеп тапқанға әбден еттерің үйреніп кеткен. Қызметкерлердің маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан қаламақыларын қысқартуға, үнемдеуге сендерге кім құқық беріп жүр? Бес-алты жылдың ішінде осындай жолмен миллиондаған қаржы үнемделіпті. Әрине, үнемделген ақша үкіметке қайтқан жоқ. Жылдың аяғында аттың төбеліндей бастықтар, яғни сендер белдеріңді ауыртпай 13-айлық есебінде көл-көсір сыйлық алып отырыпсыңдар. Бұған қалай ғана дәттерің барды? Құдайдан қорықпайтын қандай адамсыңдар?!

Төраға сынының қаһарына ұшыраған қызметкерлер төмен қарап, кірерге жер таппады.

– Мына істеріңе қарап, сендерді шеттеріңнен соттап жіберсе сауап болар еді, – деді Шәкең қатуланып. Биылғы үнемделген қаржы шығармашылық қызметкерлерге қайтарылып берілетін болсын. Әңгіме осымен бітті.

Бас директор Рафаэль Жұмабаев ауруханада еді. Қосымша қаламақы төлеу жөніндегі құжаттарға маған қол қоюға тура келді. Қызметкерлер екі-үш айлық жалақы көлеміндегі қаламақы алып, бір қарық болып қалды. Екі-үш күннен соң кабинетіме Аманғали Дайрабаев келді.

– Доқтырхан, – дейді ол әлденеге мәз болып. – Бүгін қаламақыма көп ақша алдым, соны жуайын деп едім.

– Ақшаңды құртпай тұрғанда, бала-шағаңа  алып бар. Ниетіңе рахмет! Жуғаның сол болсын!

– Түсіндім, – деді Дайрабаев, – аман-есенімде үйіме жетейін.

Құдай берем десе, бере салады деген рас болып шықты. Шерхан Мұртазаның арқасында осы жылдың аяғында Қазақ теледидары және радио корпорациясының қызметкерлері екі-үш емес, бақандай 64 пәтерге қолы жетіп, Абай мен Сайын көшелерінің қиылысындағы тоғыз қабатты үлкен үйде дүрілдетіп қоныс тойын тойлап жатты. Пәтерге үмітті жандардың бірі менің туған ағам Бектұрсын Тұрлыбеков болатын. Радиода анау-мынау емес, 18 жыл тапжылмай еңбек етті. Бірақ, «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» дегендей, пәтер алатындар тізімінде жоқ болып шықты.

– Ойбай-ау, басқадан ұялуға болар, бірақ пәтер мәселесіне келгенде ұятты жинастырып қой, көке. Тез Шерағаңа кір, жағдайды түсіндір.

– Інім-ау, ол кісіге кіру қиын. Оның үстіне Шерағаңнан біртүрлі сескенемін, – дейді Бектұрсын момындығына басып.

Амалдың жоқтығынан Шерхан Мұртазаға өзім кірдім.

– О, батыр, жайша келдің бе, отыр, – деді Шераға менің сәлемімді алып.

– Бұл жолы жұмыс емес, жеке басымның шаруасымен келдім, Шераға, – дедім сөзімнің соңын жұтып қойып.

– Айт, айт, ол қандай шаруа?

– Өзіңіз де білесіз, туған ағам Бектұрсын радиода 18 жылдан бері жұмыс істейді. Пәтер аламын деп жүр еді. Тізімде жоқ…

– Ол батыр қайда, өзі неге келмейді?

– Сізден сескеніп, қорқатын сияқты…

– Қайта-қайта қатын алғанда қорықпайды. Менен қорқа қалғанын қарашы…

Шераға алдындағы кнопканы басып қалып, әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қалаубек Тұрсынқұловты шақырды.

– Ау, Қалаубек, мына Доқтырхан ініңнің мұрты едірейіп, маған өкпе айтып отыр, – деді Шерағаң.

– Інімді өкпелетіп жүрген кім? – деді Қалаубек аға әдетінше маған жылыұшырай қарап.

– Кімге өкпелеуші еді, екеумізге өкпелейді де. Менің ағам тоқалдан туды ма, неге пәтер бермейсіңдер дейді бұл батыр.

– Білемін, білемін, – деді Қалаубек Тұрсынқұлов, – інімнің өкпесі орынды, кезек Бектұрсындыкі еді, екі баласы бар бір жесір келіншек килігіп кетті…

– Қалаубек, – деді Шерағаң, – Бектұрсынды момын екен деп жерге қаратпайық, анау «Экраннан» босайтын бөлмелер бар, соның біреуін берейік. Сонда құда да, құдағи да тыныш болады.

– Мұныңыз өте дұрыс шешім, – деп Қалаубек аға қуанып кетті.

«Жақсыдан – шарапат» деген – осы. Аяқ асты туған ағамның пәтер мәселесі өз шешімін тауып кетті. Бір аптадан соң Бектұрсын қаланың ортасындағы бір бөлмелі пәтерге  көшіп алды. Ағамның сондағы қуанғанын көрсеңіз ғой!

«Ж

ақсы адамның артынан сөз ереді» деген рас екен. Қазақ радиосы мен теледидарын қалай дұрыс жолға қоямын деп басын тауға да, тасқа да ұрған ұлтжанды Шерхан Мұртаза кейбіреулерге ұнамай, жоғары жаққа арыз-шағым қардай борады.

– Мен Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы болып жүргенімде үстімнен бір вагон, яғни 42 тонна арыз жазылған болар, – деп отырушы еді Шерағаң. Біреу жұмысқа белсеніп кіріссе, безгегі ұстап ауырып қалатын ағайындар жазушы-ақындардан да асып түсіп, «Шерхан Мұртаза барып тұрған ұлтшыл, бұл жағынан көкесі Тұрар Рысқұловтан асып кетеді, орыстарды иттің етінен жек көреді, орыс тіліндегі хабарларды қысқартып, жетім баланың халіне түсірді, көк көзді журналистер шетінен қудаланып, бастарына қара бұлт үйірілді» дегенге саятын арыз-шағымды екі вагонға немесе 84 тоннаға жеткізді.

 

Доқтырхан Тұрлыбек,

жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support