Цеснабанк шаруаларға несиені теңгемен береді

131
Цеснабанк шаруаларға несиені теңгемен береді

АСТАНА. ҚазАқпарат — Цеснабанк ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге несиені тек қана теңгемен береді. Бұл туралы «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Николай Мещеряков Астанада өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету шаралары әзірленді. Өз жұмысын табысты жүргізіп отырған компаниялар үшін несиелік жүктемені азайтамыз. Себебі, өзге валютамен берілген несиелер ауыл шаруашылығындағы компаниялардың жұмысына едәуір салмақ түсірді. Салдарынан олардың жұмысы қиындай түсті. Енді барлық несиені төмен мөлшерлемемен тек теңгемен береміз. Бұл ауыл шаруашылық компанияларының табысты жұмыс істеп, дамуына мүмкіндік жасайды», — деді Николай Мещеряков.

Сонымен бірге, Н. Мещеряков ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүрген кәсіпорындарды атады.

«Мысал ретінде «Родина» (Ақмола облысы), «Тайынша астық» (Солтүстік Қазақстан облысы) шаруа қожалықтарын айтуға болады. Олар инновациялық технологияларды енгізіп, мол өнім беретін жаңа тұқымдарды көптеп әкелуде. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялармен байланысты нығайтамыз. Үкімет және ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», — деді ол.

Айта кетейік, «Цеснабанк» АҚ өзінің даму стратегиясын қайта қарауды жоспарлап отыр. Банк отандық АӨК кәсіпорындарының сенімді қаржылық серіктесі болып қала бермек. 2018 жылы 19 қыркүйекте ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық Банкі «Цеснабанк» АҚ-нан 450 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы несиелерінің портфелін сатып алу тетігін бекітті.

kazinform.kz

 

Comments are closed.