4 бағдарлама «Даму» қоры арқылы жүзеге аспақ
4 бағдарлама «Даму» қоры арқылы жүзеге аспақ
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде бүгінгі күнге дейін облыста 204,2 миллиард теңгенің 789 жобасы субсидияланып, «Даму» қорымен несиелерге төленген қаржының көлемі 7 миллиард теңгені құраған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының директоры Бақытжан Исақов айтып берді.
Бақытжан Оразқұлұлының айтуынша, үстіміздегі жылы жалпы несие сомасы 2,8 миллиард теңгеге барлығы 31 жоба субсидияланып, оның 1,3 миллиард теңгесі төленіпті. «Ал 312 жоба кепілдендіру құралы бойынша кепілдендірілді. Бұл кәсіпкерлерге жалпы алғанда 10 миллиард теңгеден аса несие алуларына мүмкіндік туғызды. Осы ретте «Даму» қорының берген кепілдіктерінің жалпы сомасы 3,7 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде, ағымдағы жылы жалпы несие сомасы 1 282 миллион теңгеге 43 кепілдендіру шартына қол қойылып, онда «Даму» қоры шығарған кепілдіктердің жалпы сомасы 463,3 миллион теңгені құрады», – деді ол. Брифинг барысында спикер «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында қарқынды түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді. Айта кету керек, өткен жылы аталған бағдарлама аясында 817,6 миллион теңге бөлінсе, оны аталған қор екінші деңгейдегі 6 банкке орналастырған екен. Бүгінде бөлінген қаражаттың барлығы толығымен игеріліп, нәтижесінде 74 жоба несиелендірілген. Оның ішінде 64-і – Тараз, 5-еуі – Қаратау, 5-еуі Жаңатас қалаларының үлесіне тиеді. – Үстіміздегі жылы бағдарламаны іске асыру үшін 1 232,8 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде бүгінгі күні 635,6 миллион теңге «Сбербанк», «Қазақстан Халық Банкі», «Банк ЦентрКредит» және «АТФ Банкке» орналастырылды. Ал 597,2 миллион теңге сомасындағы қалған қаражатты «Forte Bank», «Қазақстан Халық Банкі», «АТФ Банк», «Нұрбанк», сондай-ақ «Сбербанк» мекемелеріне орналастыру жоспарлануда. Жалпы, аталған бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңінде облыста жалпы сомасы 921 миллион теңгеге 84 жеңілдікті несие берілсе, оның ішінде 189 миллион теңге сомасында 26 несие қордың кепілдігімен берілген, – деді Б.Исақов. «Өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнесті қолдау» және «Береке-3» шағын және орта кәсіпкерлікті өңірлік қаржыландыру бағдарламаларына кеңінен тоқталған баяндамашы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді.
Есен Өтеулиев