- Advertisement -

Жалақы төлеудің жаңа жүйесі

185

- Advertisement -

Елбасы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын қызметінің нәтижесіне қарай өсіруді тапсырғалы бері аталған сала мамандары бұл жүйенің қолданысқа енетін күнін асыға күтіп жүр. Олай болатын жөні де бар. Себебі мемлекеттік қызметкердің лауазымдық деңгейі мен қызмет өтілі ескерілетін дәстүрлі жүйе теңгермешілікке негізделген. Ал бұл шын мәнісінде әділетсіз еңбек бөлінісінің туындауына түрткі болған еді. Енді еңбекақыны атқарған жұмысының табыстылығына қарай алатын күн де алыс емес.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаевтың айтуынша, жалақы төлеудің жаңа жүйесінің ерекшелігі көп. Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау мақсатында қолға алынған екен. Саладағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін де қажет қадамдардың бірі – осы.
– Еңбекақыны факторлық-балдық шкала негізінде төлеу 2018 жылдан бастап екі республикалық мемлекеттік органда, Астана қаласының және Маңғыстау облысының әкімдігінде пилоттық режімде қолданылуда. Жаңа жүйе қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығының артуы – соның бір көрінісі. Осы қадамды іске асырудың түпкі мақсаты – кадрларды халыққа адал қызмет етуге ұмтылдыру. Апта ортасында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыстық департаментте өткен аймақтық семинарға қатысып, бұл мәселе туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. 2019 жылдан бастап басқа өңірлер жалақы төлеудің жаңа жүйесіне көшпек. Бұл бағытта өңірімізде тиісті талдау жұмыстары жүргізілді. Онымен арнайы құрылған жұмыс тобы айналысуда, – деді Мақсұт Ыбырайханұлы.
Мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын факторлық-балдық шкала негізінде төлеудің тәртібі мен жүйесін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев түсіндірді. Оның айтуынша, бұрын орталық және өңірлік органдардың мемлекеттік қызметшілерінің жалақысындағы диспропорция 70 пайыз болған екен. Жаңа жүйеге көшкенде бұл айырмашылық 10 пайызға дейін төмендейтін көрінеді.
– Бұрын жалақы екі ғана өлшеммен есептелетін. Ал мемлекеттік қызметшіге жүктелген жұмыстың күрделілігі ескерілмейтін. Жаңа жүйеде бұл олқылықтар ескерілген. Факторлық-балдық шкалада жалақының екі бөлігі негізге алынады. Тұрақты бөлігі бұрынғы дәстүрлі жүйедегі еңбек өтілі және атқаратын лауазымына болса, оған ауыспалы бөлік қосылады. Ол қызметшінің еңбегінің нәтижесіне қарай белгіленеді. Тағы бір ерекшелігі – еңбектегі теңгермешіліктің жойылатынында. Яғни қызметшілерді А, Б және С блогына бөлу арқылы жалақы есептеу қарастырылған. Мәселен, салалық құрылымдарды алайық, білім басқармасында негізгі міндетті жүзеге асыратын кадрлармен қатар, көмекші қызметшілер бар. Атап айтсақ, заңгер, есеп-қисапты жүргізетін экономист, бухгалтер, кеңсе қызметкері. Олар еңбегінің өтілі және атқаратын лауазымына қарай салалық міндеттемелер жүктелмесе де бірдей жалақы алатын. Енді бұл мәселе басқа тиімді жолмен шешілетін болады, – деді Нұрлан Тәңірбергенұлы.
Жалақы төлеудің жаңа жүйесі – «еңбегіне қарай ақысы» қағидасына негізделген. Мақсұт Нәлібаевтың айтуынша, ендігі жерде мемлекеттік қызметші халыққа көрсеткен сапалы қызметіне қарай жалақы алады.

Ардақ үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support