Баспаналы болудың мүмкіндіктері
Баспаналы болудың мүмкіндіктері
Тараз қаласының жаңадан салынып жатқан 15-шағын ауданында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» клиенттеріне арналған тұрғын үйлер бой көтеруде. 1 шаршы метрі 116 000 теңге тұратын кез келген пәтер қолданысқа тек таза әрлеумен берілетін болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Жамбыл облыстық филиалының директоры Данияр Серік: – Мақсатымыз – салымшыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Біз жергілікті атқарушы органдармен және мердігерлермен бірлесе бұл жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Нәтижесінде осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында біз клиенттерімізге 800 пәтер ұсына алатынымызға қуаныштымыз. Оларды сатып алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшотқа үй құнының 20 пайыздық алғашқы жарнасы төленуі керек. Осыдан кейін салымшы жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады, – деп бағдарламаға қатысу шарттарын түсіндіріп өтті. Мысалы, құны 4,5 миллион теңге тұратын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін банк салымшыларының депозитінде кем дегенде 916 632 теңге болуға тиіс. Осыдан кейін банк аталған тұрғын үйді сатып алуға көмектеседі және алғашқы 8 жыл ішінде заем бойынша ай сайынғы төлем 33 418 теңгені құрайды, кейіннен ол 21 083 теңгеге дейін төмендейтін болады. Жалпы заем алу мерзімі – 19 жыл. Жаңа пәтерлер «50/50» қағидаты бойынша сатылады. Яғни тұрғын үйлердің кем дегенде 50 пайызы әкімшілікте кезекте тұрған адамдарға берілмек. Ал қалғаны кезекке тұрмаған банк салымшыларына ұсынылады. Нысандар туралы baspana.kz порталында толық ақпараттар келтірілген. Сайт шаршы метрлерді бөлістіру үрдісі ашық және айқын жүруі, ал пәтер таңдау қолайлы болуы үшін арнайы жасалған. Мұнда қолжетімді баспанадан үміткер өзіне ұнаған пәтерді таңдап және тұрғын үйді сатып алушылар пулына қатысуға өтініш қалдыра алады. Банктің барлық клиенті қатыса алатын мемлекеттік бағдарламада дегенмен шектеулер де бар. Үміткер және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің де атында баспанасы жоқ, өзі ҚР азаматы немесе оралман болуы тиіс. Пулға алдымен тек мемлекеттік бағдарлама талаптарына сай келетін, көп ұпай жинағандар өтеді. Депозит қаншалықты ерте ашылып, уақтылы толықтырылып отырса, конкурста үміткер соншалықты көп балл жинайды. Ұпайды арнайы бағдарлама есептейді, адам факторы әсер етпейді. Яғни бұл жүйе автоматтандырылған және ашық, әділ түрде жүреді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы Сабалақов көшесінің бойында қазір 250 коттедж салынып жатыр. Бұл үйлерді де «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алуға болады. Мұнда 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны – 120 000 теңге. Оларға жергілікті әкімшілікте жер телімін алуға кезекте тұрған адамдар да үміткер бола алады. Учаске тегін беріледі, бірақ салымшы тұрғызылған үй үшін ақша төлеуі қажет. Бұл төлемді азаматтардың өз қаражаты есебінен өтеуіне немесе жоғарыда аталған банктің жеңілдетілген заемы көмегіне жүгінуіне де болады. Аталмыш банк филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаев: – Қазіргі уақытта 15-ықшам ауданда 1-3 бөлмелік пәтерлер салынып жатыр. Өтініштер 18 қыркүйек пен 17 қазан аралығында қабылданады. Оны baspana.kz сайты арқылы да қалдыруға болады. Бұдан кейін салымшыларға айлықты растап, тиісті құжаттарды рәсімдеп өткізуге тағы да 1 ай көлемінде уақыт беріледі. Кредиттік тұрғын үйлерді алудағы басты талап – соңғы 5 жыл бойы салымшының атында тіркелген баспана болмауы тиістігі. Негізінен бұл тұрғындар үшін біршама тиімдірек. Яғни алдын ала салым – 20, пайыздық үстемесі – 5-ақ пайыз. Рәсімдеу мерзімі – 9 жылдан 19 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Егер клиенттер орта есеппен 19 жылға рәсімдеп жатса, үстеме бастапқы 8 жылда – 5, қалған жылдары 3,8 пайызға дейін төмендейді, – дейді. Атап өтерлігі, бұл бағдарламаға мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, кез келген азамат қатыса алады. Бүгінде 3-сыныпты жайлылықпен салынып жатқан қос бірдей үйдің мердігері «Агроспецстрой» компаниясы екен. Жалпы құрылыс жұмыстары аяқталуға таяған 15-шағын аудандағы алғашқы үйлер желтоқсан айында пайдалануға беріле бастайды деп көзделуде. Осы және өзге де мағлұматтар жаңадан бой көтерген үйлерді таныстыру мақсатында ұйымдастырылған баспасөз туры барысында мәлім болды. Іс-шараны «Агроспецстрой» компаниясының атқарушы директоры Нұрлан Серікбаев түйіндей келе, жаңадан тұрғызылған 10 үйдің әрқайсысы 80 пәтерлік, бір үйдің жалпы көлемі 4800 шаршы метр екендігін жеткізді. Қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арналған баспаналардың екеуінің құрылысы аяқталыпты. Тек асфальттау, бордюр төсеу секілді сыртқы инженерлік жұмыстары жүргізілу үстінде.
Альмира Омарова
Тараз қаласы.