- Advertisement -

Ауылда аллея бар

137

- Advertisement -

Ауылда Мәдениет үйі, ауыл әкімдігінің ғимараты, мектеп бәрі бір-біріне жақын қоныстанған. Бірақ айналасында ауыл тұрғындары бір сәтке аялдап, тыныстайтын орын жоқ болатын. Жиырма жылдан бері осы маңға бір тал шыбық шаншып, көлеңкесі көпке сая болсын дейтін бір жан табылмаған. Осы олқылықтың орнын кезінде егін ору науқанында ауданның 16 дүркін чемпионы болған еңбеккер, ІІІ және ІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегері Мүсәт Тойғанбековтің ұл-қызы толтырыпты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер Рауан Тойғанбекова және ағайынды Ғалымжан, Бақытжан Тойғанбеков қаржы жұмсап, А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп жанындағы шағын алаңқайға тал-дарақ егіп, аллея ашты. Оны заманауи үлгіде жарақтандырып, орындықтар қойыпты. Қолөнер шеберлеріне тапсырыс беріп жасатқан мүсіндер де демалыс орнының шырайын аша түскен.
–Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзі – әрбір жанның көкейінде жүруі тиіс. Бауырымның ұл-қызы елге деген сүйіспеншілікті өз ісімен көрсеткендеріне қуанамын. Былтыр осы жерге тал-дарақ егіп, гүл отырғызып, бір іс бастаған болатын. Тал-шыбықтар аз уақытта жайқалып, өсіп қалыпты. Олар биыл сол істі әрі қарай жалғап, аллея ашты. Осылайша ауылды гүлдендіруге үлес қосуда. Аллеяның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тілепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, осы ауылда туып-өскен белгілі азаматтар қатысып, ізгі бастаманы көпшілікке насихаттауының өзі көп нәрсені аңғартады, – дейді Үтін Тойғанбеков.
Т. Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Нусираттула Тойғанбеков (Мүсәт) атындағы аллеяны «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылда алғаш ашылған шағын демалыс орны десек қателеспейміз. Аллеяның кіреберісінде тақтайша орнатылып, еңбеккер азаматтың өмір жолы мен жетістіктері жазылыпты. «Нарықтық кезең біздің санамызда қалыптасқан құндылықтарды өзгертті. Бүгінде жеткіншектер шебер немесе қазір агросалаға ауадай қажет мамандықты меңгергісі келмейді. Бұған балалардың еңбектен қол үзіп қалуы да әсер етті деп ойлаймын. Бұрын мектептердің жанында ботаникалық бақ болатын, оқушылар сонда тәжірибелік сынақтан өтетін. Осының өзі жастарды еңбекке баулитын. Енді қарапайым еңбек адамы үлкен табыстарға қол жеткізетінін көріп – білген жастар еңбектен қашпайтынына сенімдімін», – дейді мектеп директоры Айгүл Хасеналиева.

Ардақ Үсейінова
Көкдөнен ауылы,
Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support