- Advertisement -

Келісіп пішкен тон келте болмайды

161

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында облыста ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әсіресе латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қалыптастыру өзекті болып отыр.

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті бірлесіп, аталған университет базасында «Жаңа қазақ әліпбиі: орфография, терминология, пунктуация, әдістеме мәселелер» атты семинар-кеңес өткізді. Оған Тараздағы үш жоғары оқу орындарының оқытушылары және шаһардағы мектеп мұғалімдері қатысты. Жиынды ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы сөз сөйлеп ашып, мәселенің маңыздылығына тоқталды.
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшуді дамыту жөнінде Үкімет басшысының шешімі шығып, іс-шаралар жоспары бекігенін, келесі жылдан бастап, бұл бағыттағы жұмыстар жанданатынын айтты.
Аталған іс-шаралар жоспары 53 тармақтан түзілсе, оның 18-і жергілікті жерлерге қатысты екен. Мұнан соң ТарМУ-дың гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайым ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты ұсынған қазақ әліпбиі емлесінде бірқатар олқылықтар кеткеніне тоқталды. Оның айтуынша, «Қос сөздер дефис арқылы жазылады» деген секілді барша адам білетін заңдылықтар айқын көрсетіліп, кейбір өзекті мәселелер енгізілмей қалған. Ғалымның айтуынша, бұл ереже 148 параграфтан жинақталса, оның 15-інің басы артық. Ал республикалық жұмысшы тобының мүшесі, ТИГУ-дің проректоры Қасиет Молғажаров Астанада еліміздің әр аймағынан жиналған ғалымдар да бұл тұрғыда кейбір әріптер бойынша бір мәмілеге келе алмай жатқанын, талқылауда барлық мамандардың пікір айтуға құқығы бар екенін айтып, мектеп мұғалімдерін ұсыныс айтуға шақырды. ТарМУ-дың филология және журналистика кафедрасының доценті Гүлзинат Қарынбаева 1929 жылы латын графикасына көшкенде Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ ғалымдары осы латын әріптерін көп талқылаған, әсіресе «и» мен «у» әріптеріне аса мән беріп, ақылдасқанын ғылыми еңбектерден оқып, зерделегенін айтты. «Мағынасы нұқсан келтіретін сөздер» дегенді сынға алған ол тағы бірқатар ұсынысын айтты. Бұл ойларды ТарМПУ-дың оқытушысы Гүлнұр Мейірманова жалғастырып өтті. Мұнан соң ТарМУ-дың доценті Зиба Құламанова ұйымдастырушыларға бірқатар сұрақтар қойды. №5 Жамбыл атындағы орта мектеп мұғалімі Тоймұрат Қожамұратов өз ұсынысын білдіріп, кейбір әріптерді белгілеу жөнінде нұсқасын да түсіндіріп өтті.
Жиынды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Сәтбекқызы қорытындылап, Тараздағы үш жоғары оқу орны, колледждер мен мектептерден барлық ұсынысты жинақтап, Астанаға бір ғана хаттың нұсқасын жолдаған тиімді болатынын айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support