Мәдениет

«Қуыршақтардың» сырласуы

«Қуыршақтардың» сырласуы

Тараздықтар «Дат!» театрының тұңғыш қойылымын тамашалады

Елімізде тағы бір театр ашылды. Ол – Тұңғышбай Жаманқұловтың «Дат!» театры. Өнер ұжымы өз жұмысын облыстық қазақ драма театрында Қолқанат Мұраттың «Қуыршақтар» атты моноспектаклімен бастады. Қойылымның қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов.

Бұл жолы көрермендер залда емес, сахнаға дөңгелек шеңбер жасап қаз-қатар қойылған орындықтарда отырды. Сахнаның ортасына шаңырақ ілінген. Оның бір жағында көне сандық, келесі жағында ескілеу орындық тұр. Болды. Ортаға режиссер Қуандық Қасымов шығып, Тұңғышбай әл-Таразидың «Дат!» деген театры жаңадан құрылғанын, жалғыз адам ойнап шығатын алғашқы қойылымы бүгін көрермен назарына ұсынылатынын хабарлады. Жүз елуге жуық көрермен тым-тырыс отыр. Кенет сахнаға өмірден баз кешкен, үміті үзілген егде адам (рөлде – Тұңғышбай Жаманқұлов) шыға келді. Артына жасырып ұстаған қос ауыз мылтығы бар. Үнсіз жүріп шеңбер жасап отырған көрерменді бір айналып өтті. Ол шаңырақтың тіреуіштерінен мықтап ұстады да, айқайлап жылады. Өлең шумақтарын оқыды. Өлімге асыққандай, «Мені де, өлім, әлдиле» дейді. Ол сандықтың жанына барды. Үнсіз. Сандықтан үлкенді-кішілі бірнеше қуыршақтарды алып, шаңырақтың ілгектеріне ілді. Тағы сөйледі. Аңыздың желісі бойынша сыр ақтарды. «Баяғыда қуыршақтар елінде қуыршақтар өмір сүріпті. Отбасын құрып, өсіп-өніпті. Бірақ адамдар оларға зұлымдық жасай беріпті. Жас қуыршақтарды тартып алып, ата-анасына қайтармапты. Содан қуыршақтар басқа бір әлемге көшіп кетіпті. Ал елде сәби өлімі көбейіпті. Шын қуыршақтар көшіп кеткен соң, адамдар жансыз қуыршақ жасайтын болыпты», – деп толғана түсті. Сандықтан қағаз қайықтарды шығарып шашып тастады. Сосын жасанды кемедегі кимешекті қуыршақты «Апа, апам келді. Апа!» деп бас салды. Апасымен сырласып, сөйлесіп кетті. «Апа, ертегілеріңді сағындым, апа... Апа, үйге қайтайықшы, апа!» – дейді сандырақтап. Апасы ғайып болып кетті. «Қайран апам!» – деп егіліп бұл қалды. Қойылымның айтпағы – адамдардың бәрі сәби кезінде таза, әдемі, мөлдір. Сәби кезінде күнәсіз. Нәресте күнінде бақытты. Апасының ертегісін тыңдаған, қуыршақпен ойнаған кездерінде қуанышты. Онан соң адам баласының өзі де қуыршаққа айналады. Иә, кәдімгі қуыршақ. Адамдар арасындағы алауыздық, жемқорлық, сатқындық, арсыздық – бәрі-бәрі сол қуыршақ кезінде басталады. Сол алауыздық, сатқындық жасап жүргенде ештеңені аңғара бермейді. Күндердің күнінде Жаратушының жазасына ұшыраған сәтте тәубесіне келіп, жасаған қиянаттарын есіне түсіреді. Әуелі Адам ата мен Хауа анамыз да жұмақта өмір сүріпті. Жаратқанға берген уәдесін ұмытып, жеме деген жемісті жеп қойып, жерге қуылыпты. Уәдеде тұрмау адамзатқа сол кезден тән қасиет деседі. Ол осыны айтты. Ол да қиянаттарын есіне түсірді. Бәле бала күнінен басталыпты. Бала күнінде қасиетті қасқалдақ құстың балапандарын өлтіріп, обалына қалыпты. Қаншама кесіртке, кептер, тышқан, құмырсқаларды өлтірді десеңізші! Бәріміз де осылай Жаратушы жіберген жәндіктерге қиянат жасағанбыз. «Обал болады» деуші еді үлкендер. Сол обалдың кесірі тиді. Адал деп жүрген достарынан сатқындық көріп, темір торға тоғытылды. Еркіндікке шығып келген күні өз үйіне жете бергенде, жарымен, балаларымен қауыша берем дегенде, газ баллоны жарылып, жары екі баласымен бірге ажал құшты. Алапат жарылыстан кейін баласының жарты денесі мұның алдына келіп топ етіп түсті. Бұл жынданып кетті. Осы күйге түсті. Кенет ол әнебір епті қуыршақтарды ойлады. Олар өсті. Бірі – министр, бірі мол табысы бар дәрігер атанды. Анау адал актриса қыз ше? Талантты еді. Кез келген рөлді құлпыртып жіберетін. Сол актрисаның қолын бір ұстауға, тілдесіп қалуға қанша жігіт құмар еді, шіркін! Иә, сондай жанкешті еңбектің бірінде сахнада беліне байлаған арқан үзіліп кетіп, байқұс актриса жерге тарс етіп құлап түсті. Ауруханада ес жиды. Жіліншігі сынып кетіпті. Содан ешкімге керек болмай қалды. Бұл да жалғыз. Қойылымның тағы бір айтпағы – жалғыздық. Адамдар айналамда достарым бар, жақындарым бар деп ойлайды. Бірақ олар – жалғыз. Барлық адам – жалғыз. Ол шешімге келді. Қос ауыз мылтықты алқымына тіреді. Мылтық атылды. Бітті. Құлап түсті. Жансыз қалды. Оның үстіне шаңырақ құлады. Жарық сөнді. Біз осы сәтте бір отбасының шаңырағы ортасына түсті деп ойлап үлгердік. Кенет жарық жанды. Ол барлық көрерменге дел-сал күйінде амандасып шықты. Шаңырақты қайтадан тұрғызды. Үміт деп түсіндік. Құлаған шаңырақтың да қайта түзелер сәті бар. Үміт адамды алдыға жетелейді. Қойылым аяқталды. Көрермен ұзақ қол соқты. Оларға түсінікті болған шығар. Өмірдегі шексіз мүмкіндіктерін пайдалана білсе. Қиянатын – ізгілікке, сатқындығын – адалдыққа алмастырса. Өмір нұрлы болар еді. Қойылым соңында көрермендер Тұңғышбай Жаманқұловқа гүл шоқтарын ұсынып жатты. Айрықша құрмет көрсетті. Ол көпшілікке алғысын айтты. – Осыдан 50 жыл бұрын ең алғаш актер ретінде осы облыстық қазақ драма театрында өнер көрсеткен едім. Талай ағаларымыз бен әпкелерімізден осы сахнада өнерді үйрендік. Солардан қазір 80 жастағы Нұрсифат Салықова әпкеміз ғана ортамызда жүр. Аман болсын. «Дат!» деген театрымның тұсаукесерін осы театрда жасағаным да бекер емес. Маған қолдау білдірген театр ұжымына шынайы алғысымды білдіремін, – деді Т.Жаманқұлов.

 

Есет ДОСАЛЫ