Тамшылатып суару – таңдаулы тəсіл
Тамшылатып суару – таңдаулы тəсіл
Аудандағы Бурыл ауылдық округінде «Казахи» шаруа қожалығы тамшылатып суару жүйесін қолданып, елеулі жетістіктерге жетіп отыр. Ринат Елеуов басшылық ететін қожалық жұмысымен танысуға барғанымызда Бурыл және Қостөбе елді мекендерінің аумағынан үстіміздегі жылы 108 гектарға пияз, 10 гектардай аумаққа картоп егіп, тамшылатып суару әдісін тиімді пайдаланып отырғандарына куә болдық.
Бізді жылы жүзбен қарсы алған егістік агрономы Жанболат Ахметов тамшылатып суару технологиясының артықшылықтарын жіпке тізгендей айта жөнелді. «Бұл жүйенің артықшылықтарын дәлелдеп жатудың өзі артық» – деп бастады әңгімесін агроном. Агрономдық, агротехникалық, экономикалық тұрғыдан артықшылығы көп. Арықпен суару өнімділігі – 20-35, тамшылатып суару 85-98 пайыз. Рас, оны орнатып, іске қосуға қаражат қажет. Дегенмен, есептеулер көрсеткендей, бірнеше жыл ішінде жұмсалған шығын толығымен өтеліп, кейінгі жылдарда өнімнің өзіндік құны анағұрлым төмендейді. Жұмсалатын су шығыны үш есе аз болатыны өз алдына, бұл технологияда тыңайтқыш екі есе үнемделеді. Тыңайтқыштар да осы сумен бірге берілетін болды. Бұрындары гектарына екі, кейде үш тоннаға дейін тыңайтқыш жұмсалса, бүгінде бір гектарға 300-400 келісі жетіп жатыр. – Өздеріңіз көріп тұрғандай, осы бір бөлікте 22 гектар жерге пияз егілген. Тамшылатып суару әдісінің нәтижесінде жұмысшы күшіне де қажеттілік төмендеп, осыншама жерді бір ғана адам бақылап, күзетіп жүреді. Жердің тозуына жол бермей, сорланудың алдын алып отырмыз. Сондай-ақ, су өсімдіктің түбі мен тамырына ғана жеткізілетіндіктен, егістікке арамшөп аз шығады. Осы технологияны тұрақты пайдаланғанымыздың арқасында өткен жылы пияздың әр гектарынан орташа 120 тоннадан өнім алсақ, жоғары көрсеткіш гектарына 140 тоннадан айналды. Ең бастысы, өнімділік анағұрлым арта түседі. Тамшылатып суару әдісін қолданған шаруашылықтарға мемлекеттен арнайы субсидия бөлінетіні белгілі. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы тарапынан да қолдаулар болып жатыр. Соның арқасында біз де субсидияға да қол жеткіздік» – дейді Жанболат Ахметов. Егіс басында Түркияның «Ископластик» фирмасы шығарған компьютермен басқарылатын құрылғы орнатылыпты. Бассейнге сүзгіден өтіп жиналған ағын су алты бөшкеге бөлінген осы құрылғылар арқылы үлкен және кіші сүзгіден өтіп барып қана, жіңішке жүйекаралық резіңке түтікке жіберіледі екен. Негізгі құбырлар бес жыл мерзімге есептеліп жасалса, жіңішке жүйекаралық резіңке түтік бір реттік пайдалануға арналған. Су жылдан-жылға азайып бара жатқаны белгілі. Сол себептен көлге су аз келіп, қуаңшылық болған жылдары шаруашылықтар осы технологияны қолданғанда жылма-жыл тұрақты түрде өнімін алып отыратыны анық. Кез-келген уақытта, егістікті суарып, қурап қалудан сақтауға болады. Шаруашылықтарымыз айтылған озық технологияны іс-жүзінде жүзеге асырса, нарық талаптарына сай, бұл шаруашылықтың өндіріс және еңбек тиімділігінің артуына жаңа мүмкіндіктер ашады, жалпы экономикалық өсуді қамтамасыз етеді.
Мұхтар МАНЕКЕЕВ, журналист. Байзақ ауданы.