«Астана» Киевтен ұпаймен орала ма?
«Астана» Киевтен ұпаймен орала ма?
Бүгін Еуропа лигасының топтық кезеңі басталады. Бұл жарысты қазақстандық жанкүйерлер асыға күткені жасырын емес. Өйткені Еуропа клубтары арасындағы екінші деңгейлі додада Қазақстан намысын елордалық «Астана» футбол клубы қорғайтыны белгілі. Еуропа лигасында қалған жалғыз командамыздың тілеуін тілейтініміз айтпаса да түсінікті. «К» тобында сынға түсетін «Астана» футбол клубы Украинаның «Динамосымен», Чехияның «Яблонец», Францияның «Ренн» командаларымен ойнайтыны мәлім. Топтық кезеңде «Астана» ойыншылары алты ойын өткізеді. «Астана» футбол клубы турнирді Киевте жергілікті «Динамоға» қарсы ойынмен бастайды. Еуропа алаңдарында әбден ысылған «Динамо» футболшылары елордалықтарға оңай ұпай ұстата қоймасы анық. Букмекерлік кеңселер де украиналық команданың фаворит екенін алға тартып отыр. Олар жеңісті бірауыздан «Динамоның» еншісіне жазуда. Ал «Астана» жеңіске жетеді дегенге 7,4 коэффициент ұсынып жатыр. Қазақстандық команда топтық кезеңнен іркілмей өту үшін аталған төрттіктің ішінен кем дегенде екінші орын иеленуі керек-ақ. Ел чемпиондары бұған дейін бір мәрте Еуропа лигасының топтық кезеңінен іркілмей өткен болатын. Әйткенмен ағымдағы маусымда «Астананың» ойыны сұйыла бастаған секілді. Бірақ ел чемпиондары өліспей беріспеуге тырысатыны талас тудырмайды. Жалпы бұл топтан келесі кезеңге өту қиынға түсетін сыңайлы. Францияның «Ренн» футбол клубы да, Украинаның «Динамосы» да, Чехияның «Яблонец» футбол клубы да келесі кезең жолдамасын қалтаға басу үшін бар күштерін сарқа жұмсайтыны белгілі.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.