Есенбектің әндері-ай!
Есенбектің әндері-ай!
Есенбек десе елдің езуіне күлкі үйіріледі. Құдай сақтасын, кекесін күлкі емес. Кіршіксіз адалдығы, шыншылдығы, таза пейіліне жұрт дән риза болады. Осы сәби болмысты қалпымен-ақ Есенбек бауырымыз талай асудан асты, талай топырақты басты. Өнер өлкесінде қырандай самғап, әнін салып сырт елдердің де ыстық ықыласына бөленді. Әкесі 48 жасында көрген ұл Әмірбек деген қарияның ақындығы Талас ауданына тегіс тараған. Ол кісіден Рахматулла, Тәттікүл, Рахым, Рахымжан, Сембек, Батырбек, Есенбек деген ұл-қыздар тарапты. Кенжесі – Есенбек. Кенженің ерке болатыны белгілі. Еркеледі, еркін жүрді. Бес жасынан ән салды. Алты жасында әкесі Семейден арнайы сыйлыққа гармон әкеліп береді. Сол аспапты үйреніп алып, «Елім-ай» әнін сүйемелдеп айта бастады. Халық әні «Гүлдерайымды» да бала даусымен шарықтатып шырқап жүрді. Әкесі де бірнеше ән үйреткен. Есенбек қағып алды. Кенжесінің талабына әкесі талай-талай мәз болған. Есенбек есейе келе қырғыз әндерін де бойына сіңіріп, жақсы орындайтын болды. Үйге келген қырғыз ағайындарды әкесі мал сойып, құрақ ұшып күтеді екен. Он жастағы ол кешкілік есіктің алдына шығып, ән бастайды. Есенбектің әніне ауылдың бүкіл адамы жиналып, 7-8 ән тыңдап, сергіп, көңілденіп қайтып жүреді. Орта мектепті бітірісімен Тараздағы (ол кезде Жамбыл қаласы) мәдени-ағарту училищесіне келіп, театр режиссері мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Алайда өнерлі жастың аңсары әнге қарай ауып тұрады. Әйткенмен мәдени-ағарту училищесі мұны көп достармен таныстырды, табыстырды. Олармен өмір бойы қатарлас, қанаттас жүретінін кейіпкеріміз ол кезде білмеген де еді. Атап айтқанда Дүйсенәлі Бықыбаев, Әбиірбек Тінәлі, Болат Бекжанов секілді есімі елімізге танымал мәдениет саласының мамандарымен Есенбек училищенің партасынан таныс. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, бұл төрт азамат қашанда бірін-бірі қолдап, демеп, сүйемелдеп, 45 жылдан бері мәдениет пен өнер саласында бірге келеді. Кененнің әндері немесе баласы Бақытжанмен кездесу Аталған училищені бітірген соң, облыстық филармонияға қарасты «Қарлығаш» вокалды аспаптар ансамбліне әнші болып қабылданады. Ол кезде филармония директоры Алтынбек Қоразбаев болатын. Есенбек эстрадада да, домбырамен де ән салып, ансамбль құрамында жүреді. Кейіннен бірер жыл облыстық халық шығармашылығы орталығында әдіскер болады. Ол кезде бұл орталықты ақын Жақсылық Сәтібеков басқарады екен. Осында қызметте жүргенде бұрынғы Красногор ауданына барып, бір концертте ән салады. Сол шараға Кененнің баласы Бақытжан қатысқан. Ол концерттен кейін Есенбекті Кененнің музейіне ертіп барып, Кенекең жатқан төсекке ырымдап жатқызып, құрмет көрсетеді. Шамасы қазақы болмысты жанның өнеріне риза болса керек. Сол жолы Бақытжаннан Кенекеңнің бірнеше әндерін үйреніп, иірімдерімен айтуды дағдыланып қайтады. Кейіннен бір концертте «Базар-Назарды» шарықтатып шырқағанда залдағы 3 мың адам орнынан тік тұрып, қол соғып құрмет көрсеткен кездер болған. Осы жылдары Әмірбек қария Таразда Есенбектің үйінде тұрған екен. Бір жолы сол үйге Жақсылық Сәтібеков пен Тұрар Дүйсебаев қонақ болып, Әмірбек қария мен Жақсылық екеуі айтысып, сөз сайысына түскен. Сонда Жақаң «Ой, қария, жақсы, төгіліп тұрған ақын екен» деп ризашылығын білдіріпті. Қаннан келген өнерді қойсаңшы, Рахым ағасының күйшілігін айтпай кетуге болмайды. Аталас туыстары, біріккен үш ұжымшарға басшы болған Әмірхан да, Әбзелбек те, оның баласы Ғабит та өнерден, әннен алыс адамдар емес еді. Есенбек Сәтбаев әр кездері Мұхтар Рахманқұлов, Алтынбек Оразбеков, Дәулетхан Әбденбаев, Дүйсенбек Өмірәлиев секілді әншілермен шығармашылық байланыста болып, бірге ән шырқаған. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде оқытушы болғанда Маралбек Бабақұлов, Мәдина Сағымбекова, Назкен Қошқарбаева секілді әншілерге ұстаз болғанын өмірінің шуақты кезеңдеріне балайды. 90-шы жылдары қазақ телеарналары арқылы елімізге кеңінен танылды десек, артық айтпаған болар едік. Ол түрлі бағдарламаларда домбырамен жеке жыр-терме орындап, «Алатау» триосының сапында да ән шырқап, тыңдарманның сүйікті әншісіне айналады. Оның орындауында халық әндері «Сәулем-ай», «Бекзатым-ай», «Аппақ сенің тамағың», «Әттең, тонның келтесі-ай», Ақан серінің әні «Балқадиша», Кененнің «Бас та өлең», «Базар-Назар» жоқтауы көп орындалды. Есенбектің ән қоржынында бұл күнде екі жүзге жуық әндер жинақталған. Ол әнін шырқап жүріп, еліміздің барлық өңірлерінде, қалаларында болып, өнер көрсетті. Тіпті, алыс-жақын шетел топырағын басып, сырт жерге қазақ әнін танытты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Есенбектің баласы Ринат та әнші атанды. Есенбек пен Ринаттың әкелі-балалы болып орындаған әндері қазақ тыңдармандарынан жоғары бағасын алды. Ринат, Рифхат, Ардагер деген ұлдары Астанада түрлі телеарналарда еңбек етеді. Төрт дос Мақаламыздың басында айтып өткендей, Дүйсенәлі Бықыбаев, Болат Бекжанов, Әбиірбек Тінәлі, Есенбек Сәтбаевтың училище қабырғасынан басталған шынайы достықтары қырық жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Салалары да, жастары да бір. Қалжыңдаса әзілдері жарасқан құрдастар. Студент кездерінде Әбиірбек Тінәлі екеуі Ақкөлдегі кітапханаға кіріп, кітап ұрлап шығамыз деп келісіпті. Содан бір сағаттан кейін сыртқа шығып екеуі жымқырған кітаптарын санайды. Әбекең қойын-қонышын толтырып, жиырмаға жуық кітап ұрласа, Есенбек бір кітапты әрең жасырып алып шығыпты. Оның өзінде көзі жыпылықтап «Ұсталып қалсақ, бәле болмай ма?» деп мазасы кетіп тұр дейді. Мұны Әбиірбек ағамыз өңдеп, майын тамызып айтады. Бұл жерден Есенбектің көңілінің айнадай тазалығын көреміз. Қолынан теріс қылық келмейтінін байқаймыз. Бүгінде ол өнер әлемінде өз орнын ойып тұрып алды. Қазақтың дәстүрлі әншісі, Есенбегіне айналды. Өнерлі перзенттері мерейін бір өсірсе, өнердегі шәкірттерімен де құрметті. Әнші жайлы Дүйсенәлі мен Болат достарының айтатын әзілдері де таусылмайды. Түйін Есенбек Сәтбаев жақында алты белден асып, алпыс жастың ауылына аяқ басады. «Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбайды» дегендей, ақырын жүріп, анық басып-ақ өзінің мақсаттарына жетті. Қолынан қара домбырасын тастаған жоқ. Өнерге адалдығынан айнымады. Бұйыртса, Баласағұн атындағы орталық концерт залында өзінің тыңдармандарына есепті концерт беруді жоспарлап отыр. Ел ардақтаған Есенбекке қызығатындар көп. Қазақы болмысты Есенбектің әндері тыңдарманның құлағында сақталып, жатталып қалған. Ел Есенбегін, Есенбегі елді сағынды. Сондықтан Баласағұн атындағы орталық концерт залында өтетін ән кешінің жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенім мол. Шарықтата шырқайтын әндеріңіз түгесілмесін!
Есет ДОСАЛЫ Тараз қаласы.