кальцийленген сода өндіретін зауыт салынады
кальцийленген сода өндіретін зауыт салынады
Күні кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми іссапарына орай Анкара қаласында инвестициялық форум болып өткені белгілі. Аталмыш жиында Қазақстан мен Түркия елдері арасында жалпы құны 1 миллиард 700 миллион долларды қамтитын 22 құжатқа қол қойылды. Міне, осы құжаттар негізінде елімізде, оның ішінде біздің өңірімізде де көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады. Соның бірі – Сарысу ауданында салынатын кальцийленген сода өндіретін зауытының құрылысы. Бұл жоба Түркия елінің «Yildirim Holding» компаниясының күшімен жүзеге асырылмақ. Жалпы құны 270 миллион АҚШ долларын құрайды. Қос елдің 200-ден астам ресми тұлғалары мен ірі кәсіп иелерінің қатысумен өткен форумға өңір делегациясын бастап барған облыс әкімінің кеңесшісі Аслан Саржанұлы облыс әкімдігі атынан Түркия елінің «Yildirim Holding» атты компаниясымен «Кальцийленген сода өндіру» инвестициялық жобасын іске асыру туралы екіжақты меморандум жасасты. Бүгінде жобаны облыста іске асыру аумағы анықталған. Ол – Сарысу ауданы, Тоғызкент ауылдық округі. Онда жоғарыда аталған компания өкілдері биылғы жылдың маусым айынан бері геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Зауыттың құрылыс жұмыстарын бастау 2019 жылдың 4-тоқсанына белгіленіп отыр. Ол 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында толықтай пайдалануға беріледі деп көзделуде. Жаңа жоба аясында 300-ден астам адам жұмыс орнымен қамтылмақ. Сондай-ақ зауытта жылына 400 мың тоннаға дейін кальцийленген сода өндіріліп, импортқа тәуелділік біршама төмендейді деп күтілуде. Зауыт өнімдерімен ішкі және сыртқы Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттер нарығы да қамтылатын болады. Сөйтіп облысымыздың ғана емес, жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің оң әсерін тигізбек. «Yildirim Holding» – құрылымдық бөлімшелері төрт бірдей құрлықта жұмыс істейтін ірі түрік холдингі екенін атап өткен жөн. Қазіргі кезде оны елімізде кәсіпкерлік ісін жүзеге асыруда айрықша елеулі тәжірибеге ие компания деуге де болады. Мысалы, аталған компанияның күшімен 2013 жылы Ақтөбе облысында хром концентратын өндіру зауыты бойынша инвестициялық жоба іске асырылғаны белгілі. Енді компания өңірімізде кальцийленген сода өндіретін жаңа зауыт салу үшін инвестиция құюға ниет білдіріп отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.