Праймеризде жеңіске жеткен азаматқа партия сенім артуда
Праймеризде жеңіске жеткен азаматқа партия сенім артуда
Барлық деңгейдегі шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына үміткерлерді қайта сайлау биыл 28 қазанда өтеді. Сайлау қарсаңында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы кезектен тыс ХХІІ конференциясын ұйымдастырып, облыстық мәслихаттың №17 сайлау округі бойынша шығып қалған депутаттың орнына «Нұр Отан» партиясынан кандидат ұсыну мәселесін талқылады. Жақында №17 сайлау округіне облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат таңдау бойынша Жуалы аудандық партия ұйымында праймериз өткізілген болатын. Праймериздің нәтижесінде «Altais Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әлімбек Жұмабаев жеңіске жетіп, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. Партияның облыстық филиалы саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының, партияның облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардағы депутаттық фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, этномәдени бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері бас қосқан конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Шәбден Тілеумұрат кандидаттың өмір жолы мен атқарған істері туралы баяндады. Партия филиалы атынан ұсынылған кандидат делегаттардың бірауыздан қолдауына ие болады. Дауыс беру шешімімен және қабылданған қаулы негізінде Әлімбек Жұмабаев №17 сайлау учаскесіне облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер ретінде тіркеліп, алда болатын сайлауға қатысатын болды. «Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік-экономикалық даму мен өркендеуде «Нұр Отан» партиясы 20 жылға жуық үздіксіз жұмыс істеп, азаматтарға қолайлы жағдай жасап келеді. Мен осы ең үлкен саяси күшке айналған ұйымға мүше әрі осы партия атынан депутаттыққа кандидат болғанымды мақтан етемін» дей келе, Әлімбек Жұмабаев өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Үміткердің сайлауалды бағдарламасында Жуалы ауданы ғана емес өңірімізге пайдасы мол істерді жүзеге асыру жоспарланған екен. Жиында конференция делегаттары мен Жуалы ауданы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбол Қуанышбеков, «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы, партияның Жуалы ауданындағы мәслихаттың депутаттық фракциясының мүшесі Керімқұл Бегалиевтың және облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов ұсынылған кандидаттың өңірімізді өркендетуге қосқан үлесі мен жетістіктерін атап өтіп, атқаратын жұмыстарын тілге тиек етті.
Камила Борашова