Кәсіпкерлікті өркендетуге көмегі мол
Кәсіпкерлікті өркендетуге көмегі мол
Өңірімізде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1000 жас арнайы курстарда оқуда. Ал жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 3700 адамның басым бөлігі өздерінің жеке кәсіпкерлік ісін бастауға ниет танытып отыр. Ендігі жерде дәл осындай ынталы азаматтарға тиімді шарттарға негізделген шағын несие беру мекемесі қолұшын созатын болады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен құрылғалы отырған несиелендіру құрылымы өз кәсібін ашуға құлшынған азаматтарды қолдау арқылы облыс экономикасының артуына едәуір септеспек. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ АҚ-ның басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиев облыс әкімдігінде өткен жиын барысында бұл жобаны іске асыруға жергілікті кәсіпкерлерді жұмылдыру көзделіп отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің есебінен облыс бюджетіне 51 миллион теңге құйылған жағдайда аталған жоба өз жемісін бермек. – Жалпы, қорға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» да өз есебінен 49 миллион теңге қаржы салады. Осылайша 100 миллион теңге жиналғанда, несиелендіру мекемесі 1 миллион теңге көлемінде шағын несиелер бере бастайтын болады. Қор қаражаты көлемін үш жылда 3 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда мекемені тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол. Айта кетейік, мекемені тіркеу жұмыстары аяқталысымен ыңғайлы бір ғимаратта 10-ға жуық арнайы маман өз жұмыстарымен жүйелі түрде айналысатын болады. Ал құжаттық жұмыстар толық аяқталуына байланысты ұсыныс бойынша несиелендіру жұмыстары келер жылдан бастау алады. Мекеме жұмысы жүйеленгеннен кейін әрбір ынта танытушы азаматтың 19 миллион 240 мың теңгеге дейін шағын несие алуына мүмкіндік жасалмақ. Тиісті талаптар мен шарттар Ұлттық банктің бекіткен ережесіне сай іске асырылады. Айта кетерлігі, несие шарттары тек қаржылай ғана емес, лизингке техника алуға да мүмкіндік беретін болады.
Есен Өтеулиев