Ниязқұловтар әулеті көпке үлгі
Ниязқұловтар әулеті көпке үлгі
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="86376,86375"]
облыс әкімі Асқар Мырзахметов «мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын қабылдады
Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары Ниязқұловтар отбасын қабылдады. Өңір басшысы өнегелі отбасы мүшелерін жеңісімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
– Бұл жеңіс – тек сіздердің отбасыларыңыздың ғана емес, барша жамбыл-дықтардың үлкен қуанышы. Бәрімізге ортақ жеңіс. Сіздер үшін баршамыз тілеулес болдық. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған аталмыш байқаудың жеңімпазы болуға әбден лайық едіңіздер. Қаншама немере, шөбере тәрбиелеп, ата-бабамыздан қалған игі дәстүр ұрпақтар сабақтастығының керемет үлгісін көрсетіп жүрсіздер.
Көп балалы отбасы атанып, ұл-қыздарыңызды жақсы тәрбиелеп, еліміздің өркендеуіне, демографиялық дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сол үшін де сіздерге алғыс айтамыз. Аман болыңыздар! – деді Асқар Мырзахметов. Өз кезегінде 12 ұл-қыз тәрбиелеп, 32 немере, 20 шөбере сүйіп отырған отағасы Өмен Ниязқұлов ақсақал мен Баян әжей де өздерін қабылдап, ілтипат білдірген облыс басшысына, сын сәтте қолдау танытқан, жанкүйер болған барша жамбылдықтарға деген ризашылығын білдірді. – Еліміздің бас қаласы Астанада өткен республикалық конкурстың марапаттау салтанатынан үлкен әсермен оралдық. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Біз мұғалімдер әулетіміз. Өзім қырық жылдай білім саласында еңбек еттім, жұбайым отыз жылға жуық мұғалім болып жұмыс істеді. Ұл-қыздарымыз түрлі салада еңбек етуде. Дегенмен немерелеріміздің арасында жолымызды қуып, мұғалімдік қызметті таңдағандары бар. Осындай биіктен көрінгенімізге өте қуаныштымыз. Жеңімпаз атанғанымызды естігенде толқып, тебірендік. Бұл біздің ғана емес, қолдау білдіріп, жанкүйер болған барша жамбылдықтардың, туған-туыс, жақындарымыздың да мерейі. Тілеулестеріміздің арқасында осындай биіктен көріне алдық, – деді 83 жастағы Өмен ақсақал ағынан жарылып. «Алтын алқа» иегері Баян әжей де аналық ақ алғысын арнады. Асқар Исабекұлы мерейлі отбасы атанған Ниязқұловтар әулетін өңірімізде кеңінен насихаттап, көпке үлгі ету керектігін айтып, естелік суретке түсті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.