Экономика

Болашақтың қамы, елдің игілігі үшін

Болашақтың қамы, елдің игілігі үшін

 width=Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын жариялауы ел өміріндегі биылғы ең басты оқиға болды. Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат та осы.

Өйткені қазақстандық индустрия мен агроөнеркәсіптік кешенді және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды цифрландыру, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық секторға жаңа технологиялар енгізу – мұның барлығы да еліміздің әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін өте қажет. Жолдауда сондай-ақ адами капитал қазақстандық жаңғырудың жүйелі үштағанының негізі ретінде қарастырылады. Бұл шын мәнінде де жаңа экономикалық саясат, барлық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер, жаңа міндеттер.

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="86349,86348,86347"]

Алға қойылған осынау асқаралы міндеттерді нақты іс жүзіне асыру баршамыз үшін де үлкен сын, ол бізге айрықша жауапкершілік, зор сенім жүктейді. Елбасы бастамалары мен тапсырмаларын орындауда еңбеккерлеріміздің ынтымақ пен ауызбіршілік танытуының нәтижесінде өңірімізде тұрақты экономикалық өсім қалыптасып келеді. Бұл іске ауданның әрбір тұрғыны дерлік өзіндік үлесін қосуда. Биылғы жарты жылдық ішінде мемлекеттік бюджетке 1 402,0 миллион теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің жиналуы, болжамның орындалуы 110,9 пайызды құрауы мұның нақты айғағындай. Әсіресе өнеркәсiп өнiмдерiнiң физикалық көлем индексi өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,0 пайызға артқанын атап өту жөн. Жалпы өнеркәсіп өнімдерінің 97,7 пайызы тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында «ЕуроХим-Тыңайтқыш», «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-лары мен «Қаратау» тау-кен өңдеу кәсіпорны күшімен өндірілді. «ЕуроХим-Тыңайтқыштың» осы уақыт ішінде өндірген фосфор ұны 293,7 мың тонна көлемінде болды. Бүгінде «ЕуроХим» компаниясы жүзеге асырып жатқан жобаның екінші кезеңі – Жаңатас қаласындағы фосфаттарды қайта өңдейтін химиялық кешеннің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Жобаның құны – 304,0 миллиард теңгені (950,0 миллион АҚШ доллары) құрайды. Сонымен қатар ауданның өңдеу өнеркәсібінде «Жаңатас Монтаж Сервис» ЖШС – шағал тас, «Минерал» ЖШС – мәрмәр тас, «Жарас» ЖШС – жанар-жағармай өнімдерін өндіруде және «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жылумен және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі бойынша өз өндірістерін қалыптастыруда. Жалпы өнеркәсіп саласы бойынша биыл өнім шығару көлемі 21,0 миллиард теңгені құрайды деп жоспарлап отырмыз. Ауданда жыл басынан бері жүргізілген құрылыс жұмыстарының жалпы сомасы 4697,5 миллион теңгені құрап, 101,9 пайыз көлемінде орындалды. Әсіресе инвестиция тарту мәселесінің елді жұмыспен қамту және салық түсімін ұлғайтумен қатар басқа да салаларды одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізетіні белгілі. Осыған байланысты кәсіпкерлік бөлімі мен қала, ауылдық округ әкімдері күшімен әртүрлі инвестициялық жобалар іздестіріліп, оларды жүзеге асыруда жан-жақты жұмыстар жүргізілу үстінде. Оның нәтижесі де жоқ емес. Айта кету керек, негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі қаңтар-маусым айлары аралығында 11 861,8 миллион теңгені құрап, 100,1 пайыз көлемінде орындалып отыр. Басымдыққа ие ауыл шаруашылығы саласында да атқарылған жұмыстар ауқымды бола түсуде. Есепті кезеңде салада 2487,5 миллион теңгенiң өнімі өндірілді. Биыл аудан бойынша барлығы 19 696 гектар егістік жер игерілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1306 гектарға артық. Жалпы саланы дамытуда Үкімет тарапынан үлкен қолдау бар. Соның арқасында мал басында және өнімінде тұрақты өсім сақталып отыр. Бүгінгі күнге дейін қолда бар мал, оның ішінде мүйізді ірі қара – 20 300, қой-ешкі – 281 450, жылқы – 6 350, түйе 2 183 басқа дейін көбейтілді. Еселі еңбек етудің арқасында 3 114,2 тонна ет, 2 753,9 тонна сүт, 1 893,4 мың дана жұмыртқа өндірілуіне қол жеткізілді. Ет бағытындағы мал тұқымын асылдандыру жұмыстары да сәтімен жүзеге асырылу үстінде. Ағымдағы жылы осы іспен айналысатын шаруа қожалықтарына 135,0 миллион теңге субсидия төлеу жоспарлануда. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 7,4 миллион теңгеге немесе 5,8 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Кәсіпкерлік – азаматтық қоғамның тірегі, тұрақтылықтың кепілі екені анық. Оның қоғамымыздағы үлесі артқан сайын өңірдің дамуы да орнықты бола түспек. Осыған байланысты тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту елімізде, оның ішінде өңірімізде де күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Қазіргі таңда ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 2282 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3 бірлікке өскені байқалуда. Аталған нысандар бүгінде 5603 адамды уақытша және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тетігі шағын несиелеу ісінің желісі де жылдан-жылға ұлғайтылу үстінде. «Саудакент-НС» несие ұйымы арқылы осы жылдың 6 айында 10 шаруашылыққа және 7 жеке кәсіпкерге 63,4 миллион теңге және «КазМикроФинанс» шағын несие ұйымы арқылы аудан көлеміндегі кәсіпкерлерге әртүрлі бағыттарда 865 азаматқа 467,5 миллион теңгенің несиесі берілді. Шағын несиелер негізінен қызмет көрсету, жиһаз жасау, көлік жөндеу, мал шаруашылығын дамыту, қоғамдық тамақтандыру және басқа да салаларда пайдаланылуда. Кез келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен жаңаша өрістетуге ұмтылса ғана көп кісі жетпеген табысқа жете алады, сондықтан да әрбір несие алушы несие аларда өз мақсатын жете білуі керек. Ал кәсіп дегеніміз – табысты өмірдің негізі. Мұның мән-жайына аудан тұрғындары біркісідей қанық болып қалды десем, артықтық етпес. Алайда қазір аудан халқының барлығының да тұрмыстық жағдайы жоғары деңгейде деп кесіп айтуға да болмайды. Инфляцияның өсуі тұрғындардың кейбір санаттарына ауыр тиіп те жатыр. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арзанырақ бағада өткерілуін қалыпты деңгейде ұстау үшін Жаңатас қаласындағы орталық базар аумағы мен орталық алаңда әр аптаның сенбі күндерінде жәрмеңкелер өткізілуі дәстүрге айналып отыр. Бүгінгі күнге дейін осындай жолмен 50,4 миллион теңгенің азық-түлік өнімдері тұрғындарға нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен бағамен өткерілді. Бұл іс одан әрі де жалғасын таба беретін болады. Сонымен қатар Саудакент ауылынан жалпы аумағы 600 шаршы метрді құрайтын жекеменшік сауда орнының құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысан да болашақта өзі орналасқан аумақта және көршілес ауылдарда бағаның тұрақтануына өз септігін тигізбек. Осы ретте айта кету керек, алты ай ішінде жұмыспен қамту бойынша уәкілетті органда жұмысқа орналасу жөнінде 1410 азаматтың өтініші тіркелген-ді. Бүгінде олардың 1150-і жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды. Атап айтқанда, 319-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға, 244-і қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға жолданды, 108-і «Жастар тәжірибесі», 81-і әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бағыттары бойынша уақытша жұмыстарға орналастырылды. Тұрақты жұмыспен 41 адам қамтылған. Есепті кезеңде 5891 адамға 148,7 миллион теңгенің әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Біздің болашағымыз – білімді ұрпақ екені даусыз. Ауданда бұл бағытта да бірқатар тірліктер тындырылды. Мысалы, бүгінгі күнге дейін 3-6 жас аралығындағы 3663 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылып, жалпы қамтылу үлесі 95,1 пайызды құрағанын ерекше атап өткен жөн. Осы ретте ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде балабақшалар ғимараттарын салу ісіне серпін беру көзделуде. Бұл балалардың игілігі, болашақтың қамы үшін қажет-ақ іс. Аудан бойынша 2017-2018 оқу жылында жалпы мектепті бітіруші 247 түлек жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ сынағын тапсыруға қатысып, нәтижесінде жалпы орта көрсеткіш 78,9 балды құрады. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыз өздеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықты жақсы ұғынады, мейлінше мол қайтарыммен еңбектене де береді деп сенеміз. Сондай-ақ денсаулық сақтау, ауыл мәдениетін көтеру, қылмысқа қарсы күресті күшейту мәселелері де ұдайы назарымыздан тыс қалған емес. Сайып келгенде айтарымыз, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары халықтың игілігін арттыруға бағытталумен келеді. Биылғы Жолдау да айрықша елеулі маңызға ие. Сондықтан да онда алға қойылған міндеттерді бірлесе жүзеге асыра беретін боламыз.

Сарысу ауданы.