Білім

Сахнада төгілді жасын өлең

Сахнада төгілді жасын өлең

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында Әлжан ана ауылында «Құт дарыған Қордайым!» атты ауданаралық ақындар айтысы өтті. Бұл жыр додасына сегіз айтыскер қатысып, еліміздің рухани кемелденуге беттеген ұмтылысын және Қордай ауданының жетістіктерін жырға қоса білді. Алғашқы жұп сарысулық Алик Бекмұсаев пен байзақтық Дидар Басықараевтың айтысында «Күйшілер де айтыскер болған заман» деген ағасының уәжіне Дидар: «Әйгілі Жамбыл ақын күй шығарған, күйші Дина апамыз жыр шығарған. Бұл Дидар жақсылардың жолыменен, әрі айтыскер, әрі күйші болған», – деп әдемі жауап бергеніне көрермен сүйсініп қол соқты. Есімі елімізге кеңінен таныс айтыскерлер байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен құландық Асхат Қылышбектің айтысы жеңге мен қайнының жарасымды қалжыңына толы болды. Алтынкүл мен Асхат та Әлжан ана ауылының таза көшелерін, сәулетті ғимараттарын көркем жырмен кестеледі. Қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен Жамбыл ауданының жүйрігі Айтмұханбет Исақов та замандастардың жарасымды айтысын жасады. А.Исақовтың «Әуелден-ақ қастерлі киелі еді, бұл ауылға Елбасы жиен еді. Ол кісі уақыт тауып келер болса, бәріңнің беттеріңнен сүйер еді» деген шумақтары сәтті шықты. Байзақтық Әсет Дүйсебаев пен осы жолдардың авторы да көрерменге қайын аға мен күйеудің үйлесімді сөз сайысын сыйлады. Республикалық «Алтын домбыра» айтысының жүлдегері Ә.Дүйсебаев озық ойларын жұрттың жүрегіне жеткізді. Қордайлық Қуаныш Ахметов пен байзақтық Дидар Басықараев арасындағы күй тартысты да көрермен үлкен ризашылықпен қабылдады. Әншілер Гүлмира Орынбаева, Жаңыл Оңғарова әсем әннен шашу шашты. Әдемі рухани кештің соңында аталар бата беріп, ақ жаулықты әжелер алғыстарын айтты. Бұл шараға атсалысқан барлық өнерпаздарға ақшалай сыйлық беріліп, құрмет көрсетілді. Алайда айтыскерлер үшін ең үлкен құрмет көрерменнің ыстық ықыласы екені анық. Ауыл тұрғындары айтысты зор ықыласпен тыңдап, жыр додасынан кейін де ризашылықтарын байқатып жатты.  

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы.