Білім

Жастар шаппа-шап айтысқа қатысты

Жастар шаппа-шап айтысқа қатысты

Жаңатас қаласында аудан әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Сарысуым – ардағым!» атты облыстық жастар айтысы өтті. Айтыс басталар сәтте аудан әкімінің орынбасары Бергентай Омарбек сөз сөйлеп, жас талапкерлерге сәттілік тіледі. Жыр сайысын айтыскер ақын Алик Бекмұсаев жүргізсе, қазылар алқасын белгілі айтыскер Алтынкүл Қасымбекова басқарды. Бұл жыр додасындағы бір ерекшелік, кімнің кіммен айтысатыны сахнада анықталды. Яғни шаппа-шап айтыс түрі таңдалды. Жастардың арасында шаппа-шап сөз қағысу Сарысудан басталып тұр десек, қателесе қоймаспыз. Айтыс жамбылдық Шапағат Сәбитқызы мен байзақтық Ернұр Бейсеновтің сөз сайысымен басталды. Шапағаттың «Сен мені жас екен деп менсінбейсің, қиқым да көзге түсер елемесең» дегеніне Ернұр: «...Қиқым болсам болайын, айналайын, әйтеуір көзіңізге түссем болды», – деп тапқыр жауап бере білді. Жуалылық Қанат Мырзахан Жаңатаста да көсіле шапты. «Көсіліп бұл айтыста бір көрейін, мысық жоқта тышқанға той дегендей», – десе, айтыс аламанына жаңа шыққан қарсыласы таластық Нұржан Манатбек: «Мен шыққан қасиетті Қаратаудың мысығы да мысқылды көтермейді», – деп, болашағынан үлкен үміт күтетінін аңғартты. «Тайбурылдар қашанғы бәйге алады, тайдың да топ жаратын кезі келді», – деп жырлаған Бақнұрға қарсыласы байзақтық Дидар Басықараев: «Сен қасқалдақ болғанда, мен бүркітпін, Мұхамеджан бастаған ізбен шыққан, бәйгені озып алар шамаң бар ма, арманың жоқ айтысқа бізбен шыққан», – деп өз ойын жеткізді. «Аруды көріп Мейіржан, босап отыр буының», – деген тараздық Аружан Қуатқа меркілік Мейіржан Жекебаев: «Ару қыз сұлу едің, бағалы едің, сүрінбей сөз де тапқан саналы едің. Түріңнің сұлуынан пайда бар ма, жырыңның сұлулығын қалар едім», – деп тереңдікке шақырды. Сонымен қазылар алқасының шешімімен жартылай финалда Қанат Мырзахан мен Мейіржан Жекебаев, Дидар Басықараев пен Шапағат Сәбитқызы сөз додасын қыздырды. Бұл төрттіктен Қ.Мырзахан мен Д.Басықараев үздік шығып, финалда айтысты. Әрине республикалық аламандарда топқа түсіп жүрген Қанаттың басымдығы көзге көрініп тұрды. М.Жекебаев үшінші айналымда Ш.Сәбитқызынан ойының озықтығын байқатты. Қазылар алқасының шешімімен жуалылық Қанат Мырзахан иеленсе, байзақтық Дидар Басықараев жүлделі бірінші орынды олжалады. Меркілік Мейіржан Жекебаев жүлделі екінші орыннан көрінсе, Жамбыл ауданынан келген Шапағат Сәбитқызы үшінші орынға лайық деп танылды. Айтысты аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мұхамеджан Бегеев қорытындылап, жеңімпаз бен жүлдегер­лерді диплом, бағалы сый­лық­тар­мен марапаттады. Сарысу ауданы.