Елге сәлем!
Елге сәлем!
Зейнеп Ахметова жуалылықтармен жүздесіп, ұрпақ тәрбиесі туралы ойларымен бөлісті
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="86215,86216,86217,86218"]
Батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованы исі қазақ жақсы біледі. Оның Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Шуақты күндер» атты кітабы оқырманға жақсы таныс. Одан кейін де оның қаламынан «Күре тамыр», «Бабалар аманаты» атты тағы басқа да тамаша туындылар дүниеге келген болатын. Енді міне, Зейнеп әжей келін болып шаңырақ аттаған жұртына келіп, елмен жүздесіп, сағынышын басқандай болды. Зейнеп Ахметова алдымен Бауыржан Момышұлының ескерткішіне қайырылып, батыр рухына тағзым етті. Аудан атқамінерлерімен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы шараға №29 орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары, ауданның Құрметті азаматы Аманжол Дүрәліұлы бастаған бір топ қариялар мен Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Мақсатбек Әбдібеков қатысты. Осыдан кейін Зейнеп әже Баукеңнің атындағы музейде болды. Музей ауласында Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев пен аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев бастаған ауыл азаматтары қарсы алды. Зейнеп Ахметова музей ауласындағы Баукеңнің бюстіне де гүл шоғын қойып, музейді аралады. Музейді аралау барысында «Музейдегі әрбір затты дұрыс қоя білсе, жәдігерлер де сөйлейді» деген Зейнеп Ахметованың ойын Қайрат ауылының тұрғыны Болат Елеуов іліп әкетті. Ол Мұқағали Мақатаевтың музейінде болғанын айтып, ол жерден алған әсерімен бөлісіп, бізде де Баукеңе деген құрмет зор екенін сөз етті. Соның дәлеліндей батыр Бауыржанға арнаған арнауларын Мыңбұлақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мунира Қаржаубаева мен «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы мәнерлеп оқып берді. Зейнеп Ахметова музейге өзімен бірге әкелген кітаптарын тарту етті. Осыдан кейін негізгі шара аудан орталығындағы «Достық» Мәдениет үйінде жалғасын тапты. «Елге сәлем» атты Зейнеп Ахметоваға арналған кездесу кешін аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов кіріспе сөзбен ашты. – Зейнеп әже, батыр Бауыржанның кіндік қаны тамған жерге қош келіпсіз. Сізді Жуалы жұрты асыға күтті. Сіздің шығармашылығыңызға табыс тілеймін. Сіздің жүрген жеріңіз алтын иненің ізіндей ізгілікті із қалдырады. Сізді халық құрметтеп, шығармаларыңызды сүйсіне оқиды. Біз ақылдаса келе, сіздің «Бабалар аманаты» атты кітабыңызды қосымша шығарып беруге уәде береміз, – деп түйіндеді сөзін Бақтияр Бейсембайұлы. Сонымен Зейнеп Ахметовамен кездесу кешінің тізгіні «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметоваға ұсынылды. – Аллаға шүкір, елден шықтық. Құрметтеп жатқан елге рахмет. Ауданның атқамінер азаматтары Бақытжан өмірден өтті демей, аға орнын жоқтатпау мақсатында ара-арасында жеңешеміздің хал-жағдайын біліп тұрайық деп ұмытып жатқан жоқ. Бұған да шүкір. Кеше Таразда да құрмет көрсетті. Сол құрмет үстінде кеудеме өксік тірелді. Бұл құрмет маған емес, Бақытжанға арналған құрмет еді ғой. Амал қанша, көзінің тірісінде сол сахнаға бір шықпай кетті ғой. Өйткені ол тірісінде бір есікті қақпаған адам. Барлық міндетін маған тастап кеткендей. Енді үлкен үйдің анасы, әжесі болғандықтан, Бақытжанның да, атамның да сөзін жеткізу маған тиесілі болып отыр. Маңдайыма жазылғаны сол екен. Мені еліміздің барлық өлкесі шақырды. Бұл менің ғажап тұлға болғандығымнан емес, мұның барлығы атамның қасиетінің арқасы. Ата – исі қазаққа ортақ тұлға. Атам: «Қайда барсаңдар да алдарыңнан шығамын, өлсем де тірілердің ішінде жүремін», – дейтін. Енді сол айтқаны келді. Елдің бүгінгі маған көрсетіп жатқаны атама деген құрметі. Мен бүгін халыққа атамның аманатын жеткізуші ғанамын, – деп түйіндеді сөзін Зейнеп Ахметова. Кездесу барысында ұлттық құндылықтар, ұлттық рух, қазақы тәлім-тәрбие мен қыз тәрбиесі, ұл тәрбиесі туралы кеңінен сөз болды. Дін, діл мәселесі де қаламгердің назарынан тыс қалмады. Сонымен қатар достық, отбасы, ене тәрбиесі, бәрін-бәрін қозғай отырып, жастарға ой саларлық ақыл-кеңесімен де бөлісті. Залдан да тұшымды сұрақтар қойылып, барлығына Зейнеп әже өмірден түйген тәжірибесімен бөлісе отырып, жауап берді. Жалпы, дін, отбасы тәрбиесі тұрғысында да өзінің ұстанымын айтып, жиналған жұрттың қошеметіне бөленді. Соңынан Бауыржан Момышұлы атындағы шекара заставасында болды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ, журналист.
Жуалы ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.