«Сәтті қадам» жасайық
«Сәтті қадам» жасайық
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен өткен жылы елімізде «Сәтті қадам» жобасы қолға алынған болатын. Мақсат – жоғары оқу орнын бітірген жастарға өз қызмет сатысын республикамыздың белгілі ұйымдарынан тағылымдамадан өту арқылы бастауына мүмкіндік беріп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көруіне қолғабыс ету. «Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс» демекші, жаңа жобаның аяқалысы жақсы.
Өткен жылы еліміз бойынша «Сәтті қадам» жобасына қатысуға 394 түлек ниет білдіріп, олардың 149-ы сұхбаттасу кезеңіне өткен. Үш ай жалғасқан тәжірибе нәтижелері бойынша 15 адам өздері тәжірибеден өткен мекемелеріне қызметке орналасқан.
Осындай оңды өнегесі бар жоба биыл да жалғасын тауып отыр. Ағымдағы жылдың 23 шілдесінен «Сәтті қадам» жобасына қатысуға ниет білдірушілердің құжаттарын қабылдау басталып кетті. Бұл жұмыс 23 тамызға дейін жалғасады. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында баспасөз мәслихаты өткізіліп, онда жобаның мақсат-міндеттері мен қатысушыларға қойылатын талаптар туралы сөз болды. Баспасөз мәслихаты барысында облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Жанәділ Оспанов жастарға жасалып жатқан үлкен мүмкіндік екенін әңгімеледі. Өткен жылы облыс бойынша 25 түлек жобаға қатысуға ниет білдірсе, соның тоғызы тәжірибеден өтуге жіберілген. Олардың қатарында екі түлек өзінің қабілет-қарымымен көзге түсіп, тұрақты жұмысқа орналасыпты. Мысалы, Досхан Жолшыбайұлы облыстық салық департаментіне қызметке орналасса, Арайлым Абдуалиева облыстық «Жастар орталығында» аға кеңесші болып еңбек жолын бастап кеткен. Басқосуда олар жобаның тиімділігі туралы айтып берді. Баспасөз мәслихатында сонымен қатар, облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерболат Әмірбеков сөз сөйлеп, жастарды тәжірибеден өткізу үшін облыс әкімдігінің сегіз басқармасымен келісімшарт жасалғанын тілге тиек етті. Бұдан өзге, түсіндіру жұмыстарына баса назар аударылуда. Өйткені, жоғары оқу орнын бітірген түлектер бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек. Жаңа жобаның көздеген мақсаты да осы.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».