Бұзушылықтарға жол берілмейді
Бұзушылықтарға жол берілмейді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаменті тарапынан 2018 жылғы 8 маусымында келіп түскен «Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің арызы негізінде негізсіз аударылған қаражаттар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларының сақталуына сәйкестік аудиті жүргізілген-ді. Аудиторлық іс-шара нәтижелері бойынша төмендегідей бұзушылықтар анықталып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы №95-IV Бюджет кодексiнің 88-бабы 1-тармағы 5-тармақшасының және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» № 540 бұйрығының (Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік мекемеге жеке және (немесе) заңды тұлғалар олардың қайтарымдылығы не белгілі бір талаптар басталған кезде тиісті бюджетке немесе үшінші тұлғаларға (ақшаны уақытша орналастыру шоты) аудару шартымен беретін ақшаны есепке алуға байланысты) талаптары сақталмай, 1 және 3 пайыздық кепілдік жарналарын құймаған жеке кәсіпкерлердің есебіне жалпы сомасы 8339,2 мың теңге негізсіз аударылған. Сондай-ақ мердігерлік ұйым тарапынан уақытша ғимарат пен құрылыс материалдарына жергілікті бюджет есебінен алынған қаражат сомасының 15 пайызын құрайтын 1083,4 мың теңгесі мекемеге қайтарылған, алайда мекеме тарапынан осы уақытқа дейін аталған соманың жергілікті бюджетке түспеуі орын алып отыр. Осыған байланысты жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментіне хат жолданды.
Роза Салқымбаева, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті №2 мемлекеттік сектордың аудиті бөлімінің бас маманы.